«Заманауи білім – жаңа дәуір талабы»
Елімізде ағымдағы жылдың басында президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынның басты мақсаты мемлекеттің экономикалық жағдайын көтеруге, цифрлық технологияны жан-жақты жетілдіруге, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыруға, салық-бюджет саясатын реформалауға, маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз етуге, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамытуға бағытталды.
Отырыс барысында еліміздің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек. Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, кеңейтілген отырыста премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалып, ел аумағында орын алған өзекті мәселелер талқыланды.
ХХІ ғасыр жаһандану кезеңі, әлемде жаңа технологиялармен байланысты түбегейлі өзгерістер орын алуда, ақпараттар өте қарқынды түрде таралып, қоғамның барлық саласы цифрландыру жүйесіне көшіп келе жатыр. Жаһандық процестердің енгізілуі Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен орнықты ілгерілеуіне оң әсерін тигізеді.
Президентіміз заман ағымына қарай мемлекеттік қаражатты үнемдеу және оларды ең ауқымды міндеттерді шешуге жұмсау қажет екенін, білім саласының сапасын жақсартуға, жоғары оқу орындарының деңгейін жетілдіруге басты назарды аудару керектігін ашық айтты.
Ел игілігі үшін аянбай еңбек ететін мемлекеттік қызметшілерді даярлауда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қосқан үлесі өте зор, қазіргі таңда университет озық технологиялармен, жаңашыл бағыттағы білім беру жүйесін қолдану арқылы халықаралық аренада өзіндік айрықша орынға ие болды. Университетте 16 факультет жұмыс істейді, білім алушылар саны 28 мыңнан асады. Үкіметтің 2022 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ QS Халықаралық рейтингінің нәтижелері бойынша әлемдегі 800 үздік университеттің ішінде 163-ші орынға табан тіреді.
Ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын дамыту үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеу керек деп санаймыз. Жастарымызды жеке тұлға ретінде қалыптастырып, еліне адал, патриот азамат етіп тәрбиелеу – жарқын болашағымыздың мызғымас кепілі.
Нажия Калишева
Әл-Фараби атындағы КазҰУ-нің заң ғылымдарының докторы, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті
Диана Серікқанова
Астана қалалық соты, баспасөз қызметі бөлімінің бас маманы
[xfvalue_img]
