Қазақстан-Литва бизнес-форумы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға қосымша серпін береді – ҚР ИИДМ
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен Литваның көлік және коммуникация министрі Марюс Скуодис Алматы қаласында өткен Қазақстан-Литва бизнес-форумына қатысты.
Халықаралық форматтағы іс-шарада сондай-ақ көлік, өнеркәсіп, энергетика сияқты экономиканың түрлі салаларына маманданған қазақстандық, литвалық бірқатар компаниялар болды.
Естеріңізге сала кетейік, Литва Қазақстанның Балтық өңіріндегі маңызды стратегиялық сауда-экономикалық серіктесі болып табылады. Қазақстан мен Литва арасындағы 2022 жылғы қаңтар-наурыздағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 есе жоғары. Айта кетерлігі, Қазақстан мен Литва арасында азаматтық авиация, теміржол және автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастық та белсенді жүзеге асырылуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы экспорт-импорт тасымалдары 310,7 мың тоннаны құрады. Биыл да аталған бағыттағы тасымалдар бойынша оң серпін байқалады.
ИИДМ басшысы атап өткендей, мұндай форумдарды өткізу тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және өзара тиімді серіктестік қатынас орнатуға мүмкіндік береді.
"Қазақстан-Литва бизнес-форумы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға қосымша серпін бермек. Министрліктің құзыреті аясында біз Қазақстан мен Литва арасындағы екіжақты қарым- қатынастарды дамыту және тереңдетуге барынша күш саламыз. Сондай-ақ Қазақстан өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі дамыту үшін өнеркәсіптің түрлі секторларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі", – деді министр.
Бизнес-форум аясында қазақстандық және литвалық кәсіпорындар арасында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында, Литва өнеркәсіпшілері конфедерациясы мен "Kazlogistics" қазақстандық тасымалдаушылар одағы арасында ынтымақтастық туралы Меморандум бар.
[xfvalue_img]