Өткен айда алматылықтар 2 млрд теңге жарна аударды
Мамыр айында оңтүстік астаналық жұмыс берушілер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2 миллиард теңгеге жуық жарна аударды. Оған қоса, жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 1800 алматылық бірыңғай жиынтық төлем төлеген. Одан сақтандыру қорына 3 млн теңгеден астам қаржы түсті, деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы.
Жалпы, жаңа жүйе іске қосылған 2017 жылдың шілдесінен 2019 жылы мамыр айының соңына дейін Алматы қаласынан түскен жарна мөлшері 36,8 млрд теңгеден асып жығылды. Бұл – республика бойынша жинақталған соманың бестен бірі. Оның 34,4 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы қызметкерлер атына жасаған аударымдары.
Хабарламаға сүйенсек, сақтандыру жүйесіне 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап қатыса бастаған жұмыс берушілер жарна төлеуді белсенді түрде жалғастырып келеді. Ал, 2017 жылдың екінші жарты жылдығында өзі үшін жарна төлеуге міндеттелген жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар 2018-2019 жылдары міндетті төлемнен босатылған болатын. Ал, қарамағында жұмысшылары бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалығы иелері жұмыс беруші ретінде жарна аударуды тоқтатқан жоқ.
Естеріңізге сала кетсек, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС пакетіне кіретін қызметтер ақысын төлеуге жұмсалмақ. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген.
МСҚ Алматы қалалық филиалы
[xfvalue_img]