Қазаққа патриот болу қиын ба?

Қазаққа патриот болу қиын ба?

Aқылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек                                                                                                     

                                                 Абай

Қасиетті Тәуелсіздігіміз нақтылап берген құндылқтарды зерделі айқындап, жан-жақты терең де жіті түсініп, жадымызға шытынамас таза алмастай түйіп-сақтап, ұтымды жасампаздық жолға бет алып, әлем елдері арасында лайықты орын алу үшін алға қарай екпінді қадам басу – әр ұлтжанды азаматымыздың асыл парызы. Бұл бағытта нендей ұлттық мүддемізді алдыға койып, ой-пайымымызды еселеу, іс-әрекеттерді жүзеге асыру маңызды? Осыған байыпты түрде ой жүгіртіп, жіті көңіл аударайық.

Қазіргі жер бетіндегі адамзат қатарын екі мыңдай әртүрлі халықтар құрайды, ал тәуелсіз мемлекет тек 200-ден астам ғана. Сонда, саны 1800-дей халық өздерінің жеке дара мемлекеттерін құрай алмай, арманда қалғандар болып есептеледі деуге болады. Сонымен, бұл халықтардың көпшілгі көпұлтты мемлекеттердің санын құрайды. Бұл жағдай олардан әдептілік, төзімділік пен жауапкершілікті талап етеді. Біз, қазақтар Егемен мемлекетіміздің мемлекетқұраушы ұлты болып есептелеміз. Ұлтымыздың әр азаматының ұлттық сипаты ойдағыдай ма? Ұлттық мүдде, адами қасиеттер, аброй мөлшері қалай қалыптасады? Ұлттық құндылықтар қатарына халықтың тілі, ділі, мәдениеті, әде-биеті, өнері мен адами қауымдастық қалыптасқанда туындаған салт-дәстүрлер, ұғым-түсініктер, озық көзқарас-ұстанымдар жатады. Ғалымдардың ойынша, діл – ұлтқа тән дүниетанымдық және руханияттық ұғымдар жиынтығы. Ол ұлттың басқа ұлттардан оқшауланып, болмысына терең сіңген ішкі және сыртқы табиғи ерекшелігі сипаты. Ең бастысы, қоғами даму құбылыстарынан туа отыра, діл – жеке адамның өзіне, өміріне, ортасына, қауымға, табиғатқа қатысты саналы пайымдауларына негіз болады. Сонымен діл – ұлтжанды азаматтың өзіне-өзі мен кіммін, бойымда не қадір-қасиетім бар, туған Елге нендей пайдам тиді, ұлт мүддесіне қандай еңбек жасадым  деген сауалдарына да жауап беретіні мейілінше ықтимал. Тақырыпты талдаудан бұрын, қазақ халқының әр жылдағы кең байтақ өз Еліндегі пайыздық үлесіне көз салайық. Бұл мәліметтер ұлтжанды азаматтарға ой салары сөзсіз. Сонымен, 1897 жылғы санақ бойынша қазіргі Қазақстан жерінде 4 млн. 333 мың адам тұрған. Есепке 60 ұлт өкілі алынған. Олардың ішінде қазақтар – 3 392,7 мың адам немесе 81,7 пайызды құраған. Ал аталған жылдан кейінгі жалдар санақтарындағы көрсеткіштерінде қазақтың пайыздық үлесіне көңіл бөлейік: 1926 – 58,5%; 1939 – 38,1%; 1956 –30,0 %; 1970 – 