Жылжымайтын мүлікті тіркеуде Blockchain технологиясын қолдану - Invisible Government жолындағы маңызды қадамдардың бірі
Digital Almaty 2024 форумындағы пленарлық сессия барысында Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев қонақтарға blockchain технологиясын қолдана отырып, жылжымайтын мүлікті тіркеу процесін ұсынды. Жобаның арқасында жылжымайтын мүлікті тіркеу уақыты 3 күннен 2 сағатқа дейін қысқарды.
Осылайша, қазіргі таңда азаматтарға жылжымайтын мүлікті тіркеу үшін құрылыс салушының сату бөліміне және ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ. Құрылыс компаниясының сайтында өтініш бере отырып, blockchain технологиясының көмегімен сатып алу және тіркеу процесі онлайн режимінде өткізуге болады.
" Тіркеу процесі шарттардың жиынтығы бар чек-парақтарын тексеру арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Осыдан кейін клиент мүлікті тіркеу туралы хабарлама алады. Бұл өнім іске қосылған сәттен бастап танымал болуда. Осылайша, біз 27 мыңнан астам сатып алу және сату келісім шартын тіркедік", - деп пленарлық сессия барысында Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы атап өтті.
Сонымен қатар, ипотекаға пәтер алғысы келетін азаматтар үшін де бұл процесс автоматтандырылған. Blockchain технологиясының арқасында тіркеу мерзімі 1 айдан 1 күнге дейін қысқарды. Банкке өтінім беруден бастап, кепіл тіркелгенге дейін электронды түрде үйден жасалады. Тіпті несие беру туралы шешім мен мүлікті бағалау жұмыстары онлайн форматта жүреді және бағалаушыларға жүгінудің қажеті жоқ. Мәселен, 2023 жылы цифрлық форматта 77 мыңнан астам ипотека рәсімделді. Сонымен қатар, бірінші және екінші нұсқаларда да клиенттің барлық транзакциялары мен ақшасы алаяқтықтан қорғалғандығын айта кету керек. Ал, өзара есеп айырысу үшін эскроу-шоттар қолданылады.
Сонымен қатар, жыл сайынғы Digital Almaty 2024 форумында іс-шара қонақтарына жеке куәлік пен төлқұжатты рәсімдеуге арналған Мемлекеттік корпорациясының "Құжаттама терминалы" инновациялық жобасы ұсынылды. Бұл сервис арқылы өз бетінше құжатқа суретке түсіп, мемлекеттік бажды төлей алады. Процесс 5 минуттан аспайтындай уақытты алады. Жақын арада Мемлекеттік корпорация аталмыш терминалдарда жүргізуші куәліктерін қайта ресімдеу қызметін енгізуді жоспарлап отыр. Олардың рәсімдеу процестері ұқсас болмақ.
[xfvalue_img]