Ана тілімізді қадірлеу - қасиетті парыз!
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев: «Ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеумен басталады» деген өте терең де маңызды сөздеріне жіті мән беру үлкен де қасиетті парызымыз. Тәуелсіз еліміздің саналы азаматтары үшін өз ана тілін білу, қадірлеу және Конституциялық талаптарға сай көтеру - үлкен аброй. Бірақ күнделікті көңілімізді суытар мынадай келеңсіз жайттармен кезігіп жүрміз. Базарда, дүкенде, ауруханада, тіпті мемлекеттік қызметтегі отырған өз халықымыздың түлектеріне сыпайы түрде мемлекеттік тілде сәлемдесіп, сұрақ қойсаңыз, олар міндетті түрде реніш кейпінде орысша жауап береді, ал керсінше, осыны біле тұра кейде орысша сұрасаңыз, қазақша жауап береді. Бірде танысымыздың баласы досының үйіне телефон шалып трубканы алған әжесіне қазақша сәлемдесіп, сөйлессе, ол кісі орысша жауап беріпті. Осындай жауапқа ол да таңырқапты. Күнделкті өміріміздегі бұндай жәйттардың себебі неде? Этикет немесе әдептіліктің талабы бойынша қай тілде сауал-сұрау болса міндетті түрде сол тілде жауап берілуі кажет. Мемлекеттік қызметтегі азаматтарға бұл тіпті заңда қаралған талап. Қызметкер мемлекеттік тілді шынымен білмесе, онда сізден сыпайы түрде кешірім сұрау оның басты парызы. Бірақ ондай сыпайылықты бекер күтесіз. Аулаға шығып, көше бойы жүрсеңіз анасы баласымен, немесе әжесі немересімен тек орыс тілінде сөйлесіп келе жатқанына куә боласыз. Әдептілік сақтап, үндемей өтесіз. Бірақ, осындай көріністерге ішіңіз ашиды. Немересімен орысша сөйлесіп келе жатқан әжесіне менің бір танысым: -Немереңізбен неге қазақша сөйлеспейсіз? - деген сұрағына, ол: -Какая разница? - деп тіксіне жауап беріпті. Танысым осы жауапқа таңырқап, іштей күйінгенін жеткізді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 1 тармағында былай деп атап көрстілген: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі.» Сонда, осындай теріс қылықты азаматтарымыз Елімізегі ең жоғары санаттағы Заңның конституциялық талаптарын мойындамағаны ма? Білімділік пен мәдениеттілік қайда?! Ар мен намыс қайда?! Айдан айқын, біздің көптеген азаматтарымыздың патриоттық, ұлтжандық сезімі жоқтың қасы болып барады. Аталған жағымсыз мысалдардың саралауын өздеріңіз бересіздер, ағайын. Алаш қозғалысының қайраткері, ұстаз, ғалым Халел Досмұхаметұлы былай деген екен: «Өз тілін білмеген ел - ел болмайды». Сонымен, ел болмайтын қауіптің алдында тұрмыз ба?! Алла сақтасын!
Әрине, бұл айтылған жағымсыз жәйттар хақында менің өз ой-пікірім, себептеріне өзімдік жауаптарым да бар. Бірақ алдымен осы өзекті сұрақты мемлекеттік және қоғам қайраткерлеріне, білікті психолог, социолог, этнолингвист, педагог, тарих тағы басқа да мамандарға қойғаны жөн балар деп ойлаймын. Халықымыздың басым көпшілігінің ана тілінен жирену келеңсіз жәйттары себептерін ғылыми тәсілдерімен терең әлеуметтік зертеу жүргізу керектігі анық. Бұл мәселенің тамыры терең жатыр, сондықтан осы тақырып төңрегінде газеттер бетінде, теледидардан кең көлемді және жан-жақты талдау жасалса деген ұсыныс қойғым келеді. Сол талдаудан айқын да дәйекті қортынды шықса, келешекке бағыт-бағдар анықталса - сонда ғана халқымыздың басым көпшілігінің көзі ашылып, туған елімізде ана тілімізді мейлінше кең, барынша ауқымды түрде пайдалану дәрежесіне жетерміз деген үміттемін.
Нақыпбек Садуақастегі, заңгер-құқықтанушы, публицист
[xfvalue_img]