32,5%; 1979 – 36,0%; 1989 – 40,0%; Қазақстан Егемендік алған жылдар — 1999 – 53,5%; 2004 – 57,2%; 2009 – 63,1%; ал ең соңғы –2013 жылы өткізілген халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстан халықтың этноқұрамы мынадай көресеткіштермен ерекшеленді: қазақтар -65,2%, орыстар -21,8%, өзбектер -3%, украиндар -1,8%. Сонымен қазақтар өз туған жерінде басқа ұлттармен салыстырғанда басым көпшілігін құрап тұр. Енді, бүгінгі таңдағы  мәліметтерге сүйенсек қазақтар 71 пайызға жеткен. Қазіргі таңда Елімізде қазақтар саны 14 миллиондай адамға жуық. Қуанарлық демографиялық өсім. Жарқын жүзді бас көтеріп, бойымызды тік ұстап жүретін кезеңге жағымды себеп екен. Бірақ, көршілес өзбек халықының өсімімен салыстырғанда (олардың саны 36 миллионға жетті) көңіл толтырарлық та көрсеткіш емес. Әйтеуір тәубе дейміз. Егер қазақтар ежелден өніп-өскен қымбатты Елі, кіндік қаны тамған туған жері Қазақстанда, тұрғылықты этностармен салыстырғанда, жалпы халықтың 70 пайызынан аса құраған шақта, Тәуелсіздіктің туы биіктен желбіреп, рух беріп тұған сәтінде, неліктен олардың ұлттық болмысы нығыз емес, ал Атазаңымызда мемлекеттік тіл болып бекіген ана тілі қолданысы тіпті «жыларман» жағдайында? Қаладағы қазақтар, тіпті ауылдардың өзінде де,  ана тілінде сөйлемйді.  Астанамыздағы жағдай тіпті сорақы. Бұл үшін әлеуметтік зерттеу жүргізудің қажеттілігі де жоқ. Күнделікті көзімізбен көріп, құлақтарымызбен естіп жүрген жағдай кімге де болсын айдан айқын. Осы сұрақтарға жауап іздегенде, сыртқы факторлардың ықпалына тоқталмай, әуелі тек қазақтың өз басы мен болмысы себептеріне көңіл бөлуді жөн көріп отырмыз. Әуелі, сөз басын өзімізден бастайық. Қазақстандағы қазақтар өздерін толыққанды қазақ есебінде санай ма? Санаған жағдайда да, олардың көпшілігіне күмәніміз бар. Сондықтан, қандай да болмасын үлкенді-кішілі қазақтан, «ұлтың кім?» - деген сұраққа, «мен қазақпын» деп «төсін ұрып, кеудесін кере» жауап берері анық. Өйткені төлқұжатында ұлты «қазақ» болып жазылғандықтан өзін қазақпын деп еріксіз пайымдауы мүмкін. Ал тереңірек сауалдарға: Қазақ тілін жетік білесіз бе? Біле тұра, қашанда орыс тілін қолданатыныңыз қалай?  Қазақ тілінде қанша кітап оқыдыңыз? Қазақтың қандай ақын-жазушыларын білесіз? Қазақтың ұлы ақындары Абай, Мағжан, Қасым, Қадыр, Мұқағали поэзиясымен таныспысыз, ұлы жазушысы, академик Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын оқыдыңыз ба? - деген сұрақтарға қазақ қауымының көпшілігі абыржый күмілжіп, шындыққа сай анық жауап бере алмайды. Ал мәдениеті төмендері ашуға басады. Өкінішке орай, қазақы қоғамның басым көпшілігінің қазіргі сиқы осы.

