Қазақ болып қалай аталдық
Ар-намыстың пəктігі - Жан дүниенің шаттығы
Нақты қазақ халқы болып түбегейлі қалыптасуымызға, ана тіліміздің жанданып көркейуіне ішінара бөгет болып жүрген себептер баршылық. Солардың бастыларының бірі және әлі де нақты шешімін таппай жүрген үлкен сұрақ: Біз кімбіз, қазақ болып қашан, қалай аталғанбыз? Осы шытырманды сұрақ талай ғалымдар, тарихшылар мен жеке тараптағы ізденушілердің алдындағы «күрмеуі» шешілмей келе жатқан тақырыбына айналғалы талай уақыт болды. Онымен қоса, осы тақырып жалпы халқымыздың көкейінде «бүлкілдеп», әлі де болса алаң-ғұлаң қылып жүрген мәселелердің бірі болып келеді. Өйткені ерте заманнан бері бітім-болмысымызға, ой-санамызға сіңісті болып кеткен «қазақ» сөзінің қайдан және қалай шығуы, шынайы табиғи тарихы, дәл мән-мағынасы мен оның халқымызды нық та нығыз ұлт болып қалыптастырудағы рөлі және тағысын-тағы әрқилы пікірлер мен көзқарастар тудырып жүргені аян. Солардың бастыларын талдап көріп, түйінді ойымызды зиялы ортаға салу азаматтық борышымыз деп пайымдаймыз. Сонымен кезекті ойтүрткі болған тақырыптан бастайық.
«Қазақия» газетінің өткен жылдарындағы бір санында Сайлау Байбосынның «Қазақ хандығы және қазақ этнонимі жайлы» мақаласында мынадай ойлар келтірілген: «1465-жылы Болат сұлтанның баласы Керей мен Барақ ханның ұлы Жәнібек Әбілқайыр ханнан бөлініп, Шу өзенінің бойында алғаш жаңа мемлекеттің туын тігіп, оған «Қазақ хандығы» деген атау беріпті. Қарап отырсақ, Керей мен Жәнібек жаңа хандық құрып қана қоймай, жаңа бір ұлттың да негізін салған екен. Сондықтан, бұл екі адамды тек қазақ хандығын құрушы ғана емес, Қазақ ұлтының негізін салушы деп те қабылдаған жөн секілді. ... Егер жаңа одаққа (хандыққа) саны көп немесе басымдыққа ие бір тайпаның атауы берілсе, ол ел ішінде міндетті түрде алауыздық туғызар еді. Ал алауыздық жүрген жерде, бірлік болмасы белгілі. Сондықтан тайпалардың бәріне ортақ Қазақ деген атау таңдалған секілді. Солай десек те, «Қазақ» деген сөз бабаларымызға соншама несімен құнды болған деп тағы ойлайсың. Бұл үшін амалсыздан «қазақ» сөзінің этимологиясына үңілуге тура келеді....Орыс тілінің тамаша білгірі Владимир Даль «казак» сөзінің шығуын талдай келе: «слово «казак» вероятно от среднеазиатского «скитаться», «бродить»(айқындаған - Н.Садуақастегі, әрі қарай – Н.С.),-депті. (В.Даль «Толковый словарь живого великого русского языка», Москва-1975). ...Сөйтіп, түйіндей айтсақ, көне түркі тіліндегі «қазақ болу», «қазақ шығып кету» деген тіркестің бүгінде Қазақстан деген дербес мемлекеттің, казактар деп аталатын сословиенің пайда болуына тікелей қатысы болғанын байқаймыз».
С. Байбосынның мақаласындағы болжамдарды талдау аясында айта кетер жәйт, осыған тектес пікірлер бұдан да бұрын жарық көріп, айтылып жүргені ескере кету керек. Мақаладағы болжамға сәйкес ұыныстар қазақ сөзінің астарын ашып, түсіндіру барысында кең етек алған. Байырғыдан бері зерттеушілер, ізденушілер «қазақ» терминінің жаһандық кеңістікке шығу тарихын түсіндіруге әлі де күш салып келеді. Солардың бастыларына көңіл аудара кетіп, өзіміздің пайымдауымызды ынталы ұлтжанды ортаға салар алдында, бірқатар зерттеушілердің ойларына назар аударайық.
«Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін» (Алматы,1998) кітабінда быдай делінген: «Қазақ» сөзінің өзі қыпшақтар мекендейтін аймақта пайда болған деп санауға барлық негіздер бар. Бір қатар түркологтардың пікірі бойынша, «қазақ» терминінің бастапқы таралған жері Шығыс Дешті Қыпшақпен байланысты болған. ...Айта кетелік, бұл жөнінде жанама мәліметтер бар. Қазаққа айналу институтының сипаттамасы мен жұмыс істеу уақытын сипаттау үшін X ғасырдағы араб географы Ибн әл-Факихтің шығармасында мейлінше қызықты мәліметтер бар, бұл шығармасында ол оғыз ханзадасы Балқиқ ибн Жабғудың мынадай мазмұндағы әңгімесін келтіреді: «Менің аталарымның бірі,- дейді Балқиқ, сол кезде патша болған әкесіне ашуланып, одан бөлініп кетіпті. Ол өзіне келгендерді, жасақтарды және талап-тонауды ұнататын басқа да адамдарды (айқындаған –Н.С.) серік етіп алыпты. Бәрінен де IX ғасырға жататын қазаққа айналудың осы, тегінде, классикалық суреттеуінде Ибн әл-Факих «қазақ» терминінің синонимі ретінде арабтың «су'луқ» сөзін алса керек. «Салақа» деген атпен әрекет жасайтындар бәдәуилерде тайпада өзіне орын таба алмаған, сондықтан топтар құрып, талап-тонау (айқындаған –Н.С.) арқылы бақытын іздеуге аттанған кедей және алғыр адамдарды білдірген. Терминдегі айырмашылықтарына қарамастан, екі түрлі көшпелі қоғамдардағы қазаққа айналу институтының мазмұны жағынан сәйкес келуі айқын аңғарылады. ...Өкінішке қарай, Ибн әл-Факих арабтың «су'луқ» терминінің оғыз синонимін келтірмейді. ...Монғолдардың жаулап алуы қыпшақ тайпаларының едәуір топтарын Дешті Қыпшақ шегінен бытыратып жіберді. Қыпшақтардың орын ауыстыруы қазақ терминінің орын алуына және оның әмбебап мәнге ие болуына себепші болды. «Қазақ» сөзі тұтас алғанда алуан түрлі еріктілерді (айқындаған – Н.С.) айту үшін қолданылды. Ол кезде этникалық және мемлекеттік кедергілерге қарамай қазаққа айналып, қазақ бола берді.»
Қытай Халық Республикасындағы қазақ ғалымы Нығмет Мыңжан өзінің «Қазақтың қысқаша тарихы» еңбегінде былай жазған: «Қазақ» деген терминнің мән-мағынасы жөнінде айтылып келе жатқан бұрынды-соңды болжамдар мен тұжырымдарды жүйелеп келгенде мынадай үш салаға саяды:
1.Қазақ халқы арасында таралған тарихи аңыздың жүлгесімен «қазақ» деген сөздің төркіні кәдімгі жыл құсы қаз-аққудың «қаз» деген ұғымынан шыққан, яки осыдан өзгерген немесе қазға теңеу арқылы пайда болған деп есептейді.
2.«Қазақ» деген сөздің көне түркі тіліндегі мағынасы яки қолданылу дағдысы «өз елінен бөлініп шығып(?-айқындаған-Н.С.), ерікін жүрушілер», «еркін адамдар», «көтеріліс жасап, өз еркімен кетушілер», «ер жүрек еріктілер» деген сөзді білдіреді. Демек, «қазақ» атауының арғы тегі «еріктілер» дегеннен шыққан дейді.
