ЭЫҰ мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 27-отырысы туралы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 27-ші отырысына қатысты.
Министрлік кездесуі барысында делегация басшылары ү.ж. қараша айында Ташкентте өтуі жоспарланған ЭЫҰ-ның 16-шы саммиті күн тәртібінің жобасын қарады, сондай-ақ Ұйымның жұмыс органдарының қызметі туралы ЭЫҰ Бас хатшысының есебін мақұлдады. Сонымен қатар қатысушылар ЭЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша пікір алмасып, өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді».
ҚР Сыртқы істер министрі М. Нұртілеу өз сөзінде қазіргі геосаяси және геоэкономикалық ахуал аясында ұйымның өсіп келе жатқан рөлін атап өтті. «Қазақстан ЭЫҰ өңірді дамыту мәселелерінде аса маңызды стратегиялық рөл атқара алады және атқаруы тиіс деп санайды. Біз Ұйымға мүше елдердің ортақ жобаларын ілгерілетуге бірлескен күш-жігерімізді жұмсау керекпіз», – деді Министр.
ҚР Сыртқы саяси ведомствосының басшысы отырысқа қатысушыларды Қазақстан аумағында инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыруға, ЭЫҰ мен АӨСШК арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, Орталық Азия мен Ауғанстандағы тұрақты даму жөніндегі БҰҰ-ның Алматы қаласында құрылатын өңірлік орталығының басты рөлін ескере отырып, Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты шешуге шақырды.
М. Нұртілеу өңірішілік сауда мен жүк ағындарының көлемін ұлғайту, оның ішінде өңір елдері арасындағы қолданыстағы көлік-логистикалық маршруттардың әлеуетін пайдалану жөнінде ұсыныс жасады. Ол инвестициялар, энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы, туризм, цифрландыру, өндірістік кооперация және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар Шуша декларациясын қабылданды.
ЭЫҰ СІМК отырысы аясында Қазақстан СІМ басшысы Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен, Пәкістан Сыртқы істер министрі Джалил Джиланимен және Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Мехди Сафаримен екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады, сондай-ақ көпжақты құрылымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды жандандыру ниетін растады.
Отырыс шеңберінде Қазақстан СІМ басшысы ЭЫҰ Бас хатшысы Хусрав Нозиримен де кездесу өткізіп, Қазақстанның осы Ұйыммен ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды. Тараптар ЭЫҰ шеңберінде одан әрі тиімді өзара іс-қимыл бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Анықтама: Экономикалық ынтымақтастық ұйымы 1985 жылы құрылды. ЭЫҰ-ның негізгі мақсаты мүше-мемлекеттердің экономикалық, техникалық және мәдени ынтымақтастығын ілгерілету.
Құрамына 10 ел кіреді – Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан. Біздің еліміз 1992 жылдан бастап ЭЫҰ мүшесі болып табылады.
[xfvalue_img]