Аталған сұрақтарға әлеуметтік ғылыми зертеулер қорытындысы қолымызда болмағандықтан, бұндай жағдайға душар болуымыздың неліктен екендігінің себептері мен салдарын жанама тәсілдерді қолданып, анықтап көрейік. Ден қойған тақырыбымыздың ең басты сұрағы: Қазақ неліктен толық қанды қазақ болғысы келмейді? Ол неге қазақ үлтының барлық қасиет-сипатын бойына сіңірмеген? Ақыры, қасиетті ананың ақсүтемен даруға тиіс ана тілінде қазақ неге сөйлемйді? Осының кейбір себептерінің бетін ашып, айқындап көрейік. Осы кемістіктердің айтарлықтай бір себебі, қазақтың (бұлай қолдану жалпылама түрінде алынған - шынында ұлттың көпшілігі деген мағынада) ой-санасына «кемшіндік» түсініктің терең сіңіп, орын алып келе жатқандығы. Қазақтың басым көпшілігі мұны мойындамауы ықтимал. Ол түсінікті де. Шындықты айтқанды замандастарымыз ұнатпайды. Бірақ бұл психологиялық құбылыс адамның жадына терең бойлап, қанына сіңгендіктен адамның ажырамас сипаты болып алады. Бір сөзбен айтқанда, орыстар Батысқа (Еуропа - ағылшын, француз, неміс және т.б. ұлттардың мекені) еліктейді, ал қазақтар орысқа еліктейді.Бұл келеңсіз үрдіс ерте заманнан қазіргі күнге дейін орын алып келеді. Орыстардың Батысқа еліктейтін себептері, ерте заматтан бері онда адамзат тарихындағы елеулі салалардың озық даму поцесстері кең етек алғандығы, жалпы мәдениет өрістегені белгілі. Ежелден Ресей Еуропадағы жан-жақты дамыған Франция, Англия, Италия және т.б. жетекші мемлекеттердің қарқындап өсу процесстеріне түбегейлі қызғушылық білдіріп, сан салалы жетістіктерінен үйренуге тырысып, солардың ықпалында болғандығы тарихтан белгілі. Тіпті Ресей патшасы І Петр заманның озық құрал-жабдықтарын жасау тәсілдерін үйрену үшін Батыс елдерін шарлап, 1697-98 жылдары немістердің Кенигсберг қаласында зеңбірек құйуды қадағалап, Голландияда кеме жасаушылардың арасында тіпті ағаш ұстасы(!) болып істеп, ал Англияда ағаштан кеме құрастырудың тәсілдерін зерделейді. Осы сапарынан оралған соң І Петр Ресейдің дамыған Батыс Еуропа елдерінен артта қалуын жоюға бағытталған екпінді реформалар жүргізді. Оның тікелей бұйрығы бойынша шет елдерден әрқилы оқулықтар, түрлі-түрлі құрал-сайман, жетілдірілген қару-жарақ сатып алынды, әрқилы шеберлер мен білікті ғалымдар шақырылды. Дворян балалары Европа елдеріне оқуға жіберілуімен қатар, Ресейдегі дворяндар балаларын оқытып, тәрбиелеу үшін көптеген француз, неміс «гувернерлері»(оқытушы) алдырылады. I Петр мәдениет, оқу - ағарту бағыттарына да үлкен көңіл бөлді. Орта мектептер пайда болып, алғашқы көпшілік театры ашылды. Патшаның 1702 жылғы жарлығы бойынша  Ресейдегі Сәулет өнерін дамыту үшін Италия, Франция, Германиядан архитекторлар алдырылады. Сонымен Ресей патшалығына Батыс Еуропа жан-жақты мәдениеті ықпалы күшейді. Оқуға қол жеткендері француз тілін менгеруге бой сұнды. Француз тілі Ресейде кең көлемде қолданылып, модаға айналады. Орыс дворян ақсүйектері французша сөйлеуді үлкен мәртебе ретінде қабылдап, ибадаттылықтың биік снатына санап, өздерін қатарлары қалың жабайы кедей-көпшіктерден бөлектеніп, олардан өктем екендіктеріне іштей мәз-мейрам сезіміне бөленетін. Тіпті орыс әдеби тілінің негізін қалаушы, Ресейдің ең атақты ақыны Александр Пушкиннің әйел қауымына  арнаған хаттарының 90 пайызы француз тілінде жазылған екен. Лев Толстойдың көлемді «Соғыс пен бейбітшілік» романында француз тілінде жазылған беттері екіжарым пайызды құрапты. И.С.Тургенев өздерінің шығармаларында француз тілін кең қолданған. Сонымен, қарапайым орыстар да француз тіліне еліктегені бірқатар әдеби шығармалардан белгілі. Ал қазіргі жаһандану процесінде, компьютер мен жаңа технолгия тілі болып саналатын ағылшын тілі жер жүзін баурап алғаны анық. Жаһандану тақырыбы бүгінгі күнгі қоғам мен адамтану ғылымдарының өзекті мəселесі. Бұл үрдіс Батыстық мəдениет негізінде пайда болса да, қазіргі негізі жағынан американдық (АҚШ) болып қалыптасуда. Оның түп-төркінін белгілі бір сипаттағы құндылықтар, мəдени ұстанымдар құрайды. Әлем енді америкалық құндылықтарға еліктеуде. Әлемде экономикалық пәрмені мол доллар үстемдігін жүргізіп отырғандықтан, бұл құбылыс әркімге де түсінікті болар.