3.«Қазақ» атауының арғы тегі, ежелгі заманда қазақ даласын мекендеп, қазақ халқының құрамына енген тайпалар мен халықтардың аттарынан: сақ, каспи, қазар, аз дегендерден қалыптасқан яки осы негізде өзгере қалыптасқан дейді».
Зерттеуші «бұл пікірлердің бастыларына тоқтала кетуді орынды» деп қарастырып, әрқайсысын жеке-жеке талдай келе, С. Маловтың «Енисей жазулары» (16-20 беттер, 1952) еңбегіне сілтеме жасай отыра, мынадай қортындыға келеді: «Енисей өзенінің бір тарауы Ұйық Тұран бойындағы тасқа жазылған «қазғақ оғлұм» деген жазуы талай ғасыр талас болып келген «қазақ» сөзінің тасқа басылған таңбасы, айпарадай айғағы болмақ. Сібір халықтарының ескі тілінде «қазақ» деген сөз «мықты», «берік», жойқын», «алып» деген мағынада екен. Сонда «қазғақ оғлұм» дегеннің мағынасы «алып ұлым», «батыр балам» деген сөз болады. Бұл «қазақ» сөзінің көп айтылып келе жатқан «ержүрек еріктілер», «батыл адамдар» деген мағынасына сай келеді» (аталған кітап- 28,36 беттер).
Сонымен, С.Мыңжанның топтастырған үш пікірлерінің төңрегінде ой қозғайық. Бірінші тұжырым жәйлі айтар болсақ, қазақ деген сөздің «қаз-аққудан» шығуы қазақ тілі заңдылығына сай келмейді: онда ұлтымыздың атауы қазақ емес «аққаз» болуы ықтимал еді. Кім де болсын ойларын сыпайылау, көрекмдеу мақсатында қазды аққуға теңеп, орындарын алмастырғысы келген. Қазақ шынында аққуды киелі санап, оны оққа жығуды үлкен күнә санайды. Бірақ қазды атады да жүнін түтеп, тағам ретінде пайдаланады ғой. Сондықтан қазақтың аталуын қазбен байланыстыру ағаттық. Қазды атуға қиып, жем қылса - ырымға жаман емес пе?! Қазақ сөзінің «ақ қаздан» шығуы қисынсыз.
Екінші, ізденушілердің басым көпшілігі ұсынған болжам бойынша, «өз елінен бөлініп шығып... өз еркімен кетушілер»... сайып келгенде сыпайылатып, көркемдеген нұсқасы - «еріктілер» бөгде халық болып қалыптаса қазақ аталса, осы сөздің көне түркі, қазіргі қазақ немесе түркі тілдерінде осы мағынадағы дәлме-дәл көне сөз жазылу не айтылу формасы кезкіпейді, оған дәлелді айғақ жоқ. Сонда көпшілік неменеге сүйенген? Гәп орыстың «казак» пен біздің «қазақ» сөздерінің үндестігін арқау еткендердің «аяқ асты» оңай қортынды шығаруы болып отыр. Осы жансақтықты талдап көрейік. Сонымен, С. Байбосынның басты ойы орыстың белгілі лексикограф-этнографы И.Дальдің пайымдауына сай «казак» деген сөз «скитаться (қазақша-кезу), «бродить»(қазақша-қаңғу) мағына беретін сөзі мен «қазақ» деген сөз екеуінің ажрамас табиғаты бір деген қортындыға келген. Сонда бабаларымыз қазақ атану үшін өз туған атамекенінен бастары ауған жаққа тентіреп «талап-тонауды ұнататын» «қаңғыбас - кезбелер» болғаны ма?! Олай болса, бұл халқымызға берілген теңдесі жоқ «тамаша» сипаттама екен: өздеріне тағылған сол белгіні қуана-қуана «маңдайына жазу» еткен болып тұр ғой. Бірақ, бұл ойлар - жаңсақ, ғылыми талаптарға, ұлттық намысымызға, өрелі санамызға кереғар түсінік.
