ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БАНКРОТТЫҒЫ БОЙЫНША ТОП-5 СҰРАҚ-ЖАУАП
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ең жиі қойылатын сұрақ-жауаптарды дайындады.
1) Сұрақ: Борышкердің арнайы қаржылық компания алдында орындалмаған міндеттемелері бар. Борышкер қандай рәсімді қолдана алады?
Жауап: Бұл жағдайда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) қолданыстағы нормаларына сәйкес борышкер сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш беруге құқылы (Заңның 6-бабы 3-тармағы).
Себебі Заңның 1-бабы 11) тармақшасына сәйкес арнайы қаржылық компаниялар алдындағы міндеттемелер бойынша соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылмайды.
Қосымша атап өтетініміз, 2024 жылдың 19 маусымында Заңға түзетулерге қол қойылды.
Олар қолданысқа енгізілгеннен кейін (2024 жылдың 25 тамызынан бастап) борышкер жеке тұлғалардың банктік қарыз шарттары, қарыз (несиелік) шарттары және микрокредит беру туралы шарттары бойынша талап ету құқықтарына ие арнайы қаржылық компаниялар алдындағы міндеттемелер бойынша соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішпен жүгінуге құқылы болады.
2) Сұрақ: Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш беру кезінде борышкер кредиторды (екінші деңгейдегі банк/микроқаржы ұйымы/коллекторлық агенттік болып табылатын) көрсеткен жоқ (ұмытқан/техникалық ақаулар болған). Соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін мұндай кредитор алдындағы қарыз есептен шығаруға жатады ма?
Жауап: «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасы азаматының төлем қабілетсіздігінен туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Заңның 1-бабы 12) тармақшасына сәйкес төлемге қабілетсіздік – борышкердің ақшалай міндеттемелерді және ақшалай сипаттағы өзге де талаптарды толық көлемде орындауға қабілетсіз болуы.
Заңның 1-бабы 4) тармақшасына сәйкес борышкер – төлемге қабілетсіз болуы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, сондай-ақ соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолдануға негіз болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы.
Жоғарыда айтылғандарға сүйенсек, Заңға сәйкес қолданылатын рәсімдер борышкердің ақшалай міндеттемелерін және ақшалай сипаттағы басқа да талаптарды толық орындауға қабілетсіздігін болжайды.
Өз кезегінде, Заңның 1-бабы 11) тармақшасында соттан тыс банкроттық рәсімі – екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалдарының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микроқаржылық ұйымдардың немесе коллекторлық агенттіктердің алдындағы міндеттемелерді тоқтату мақсатында жүзеге асырылатын рәсім.
Мұндай міндеттемелердің бар екендігі туралы ақпаратты соттан тыс банкроттық рәсімінің шеңберінде Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы бойынша мемлекеттік басқару саласындағы уәкілетті органға кредиттік бюролар «Қазақстан Республикасындағы несиелік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес ұсынады.
Осылайша, соттан тыс банкроттық рәсімі олар туралы мәліметтер кредиттік тарихтпен және кредиттік бюро есептерімен қамтылған екінші деңгейдегі банктердің, микроқаржы ұйымдарының және коллекторлық ұйымдардың алдындағы міндеттемелер бойынша дәрменсіз азаматқа қатысты қолданылады, демек, осы рәсім аяқталғаннан кейін мұндай талаптар толық көлемде тоқтатылуға жатады.
3) Сұрақ: Борышкерге міндеттемелерді орындамау мерзімін сақтамауына байланысты соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартылды. Борышкердің шотына 100 теңге түскені, және ол автоматты түрде қарызды өтеуге жұмсалғаны белгілі болды. Бұл сома борышкермен төленбеген және борышкердің төлемге қабілеттілігінің дәлелі болып табылмайды. Неліктен мұндай аз сома қарыз бойынша өтем болып саналады?
Жауап: Азаматтардың соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініштерін өңдеу, соның ішінде борышкердің «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабында көзделген мән-жайларға сәйкестігін тексеру автоматты түрде тіркеуші мемлекеттік органдардың және кредиттік бюролардың электрондық деректер базасымен салыстыру түрінде жүргізіледі. Несиелердің төленбеу мерзімі туралы мәліметтерді несиелік бюролар береді. Бұл ретте ұсынылған ақпарат төлем сомасын қамтымайды.