Ежелгі Ресей имериясына бодан болып, орыс тіліне тәуелді болған қазақ та осындай жолды кешіп келеді. Қазақ әлі де бодандық түсінік пен еліктегіш дүниетанымнан арылмай келеді. Жат ықпалға бейім, сырт дүниеге таңсық. Әрине, дау жоқ, орыс тілін, басқа да шет тілдерін білген тиімді: кімнің де болысын өрісін кеңейтеді, білімін ұлғайтады, жетістіктерге жеткізеді. Бірақ, ана тілді жығып, аттап өту, жат тілде сөйлеуді дәреже көру - түпкілікті опасыздық, үнемі жөнсіз шүлдірлеу - тіпті асыра тектес мақтаншақтық. Ана тілін бұлай қорлау – пенденің өзін-өзі қорлау. Бұл саналы патриот азаматтың ісі емес. Сонымен, қазақ орыс болайын десе - түрі келмейді, ал қазақ болайын десе - тілі келмейді: не онда жоқ, не мұнда жоқ – қазір дүбәра қалпында. Еліміздің аса көрнекті философ - ақыны Қадыр Мырза Әлінің мына өлеңінің екінші шумағы мектеп, институттар мен мемлекеттік ғимараттарда ілулі тұр. Бірақ, ақынның ойын түпкілікті ұғыну үшін өлеңнің екі шумағын да бөліп қараған дұрыс емес. Сондықтан: «Ана тілің біліп қой,/Еркіндігің, теңдігің./Ана тілің біліп қой,/Мақтанышың, елдігің./Ана тілің – арың бұл,/Ұятың боп тұр бетте./Өзге тілдің бәрін біл,/Өз тіліңді құрметте!». Осы шумақтардағы ой-пайымдарды әр қазақ жіті түсініп, терең ұғынып, содан өзінің күделікті ұстанымына айналдыру үлкен патриоттық, азаматтық парыз.Ұлты неміс болса да, қазақтың түгелдей бітім-болмысының шынайы жанашыры Герольд Бельгер: «Қазақ таң ата, оянысымен: мен қазақпын, мен қазақпын деп күнде дауыстап қайталауы керек» - деген екен. Бұл өте дұрыс ұсыныс. Менің қосарым, қазақ осы сөздерді айнаға қарап айтса, тиімділігі сөзсіз артар еді.
Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері мемлекет тарапынан қазақ тілін дамытуға миллиардтаған теңге жұмсалып, ондаған ресми бағдарламалар қаблданды. Қазақ тілі қоғамы да құрылды. БАҚ-тарда тіл мәселесі әлі де «оты лаулап» тұрған тақырып болып келеді. Нәтиже жоқ. Енді 30 жылдан аса Тәуелсіз мемлекетпіз, бірақ елімізде орыс тілі нығыз орнынан таяр емес: бәрі орысша. Неге? Бетке ұстар көпшілік Ата Заңымыздағы норма мен заңдарды «олқы» және «дәрменсіз» деп кінәлайды. Дегенмен, қазіргі саяси жағдайға сай қабылданған Негізгі Заңымыздың 7-бабындағы норманы талаптарға сай емес деуге болмайды. Шешуші мәселе, қазақтың өзінің туған Отанында қазақ тілін жіті меңгеріп, күнделікті қолдануға құлқы, құрмет қылуға ықыласы жоқ. Қай жерде болсын, қазаққа қазақша сөйлесеңіз, шіміркене орысша «дік» ете түседі.
Олардың теріс пайымынша мемлекеттік тілде - қазақша сөйлесе жоғары дәрежелерінен құлдырап, бет моншақтары сыпырылып түсетіндей, өте-мөте жасырып жүрген құпиялары ашылып қалатындай шошынады. Сізге таңырқай қарап, айдан түсіп,  адасып жүрген бейбақтай көреді. Ең бастысы, қазақта намыс жоқ. Ана тілін ауызға алмай, өзімді-өзім, Елімді, өз халықымды қорлап жүрмін-ау деген ой жоқ. Мен де мектепте, институтта орысша оқып, бітірдім. Бірақ қазақтың ұлттық құндылықтарын құрметтеп, ана тіліме леген шынайы ынта-ықыласым болды. Әркімнің болсын көкрегінде ұлттық намыс, ұлттық мүддеге жанашырлық, ата-баба салт-дәстүріріне құрметтілік, Атамекенге деген патриоттық  құштарлық болса қандай да болмасын тілді жақсы дәрежеде бір жыл мөлшерде игеруге болады. Мысалға, Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің үшінші хатшысы Марико Цунокаке қазақ тілін жұмыс арасы(!) бір жылға жуық уақыт ішінде өте жақсы деңгейде меңгерген екен.

