31 наурызға дейін жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсырыңыз
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2023 жылғы 240.00 нысанды жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру мерзімі ағымдағы жылдың 31 наурызында аяқталатынын еске салады. Декларация тұрғылықты (тіркелген) мекен-жайы бойынша салық органына табысталады.
Декларацияны:
- жеке нотариустар;
- адвокаттар;
- өзге де кірістер алған жеке тұлғалар, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдік банктердегі банк шоттарында ақшасы бар жеке тұлғалар тапсыруға міндетті.
Сондай-ақ, декларацияны мүлікті сату кезінде құн өсімінен табыс (мүліктік табыс) алған не пәтерді жалға беруден табыс алған жеке тұлғалар тапсыруға міндетті.
Бұл ретте, меншік құқығы тіркелген күннен бастап 12 айдан аз уақыт шегінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары, гараждар, тұрақ орындары, көлік құралдары, тіркемелер, жеке қосалқы шаруашылық объектілері сатылған жағдайдағы құн өсімі ғана мүліктік табыс болып табылады (Салық кодексінің 331-бабы 1-тармағының 1) және 7) тармақшалары). Мүліктік табыстан алынатын жеке табыс салығы 10% мөлшерлемесі бойынша есептеледі (Салық кодексінің 320-бабы). Салық ағымдағы жылдың 10 сәуіріне дейін төленуі керек.
240.00 және 270.00 нысандарды бір жылда тапсыру керек пе?
240.00 нысанды декларацияны жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде 270.00 нысанды кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар ұсынбайды. Себебі барлық кірістер (бұрын 240.00 нысанында көрсетілетін) 270.00 нысанды декларацияда көрсетілуі тиіс.
Салық салынатын табысты қалай анықтаймыз?
Жеке тұлғаның салық салынатын табысы мынадай тәртіппен:
салық салынуға жататын жеке тұлғаның табысы
азайту
табысты түзету сомасы (Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағында көзделген)
азайту
салық шегерімдерінің сомасы (Салық кодексінің 342-бабында көрсетілген тәртіппен белгіленген мөлшерде).
Декларацияны тапсыру әдістері
Жеке табыс салығы бойынша декларацияны «e-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасы, салық төлеушінің кабинеті, «Электрондық үкімет» порталы арқылы, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдарына келіп қағаз түрінде ұсынуға болады.
ҚР аумағынан тыс жерде алған кірістен салықты қалай төлеу керек?
Резидент салық төлеушінің Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден алған кірісі үшін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге төленген кіріс немесе пайдаға салынатын салықтардың немесе корпоративтік болмаса жеке табыс салығына ұқсас өзге де шетелдік салықтың (шетелдік табыс салығы) сомалары Қазақстан Республикасында корпоративтік немесе жеке табыс салығын төлеу кезінде есепке жатқызылады (шегеріледі). Ол үшін шетелдік табыс салығын төленгенін растайтын құжаты болуы қажет.
Алайда, Салық кодексімен көзделген есепке алануға жататын соманың мөлшері әрбір шетелдік мемлекет бойынша жеке анықталады.
[xfvalue_img]