Тек қолма-қол төлем: сатушылардың мұндай талаптары заңды ма?
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке кәсіпкерлер өткізген тауарлары (көрсетілген қызметтері) үшін қолма-қол ақша төлеуді талап етіп, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту жағдайлары кездесіп жатқанын хабарлайды.
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады, себебі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған (25-бап).
Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабы).
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері анықталған жағдайда мемлекеттік кірістер органдарына хабарлауыңыз қажет (Сіз eOtinish арқылы міндетті растайтын құжаттар қосымшасы мен қолма-қол немесе тікелей Wipon Cashback қосымшасында өтініш-шағым бере аласыз.).
Тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер де сатып алушыға фискалдық түбіртек беруге міндетті. Фискалдық түбіртекті беруден бас тартқан жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделетінін хабарлайды.
[xfvalue_img]