Осыдан бір ғасыр бұрын, белгілі Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлының «Ұлтты сүю» атты 1918 жылы «Абай» журналында жарық көрген мақаласындағы «жанды да жалынды» ойлары әлі де өзекті. Алаш мұрасы, өнегесі, келешекке аманат іспеттес жазылған мақаланың тақырыбмызға сай тұстарынан үзінді келтірейік: «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт, күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі. …Орыстың білімін алуға, онерін білуге, жақсы жағын жаттауға еліктеу дұрыс та… Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қыметкері бола алмайды». Осыдан қандай тағылым алуымыз керек? Ол үшін ұлттық құндылықтарды игеріп, дамыту басты парыз. Осыған сай қазақ басының абыройын көтеру керек. Абырой не үшін керек? Абыройды не қасиеттер құрайды? Не жағдайлар төмен түсіреді? Соған тоқталайық. Әуелі абырой сөзінің қазіргі таңдағы мән-мағынасын ашайық. Абырой сөзі парсы тілінен қазақ тіліне терең сіңген сөз. Мағынасы: 1.Бедел, қадыр, жақсы атақ. 2.Ауыс. Көңілегідей, ойдағыдай. (Е.Б.Бекмұхамбетов. Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері. Түсіндірме сөздік. Алматы, «Қазақстан»,1977, 18 бет); «Абырой - бедел, қадір, жақсы атақ. Ол ар-намыстың тазалығы, адамгершілік, еңбек, шығармашылық т.б. арқылы көпшілік тарапынан қадыр-қасиетке, сый-кұрметке бөлейтін этикалық категория. Жеке адам, ұжым, қоғам тіршілікте абырой үшін еңбек етеді, сол үшін күреседі» (Н.Ақбай. Қазақтың дәстүрлі атаулары: Энциклопедиялық сөздік.-Алматы, «Арда+7», 2013, 7 бет). Осы қысқаша түсініктермен қатар, менің өз пайымым бойынша: Абырой - жеке тұлғаның адамзатқа, қоғам мен бүкіл Елге жасаған елеулі де жемісті еңбегі, әдепті де өнегелі өмірі мен бойына адами биік қасиеттері айқын көрініс табуы арқасында қалың қауымның құрметі мен қолдауына лайықты адамның негізі мен сипаты. Сонымен абырой иесі – аса бір қадір-қасиеті мен елеулі еңбегі мол тұлға. Абройлы, қадір-қасиеті мол адамдар ұлттың қадір - қасиетін көтеріп, мейлінше арттырады. Аса дарындылары оны шырқау биікке көтереді.
           Қазақтың абыройын әлемге көтерген, қадір-қасиетін арттырған ұлы тұлғалар қатарына Әл-Фараби, Абай, Шоқан, Шәкәрім, Құрманғазы, Дина, Мағжан, Әлихан, Әлімхан, Жақып, Жамбыл, Сәкен, Қасым, Қаныш, Мұхтар, Ғабит, Сабит, Бауыржан, Талғат, Рахымжан, Қадыр, Мұқағали, Тохтарлар кіреді. Кейінгі толқыннан Оралхан, Фариза, Мұқтар, Жарасқан, Сағат, Ұлықбек, Дулат, Нұрғиса, Шәмші, Ескендірді атап өту орынды. Бұл тұлғалардың тек қана есімдерін атап өткен себеп, олардың аттары еліміздің абройын ертеден асқақтатып тұрған танымал есімдер, қазіргі тілмен айтқанда жағымды «брендке» айналған. Қазақ арасында басқа да аттары аталмаған белгілі тұлғалар жеткілікті. Қазіргі кезеңде Қазақстанды әлемге кең танытып жүрген қазақтың маңдайына біткен жарқыраған жұлдыздар Димаш Құдайберген, Динара Садуақасова, Жансая Әбдімәлік, Элизабет Тұрсынбаеваларды атап өтуге болады. Бұлар әлемге аттары кең жайылған дарынды жастүлек – әр қазақ мақтанышы, нағыз биік абырой иелері. Олардың бәрі дерлік «…Қазақты көргің келсе, міні осы» деп, /Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын» (С.Мәуленов) бұл жас жеткіншектер, жетістіктері қазіргі жастарға үлгі болатындай, келешектері мол жалындаған өрендер болып қана коймай, олар қазақ тілі мен ділін қадір тұтқан жандар. Абырой сақтау — алыс-жақынға күлкі, келеке болмау. Сонымен Қазақстан мен қазақтың абыройын жан-жақты қалыптастырудың, берік сақтаудың, биік көтерудің мәні зор екені айқын.