Осыған орай орыс ғылымының басқа да дереккөздеріне зер салайық. Оларға көңіл аударсаңыз, «казак» түсінігінің патшалық Ресейдің мемлекеттік саясатына және орыстың ұлттық мүддесіне сай сипатталу эволюциясы жабайы ұсқындағы түрінен уақыт оза жағымды, сыпайы кейпіне айналғандығын аңғарасыз. Сонымен, Орыс тілінің 4-томдық сөздігі «казак» сөзіне мынадай түсіндірме береді: «1. В русском государстве 15-17 вв.: вольный человек из бежавших на окраины государства(Дон,Яик,Запорожье) крепостных крестьян, холопов и гордской бедноты. 2. Представитель воинского сословия, которое складывалось на окраинах Русского государства в 15-17 вв. из этих вольных людей; а с 18 в. обязано было нести военную службу за льготное пользование землей»(Словарь русского языка,том 2, Москва, Издательство «Русский язык», 1982, стр.13). Бұл сөздік ғылыми ортада қабылданған әдептілік ұстанғанмен, «казак»(түп нұсқасы әрине қазақи «қашақ, қашқын»(Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 6 том, «Ғылым» баспасы, Алматы-1982, 179,182 беттер) сөзінің шынайы мәніне сай көбіне тұрақты жерілерінен «діни қайшылықтармен, ұрлық-қарлық, бұзақалық немесе қылмыс» жасап жазадан жалтарып қалушылар – «қашақ-қашқындар» екені бесенеден белгілі. «Қашақ» сөзі орыс-украиндердің «казак» сөзінің негізін құрағандығы анық. Ғасырлар бойы қолданыста болған сөздің дыбыстық сипаты өзгеру - заңды құбылыс. «Қашақтың» «казакка» айналуының бір себебі, орыстардың жаргонында «кошак» деп дұрдиген ірі мысықты айтады. Дәл сол дыбысты айтылған сөз адамды кемсітіп, келекелегендік болып саналған. Сондықтан «қашақ» сөзі «казак» сөзіне айналған. Қолда сирек кездесетін Орыс тілінің этимологиялық сөздігінде былай жазылған: «казак, укр. козак, др.-русск. козакъ «работник, батрак», впервые в грам. 1395 г.;»(М.Фасмер.Этимологический словарь русского языка, в 4-х томах, Москва, Астрель, 2004, 2 том, стр.158). Төрт томдық Пушкин тілінің сөздігінде «казачок» сөзі мынадай мағына беретіндігі жазылған:«Мальчик-слуга в дворянском доме, одетый в казакин или черкеску»(Словарь языка Пушкина, том второй, Государственное издательство иностранных и национальных словарей, Москва, 1957, 274 бет). Бұл сөз де абройды көтеріп тұрғаны шамалы: мағынасы бала-малай. Қазіргі ең кең тараған С.И.Ожеговтың сөздігіне үңілсек: «казак, 1. В старину на Украине и в России: член военно-земледельческой общины вольных поселенцев на окраине государства, активно участвовавших в защите и расширении государственных границ (айқындаған –Н.С.). 2. Крестьянин, потомок этих поселенцев(на Дону, на Кубани,на Тереке и в некоторых других местностях), а также боец воинской части из этих крестьян. (С.И.Ожегов, Словарь русского языка, Москва,1975, стр.240). Осы түсініктемеде «в некоторых других местностях» деген сілтемеге қазақтың да атақоныс жерлері кіретіндігін, казактардың патшалық Ресейдің бодандандыру жымысқы саясатын қатыгез әрекеттермен жүргізгенін «казак» пен «қазақты» «туыстастырып» қойған С.