Елордалық полицейлер үш күн ішінде мас күйінде көлік тізгіндеген 33 жүргізушіні ұстады
Астана қаласында жол көлік оқиғаларын болдырмаудың алдын алу мақсатында «Мас жүргізуші - қылмыскер!» жергілікті рейдтік шарасы өтті.
Үш күн ішінде елордада 1800-ге жуық жол ережесін бұзу фактісі анықталып, наркология және психиатрия орталығына 33 жүргізуші мас күйін анықтау үшін медициналық тексеруден өту үшін жіберілді, 27 жүргізушінің мас болу дәрежесі анықталып, 3 жүргізуші медициналық тексеруден өтуден бас тартты.
Аталған 3 жүргізуші тиісті тестілеуден өткен соң қорытындысы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Мас күйінде көлік жүргізгені үшін барлық жүргізушілерге қатысты 15 тәулікке қамауға алуға және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғатын әкімшілік іс қозғалды.
Үш жүргізушіге қатысты мас күйінде медициналық тексеруден өтуден бас тартқандары үшін ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлігімен әкімшілік іс қозғалды.
«Медициналық тексеруден өтуден бас тартқаны үшін белгіленген тәртіппен 15 тәулікке қамауға алуға және 8 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады», - деді Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Дәурен Қазбеков.
Рейд барысында көлікті жүргізуге құқығы жоқ 6 жүргізуші ұсталды, бір жүргізуші жалған нөмірмен көлік жүргізген.
Коммуналдық тұраққа 34 көлік пен 17 мотоцикл қойылды.
Астана қаласы ДП Баспасөз қызметі
[xfvalue_img]