Бір мысал. Барша қазақтың мақтанышы Қажымұқан атамызды (нақты аты-жөні Мұқан Мұңайтпасұлы) алып күш иесі, теңдесі жоқ кәсіпқой палуан, күрестің бірнеше түрінен Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы ретінде білеміз. Бірақ атақты жерлесімізді өзіне лайықты дарын-тұлғасын дұрыс дәрежеде насихаттап жүрміз бе? Жоқ деуге мәжбүрміз. Өйткені көбіне жұрттың назарына ұсынылатын кинохорникада (немесе фотода), күшатасы палуанымыз егде жасқа толған шағында отыз шақты адамдар отырған арбаға жегіліп, тартып келе жатқаны есімізде. Кәріліктің аты кәрілік: келбет те, күш те бойдан кеткен шақ. Осының салдарынан ол жұртқа мақтан тұтып көрсететін халде емес.
Ал намысқа тартар жанкүйер-насихатшы, жазушы-биограф, музей қызметкері не істеуі керек еді? Бұл кинохорниканың бетін жауып, бұқараның көзінен тыс ете, Ресей кинофотоархивтеріндегі мол материалдарымен танысып, іріктеп, атақты палуан атамыздың белгілі әлем палуандарының арасында дене бітімі ерекше көзге түсіп, ұтымды көрініс беріп жүргенін (фото болса-тұрғанын) насихаттап, біздің және әлем назарына ұсынуы керек еді. Айту бір басқа – сендіру бір басқа екені белгілі. Күрестен 6 дүркін Әлем чемпионы, 56 медаль олжалаған Қажымұқан атамыз ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінен шыққан жалғыз қазақ еді. Сондықтан да атақ-даңқы жер жарған Қажымұқан атамызды мақтан тұтайық және бүкіл әлемге лайықты түрде көресте білейік.
Абырой түсіру оңай. Түскен абыройдың қазаққа зардабы аз болмайды. Соның бірер мысалдарын келтірейік. Халықымыздың арасында кейбір пенделердің жіті санасына салмай, ой сүзегінен өткізбей, күйініп ауызына жиі түсетін мына сөздер қазақтың абройын түсіртіні анық: «Е, қазақ тыныш жүре ме, тасты тасқа, басты басқа соғады ғой», «не жамандық көрсем, тек қазақтан көремін», «қазқтың жауы қазақ» дегендей т.т. Осындай кемістіктер газет, журнал, теледидардан да кезігеді. Мысалы, бір газет бетінде, Сәкен Сейфуллин жайлы жазылған естелікте қазақтардың барлығын дерсің қаралағандай былай жазылған: «Қазақ қарап жүре ме, алмағайып, аласапыран заманда бірінің үстінен бірі арыз жазып, талай азаматты қаматқан». Қалың «қазақты» жазғырмай-ақ, тіпті біраз «жұртқа» да тіл тигізу күнә, өйткені ауызға алынатын «кінәлі» бірді-екілі бейбақтар ғана.

Ғұлама Әл-Фараби былай деген екен: «Үнінен, тілінен және дінінен айырылған халық жер бетінен жойылып кетеді.». Оңтүстік Африка Республикасының тұңғыш қара нәсілді президенті, Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері Нельсон Мандела: «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса - шекараңды аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес» — деген екен. Келіспеске лажымыз жоқ: айдан айқын шындық. Жаратқан оның бетін аулақ қылсын.

Қашанда абыройымыз бен қадір - қасиетімізді биіктету үшін қол сыбанып кірісетін ісімізге, жұртқа ұсынар ойымызға, барша ел көңіл бөлер бойымызға мұқият және тиянақты болып, пәтуәсіз міншіл сырт көзге – «жақсылығымызды асырайық, жамандығымызды жасырайық», ағайын.

Нақыпбек Садуақастегі, заңгер-құқықтанушы, публицист

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.