Байбосын есіне алды ма екен? Ресей казактары өркениетті «Батыс» түсінігі бойынша - қарақшылар: прогрессивті демократия қозғалысын басуда, «еврейлерді қыспақтап, ойран салуды(орысша-погромдарын)» ұйымдастыруда аса қатыгездік танытқан. Сондықтан да бұл екі сөздің ауылын бірге қондыру жөнсіз, өйткені одан - «қазақ-қарақшы», ал «қазақ халқы - елі мен жері жоқ тұрақсыз кезбе, қаңғыбас» деген түсініктер туып тұр. Бұған қоса, қазаққа бедел бермейтін «біз көшпенділер дүниесінің мұрагеріміз, ұрпағымыз» деген үрдіс те халқымыздың санасына терең бойлаған. Атап айтып кету парыз, қазақ ертеде таза көшпінділер болмаған, олар жартылай көшпенділер ғана болған. Жазда- жайлауда болса, қыста-қыстақты паналаған. Осыларға тегеурінді тойтарыс беретін айғақ болатындай ғылыми негіздер бар. Сонымен, екінші болжам топтамасындағы ойлардың шеңберінде еріксіз мынадай қортынды шығады: «қазақ» сөзі түсінігі - туған елі мен жерінен безіп, басы ауған жаққа қашып-пысып, «талап-тонауды» басты кәсіп еткен мәнгүрттер, әйтеуір сыпайылау сипаттағанда «еріктілер» атауына(немесе аталуына) қол жеткен халық болып шыға келеді. Осы жағдайт ұлттық болмысымызға аброй беріп тұр ма? Әрине, жоқ: досқа күлкі, дұшпанға таба. Сонымен зертеушілердің басым көпшілігі қазақ сөзін орыстың казак(қашақ) сөзімен тоқайластырып қойғаны тарихи шындыққа жанаспайды, ұлттық намысымызға тиіп тұр. Бұндай жансақ ойлар қазақ сөзінің мән-мағынасына, қазақтың қазіргі болмысына, ұрпақ келешегіне киямет.
Үшінші топтама төңрегіндегі ойлар... Қазақтың аса көрнекті ғалымы, акдемик Әлкей Марғұлан: «Сақтар, ғұндер, үйсіндер, қаңлылар, қазақ халықының ерте дәуірде шығу тарихымен тығыз байланысы бар, ...белгілі халықтар. ...Қазақстанның әр түкпірінде сақ, ғұн, үйсін, қаңлы дәуірінің қалған мәдениет белгілері орасан көп, оның барлығы жиып айтқанда мәдениет дүниесінің бір жойқын белгісі»(Ғылыми зертеу мақалалар, Алматы, Жазушы,1985, 22 бет) - деп айырықша атап өткен. Атағына беделі сай ғалымның сақ халқын әр тұжырымды ойы мен ауызға алған сөзінің басында айшықтап отыруы, сол халықтың қазақ ұлтының құрылу барысындағы басты діңгегі, қалыптасуының басты ұйтқысы болған екендігінің айқын да бұлтарпас дәлелді көрсеткіші. Қасиетті кең даламыздың «әр түкпірінде» сақ халықының қалдырған баға жетпес жәдігерлерінің аса молдығын да аса жауапкершілікпен атап өткен. Соның баға жетпес көрнекті айғақтарының бірі, аса мақтанышпен алға тартар айрықша шеберлікпен жасалған көне жәдігеріміз - қазақ халқының символна айналған, Есік қорғанында табылған «Сақ ханзадасы - Алтын адам». Алматыдағы(ол кезде Елеміздің астанасы) Республика алаңына аспан тіреп тұрған сақ ханзадасының тас – мүсін көшірмесі бекер орнатылған жоқ. Сондықтан, сақтар қазақ халқы құрамының алтын діңгегі болып саналуы дау тудырмаса керек. Олар халықымыздың қалыптасу көне тарихи күре тамыры іспеттес бабаларымыздың «қаны мен тері» көлдей сіңген туған жеріміздің қасиетті топырағына терең бойлап кең жайылған. Сондықтан сақ сөзі ғасырлар бойы сақталуы заңды құбылыс. Осыған орай, қазақ халқының қалыптасуының бастау алған (түпкілікті) қайнар бұлағы ретінде, кейінгі ұрпақтармен жалғас табуын көне сақ дәуірінен, ал қазақты, «қазақ» аталуын ықылым заманнан ер сақтардан бастау әр азаматтың қасиетті борышы деп есептеу тарихи ұтымды қажеттілік. Осы тұжырымды дәлелді сабақтау асыл парызымыз санап, талдауды жалғастырамыз..
