СҚО әкімі полиция департаментінің материалдық-техникалық жарақтандырылуымен танысты
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов полиция департаментінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Өңір жетекшісі жедел басқару орталығында болып, қызметтік автокөліктерді қарап шықты, кейін ведомстволық музейге бас сұқты.
СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жалпы ұзындығы 1347 км болатын республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы жолдарда тәртіпті қадағалайды. Қызметкерлердің кәсібилігі облыс тұрғындары мен қонақтары үшін жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Жақында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальонының қолданысына «Кибер-шериф» деп аталатын заманауи екі мобильдік борттық аппараттық-бағдарламалық кешен берілді. Құрылғылар патрульдік автокөліктердің төбесіне орнатылады және жол жүрісі қағидаларының барлық негізгі бұзушылықтарын автоматты түрде тіркейді.
Полицейлер қару-жарақ пен арнаулы құралдарды, жедел-криминалистикалық басқарманың жарақтандырылуын, кримлаборатория мен басқа да қызметтік автокөліктерді көрсетті.
Жедел басқару орталығында облыс әкіміне бейнебақылау камераларының мүмкіндіктері, «102» мобильді қосымшасының мүмкіншіліктері, сондай-ақ кез келген ауа райында патрульдік полиция пайдаланатын кеудеге тағылатын бейнетіркегіштердің жұмысы көрсетілді. Соңында полиция департаментіндегі автомобиль шаруашылығының ғимараты мен жұмысы таныстырылды.
Ғауез Нұрмұхамбетов полицейлердің жалпы дайындығына оң бағасын беріп, полицияны заманауи техникамен және ресурстармен техникалық жарақтандыруды кезең-кезеңмен нығайту қажет екенін атап өтті.
Юрий Клыков
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]