Атап өтетініміз, 2024 жылдың 19 маусымында Заңға түзетулер қабылданды.
Түзетулермен қарыз бойынша 1 АЕК-тен кем (3 692 теңгеден кем) төлемдер өтеу болып есептелмейтіні анықталған.
Түзетулер 2024 жылдың 25 тамызынан бастап қолданысқа енгізіледі.
4) Сұрақ: Сот арқылы банкроттық рәсімінде өз қызметтері үшін ақы талап ететін қаржы басқарушысы тағайындалады. Борышкер мұндай төлемді қандай тәртіппен (сот арқылы банкроттық рәсімінің басында немесе соңында) жүзеге асырады?
Жауап: «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 23-бабы 3-тармағына және 44-бабы 2-тармағына сәйкес борышкер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санатына жататын және өндіріп алуға болатын мүлкі жоқ жағдайларды қоспағанда, сот арқылы банкроттық рәсімінде қаржы басқарушысының сыйақысы борышкердің қаражаты есебінен төленеді.
Қаржы басқарушысының ай сайынғы сыйақысының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір ең төмен жалақының мөлшерін құрайды.
Заң сыйақыны төлеу тәртібін белгілемейді, ол құқықтық қатынасқа қатысушыларға (бір жағынан - қаржылық қиындықтарға тап болған борышкер, ал екінші жағынан - өзінің еңбегіне Конституциямен кепіл берілген ақы алуға құқығы бар, сот арқылы банкроттық рәсімін жүзеге асыру бойынша қызмет беретін қаржы басқарушысы) төлемнің өздеріне тиімді тәртібі мен мерзімін дербес таңдаудауға құқық береді.
Баяндалғандар негізінде, қаржы басқарушысының сыйақысы 1 АЕК көлемінде өзінің қызметін жүзеге асырған әр айға төленуге жатады, бұл ретте төлемнің мерзімдерін тараптар өздері анықтайды.
Атап өтетініміз, 2024 жылдың 19 маусымында түзетулерге қол қойылды, оларға сәйкес қаржы басқарушысы сыйақысының төленбей қалған бөлігі сот арқылы банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін тоқтатылмайтын міндеттемелерге жатқызылды. Яғни егер қаржы басқарушысының сыйақысы сот арқылы банкроттық рәсімі барысында төленбеген болса, қаржы басқарушысы оның төленуін сот арқылы банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін де талап етуге құқылы.
5) Сұрақ: Борышкер банкрот деп танылғаннан кейін (соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін) қарызын өтеу үшін жалақысына тыйым салынады деп қорықпай жұмысқа орналаса ала ма немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркеле ала ма?
Жауап: Соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 19-бабында белгіленген салдарлар туындайды.
Атап айтқанда, борышкердің соттан тыс банкроттықты қолдану туралы арызында көрсетілген міндеттемелері тоқтатылады.
Соттан тыс банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жыл бойы банкротқа қарыздар берілмейді, сондай-ақ одан банктік қарыз және микрокредит беру шарттары бойынша кепіл, кепілдік етуші және кепілгерлік түріндегі қамтамасыз ету қабылданбайды (Заңның 19-бабының 2 және 3-тармақтары).
Заңнамада басқа салдарлар көзделмеген.
Жоғарыда айтылғандарға сүйенсек, азаматты соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін банкрот деп тану оның кәсіпкерлік қызметпен айналысуына, оның ішінде дара кәсіпкер ретінде тіркелуіне кедергі келтірмейді және мұндай тұлғаның толық көлемде жалақы алу құқығы шектелмеген, өйткені кредитор мен борышкер арасындағы заңдық байланыстың жойылуына байланысты тоқтатылған міндеттемелер бойынша жалақыдан өндіріп алу жүргізілмейді.
Жеке тұлғалардың банкроттығы, жалпыға бірдей декларациялау, салықтар мен төлемдер жайлы толық ақпаратпен Алматы қаласы бойынша МКД сайтынан және @mkdalmaty_dgdalmaty Instagram парақшасынан, сондай-ақ 1414/3 нөмірі бойынша білуге болады.
[xfvalue_img]
1 пікір