Жедел әрекет етуге 3 минут: Петропавл мектептерінің бірінде кенеттен «дабыл түймесі» іске қосылды
Турникеттер мен бейнекамералар, «дабыл түймелері» және күзетшілер — бүгінгі таңда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің құрамындағы күзет қызметін бақылау бөлімі қызметкерлерінің жеке күзет құрылымдары қызметкерлерімен бірлесіп өткізген оқу-жаттығуының сценарийі бойынша мектеп ішіне мас адам кірген. Бұл оқу-жаттығу сабағы № 21 мектепте өткізілді. Сценарий бойынша мас күйдегі қала тұрғыны білім ошағындағы күзетшілердің кету туралы талабын елемей ішке енбек болған. «Дабыл түймесі» басылғаннан кейін күзет ұйымының жедел әрекет ету тобы оқиға орнына 3 минут ішінде жетті. Арнайы құрылғылармен жарақталған жедел әрекет ету тобы ер адамды ұстады. Бір минуттан соң оқиға орнына полиция жасағы да келді. Оқу-жаттығуға қатысушылардың іс-әрекеттеріне оң баға берілді.
«Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің басшылығы білім беру нысандарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде, - дейді СҚО ПД Күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы полиция полковнигі Руслан Даньяров. – Бөлім қызметкерлері мүдделі ведомстволармен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізуде. Күзетілетін білім беру объектілерінде түрлі оқиғалар туындаған жағдайда күзет қызметкерлерінің, сондай-ақ полицияның кешенді күштерінің іс-қимылдарын пысықтау бойынша оқу-жаттығу сабақтары үнемі өткізіліп тұрады. Анықталған кемшіліктерге талдау жасалып, оларды жою бойынша шаралар қабылданады. Бүгінгі таңда облыс орталығының барлық мектептері күзет құрылымдарының қызметкерлерімен қамтамасыз етілген. Балалардың қауіпсіздігі – полиция жұмысындағы басым бағыттардың бірі».
Игорь Мерцалов
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]