Белгілі тарихшы-ғалымдар С.Г.Кляшторный мен Т.И.Султанов өздерінің көлемді «Казахстан.Летопись трех тысячалетий» деп аталатын еңбектерінде былай деп жазған: «...в русскоязычной литературе долгое время (начиная с XYIII в. и до 30-х годов нашего столетия) для обазначения коренного населения Казахстана употреблялись слова кайсаки (айқындаған –Н.С.), киргизы, киргиз-кайсаки, казак-киргизы, казак-буруты, киргиз-казаки»(аталған енбек, 257 бет). Байқасаңыз кайсак(қайсақ) сөзі де бұл қатардың басында тұр. Содан «киргизді» қырғыздар атадан келе жатқан атауымыз деп еншілеп алды. Жөн дейік. Ал «кайсак»(қайсақ) сөзі қайда ұшып кетті? Қазіргі дау-дамайды тудырмай, неге біз қайсақ болып қала бермегенбіз? Тіпті тілге жұмсақ және өзіндік ерекшелелігін атойлап тұрған «қайсақ» атауынан қазақ не себепті айырылып қалды? Ол туралы көбісі жапқан аузын ашпайды. Ал «қайсақ» атауының өзі ғасырлар бойы қатыгез заман кезеңдері бірте-бірте қатуланып өзгере келе «қазақ» болмағанына кім кепіл? Сол заманнан қалған көне жазба деректер жоқ қой. Сонымен, уақыт өте қайсақ сөзінің өзі бірте бірте қазіргі қазақ сөзіне айналғандығы әбден мүмкін. Бұл бір тұжырым.
Шыңғысхан шапқыншылығына дейін, байтақ Дешті Қыпшақ деп аталатын даламызды жайлап, атын әлемге паш еткен кыпшақтар (Аль-Фараби, Бейбарыс және тағы басқалары) да ойдан кетпеуі тиіс. Қазақ сөзінің пайда болуына қыпшақ та бөтен емес: қыпшақ-қыпсақ-қассақ-қазақ. Бұл екінші тұжырым.
Киелі кең даламызға сырттан бейбіт көпестер, жиһангездер немесе жаулап алуға ойлары бар шапқыншылар: «Кімсіңдер?» деп сауал қойғандарға, ата-бабаларымыз «Хас сақпыз» деп анық та айбынды түрде жауап берген. Мағынасы: «Біз – қылшылдаған өткір алмастай, жаудан әсте тайсалмастай, айқаста ешпір бой тасаламастай, берген серттен таймастай болатын қасиетті атамекеніміздің қүрыштай қырандары - хас сақпыз». Өткен ерте замандарда сырттан килігіп кіретін қиянатты жаугершілік, зардапты шапқыншылық жаппай орын алып келген. Туған Елді, қасиетті атамекенді, алтын шаңырақты қорғау ата-бабаларымыз үшін басты мақсат болған. Ертедегі «х(қ)ас сақ» сөзі уақыт өте лингвистиклық дыбыстық өзгеріске ұшырап, «қазақ» болып өзгерген. Мысалы, мына қазақи есімдерді алайық - «Қазболат» (бастапқыда «хас болат» - нағыз болат, шыныққан құрыш) «Қазбек» (бастыпқыда «хас бек» – қайтпас-қайсар жауынгер). Қазақта «Сөз жатпайды, сан-саққа жетеді»-деген көне нақыл бар. Қазіргі қазақ тілінде «сақ» сөзіне қатысты мұндай оралымды сөйлемдер көп кездеседі. Қазаққа көршілес халықтар, мысалы, қытайлықтар, өзбектер, қырғыздар қазақтарды «хасак; хоссақ; хассак» деп атайды. Мен хассак сөзін бастауыш сыныпта оқып жүргенде,1957-58 жылдары бірінші рет естіген едім. 1939 жылғы «фин соғысынан» бастап, Ұлы Отан соғысының жеңісті күніне дейін 7 жыл от-су кешкен әкем Садуақасов Кенжебай қонақтарға айтқан әнгімелерінен құлағым шалып қалғаны, серіктес - майдангер қырғыз оған : «Әй, хассак-ай, елге бас аяғымыз аман қайтсақ болар еді, шіркін» - деп, мұңын шағады екен. Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде: «...қайсақтардың (қазақтар деп түсіну керек-Н.С.) Бухараға үдере көшіп, қашып кетуіне себеп болған Голдан-Цереннің сұмдық қырғыны 1723 жылы болған. Қайсақтар өз хандығынының астанасы Түркістаннан айырылды»(Шоқан Уалиханов. Таңдамалы. Алматы, Жазушы, 1980, 158,159 беттер). Ғалымның бұл мақаласында «қайсақ» сөзі бірнеше рет қайталанып отырады. Міні бұлтартпас тарихи жазба куәлігі! Сонымен айнымас ғалым сөзі, біз-қайсақтар екенбіз ғой. Осы жинақтан тағы бір үзінді: «Қытайлықтар...орыстарды-улус, монғолдарды-тойцзы, қырғыз-қайсақтарды – хасак (айқындаған-Н.С.), Алатау қырғыздарын-бурут деп атап, оларды жабайы варварлар деп санауы, тіпті, ешқандай мән бермейді»(аталған шығарма, 251 бет). "Киргиз-кайсаки - народ, которому это имя несомненно дано иностранцами, так как сами К.-кайсаки ни теперь, ни прежде так себя не называли и не называют; отдельные лица из их числа иногда обозначают свою национальность общим именем "хасак" (айқындған-Н.С.), но чаще определяют ее поименованием того рода, к которому каждое из них считает себя принадлежащим." ("Энциклопедический словарь Брокгауза и Ефрона". С-Петербург 1895. 29 том, статьи "Киргиз-Кайсаки, "Киргизы".) Беделді де белгілі осы сөздік «қазақ» халықы өздерін ертеден «хасак» атанғанын қағаз жүзінде дәлелдеп тұрғанына кумән келтіруге болмайды.
Не дегенде, тарихи жауапкершілік пен ұлтжандылық танытып «хасак», «қайсақ» сөздерінен қол жазып қалмайық. Олар біздің халықтың көне дәуірден екенін, мыңдаған жылдар бойы өзінің Сарыарқа деп аталатын Ертіс пен Еділ өзендерінің арасындағы кеңбайтақ даласында мекен еткенін деректі де дәлелді айғақтап тұр. Оған қоса халқымыздың абыройын, қадір-қасиетін түсіретін «казак-қашақ»(қаңғыбас,тұрақсыз,кезбе-безбе, қарақшы және т.т.) сөзтеңеулерінен арыламыз. Сонымен қоса бұл ұғым мен ұстаным қазіргі халықаралық саяси жағдайда өте маңызды екендігін әркім түсінуге тиіс: қасиетті жерімізге сұқтана қарап, бөліп алуға үмітті талай арампиғылдылар бой көтеріп жүргені белгілі. Олардың есімі жұртқа белгілі. Қашанда әр тұстан негізі таяз «олқылы-толқылы» пікірлер ұсынылып жатса, халқымыздың мүддесіне кереғар, абройына нұқсан келтірмейтін негізді пікірді басым пікір ретінде ұстану абзал. Кезінде Ұлы Абай: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ...Жақсы мен жаманды айырмадың» деген күдік айтқан. Сол күдікке әлі де негіз барау деген өкінішті ой келеді... Мақсатымыз – ұрпақты ұлттық намысқа тарту, дұшпанға келеке – күлкі болмау, ұлттық мүддені басты құндылық санау. Зерделі ортаға салып отырған ой - пікірлерімнің негізі жайлы тағыда данышпан Абай атамыздың шумағымен аяқтағанды жөн көріп отырмын: «Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар». Сонда да, ақиқат пен намысқа жүгінейік, ағайын!
Нақыпбек Садуақасов, заңгер-құқықтанушы, саясаттанушы, публицист
[xfvalue_img]
