СҚО-да полицейлер әйелдер мен балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық үшін жазаның қатаңдатылуын талқылады
Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылықты криминалдандыру шеңберінде заңнамаға енгізілген өзгерістер 15 маусымнан бастап күшіне енеді.
Құқық бұзушылықтың денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу сияқты құрамы әкімшілік кодекстен қылмыстық кодекске 108-1 және 109-1-баптарына ауыстырылды.
Бұдан бөлек, 16 жасқа толмаған тұлғаларға сексуалдық сипатта тиісу (ҚР ҚК 121-1-бабы) және өзiн-өзi өлтiруді насихаттау (ҚР ҚК 313-1-бабы) баптары енгізілді.
Сондай-ақ ҚР ҚК 301-1-бабы бойынша шегілмейтін темекі өнімдерінің, тұтынудың электрондық жүйелерінің (вейптер) және оларға арналған сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің құрамындағы тергеу және анықтау бөліністерінің қызметкерлері «дөңгелек үстел» барысында прокуратура, әділет және сот органдарының өкілдерімен бірге күшіне енгелі тұрған өзгерістердің ерекшеліктерін талқылады.
«Қылмыстық кодексе жаңа баптардың енгізілуіне байланысты қылмыстық істер санының артуы күтілуде. Бұл өз кезегінде сот пен прокуратураның санкциясын талап ететін сараптамалар мен басқа да тергеу әрекеттеріне қатысты проблемалық сұрақтардың туындауына алып келуі мүмкін. «Дөңгелек үстел» шеңберінде қатысушылар тергеу процедураларын жетілдіру, қылмыстық процесс кезіндегі созбалауға жол бермеуге қатысты сұрақтарын қойды. Тараптар қылмыстық процестің барлық қатысушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді іске асыру үшін өзара іс-қимыл жасасу бойынша ұсыныстарын айтып өтті», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Асқар Мұхаметқалиев.
Игорь Мерцалов
СҚО ПД баспасөз қызметі
https://polisia.kz/sqo-politsejleri-donggelek-ustel-otkizdi/
[xfvalue_img]