Страсбургтегі Еуропа Кеңесіне сапардың нәтижелері туралы
Бас Прокурордың орынбасары Ж. Өмірәлиев бастаған делегация Қазақстан Республикасының Страсбургтегі Бас консулдығының көмегімен ағымдағы жылдың 6-7 шілдесінде Францияның Страсбург қаласында өткен Еуропа Кеңесінің Адам құқықтарын сақтау саласындағы біліктілікті арттыру мәселелері жөніндегі жыл сайынғы конференциясына («HELP») қатысты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Еуропа Кеңесі Хатшылығының құрылымдық бөлімшелерінің басшылығы мен қызметкерлері, құқық қорғау, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Еуропа және Орталық Азия Кеңесіне мүше елдердің адвокатуралары қатысты.
Конференция барысында Еуропа Кеңесінің Адам құқықтары департаментінің директоры К. Пуарельмен келіссөздер жүргізілді. Елімізде адам құқықтары мен заң үстемдігін сақтау саласында жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар туралы ақпарат берілді.
Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және ұрланған активтерді қайтару Қазақстанның құқық қорғау органдары үшін басымдықтардың бірі болып табылатынын хабарланды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Еуропа Кеңесінің өзара құқықтық көмек туралы Конвенциясына қосылуға дайын екендіктерін білдірді. Аталған Конвенцияға қосылу Еуропадағы қылмыстық істер бойынша біздің сұрауларымызды орындау және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету үшін неғұрлым берік құқықтық база құруға мүмкіндік береді.
К. Пуарель Еуропа Кеңесінің Хатшылығы адам құқықтарын сақтау саласындағы реформаларды тиімді іске асыру мәселелерінде де, сондай-ақ Еуропа Кеңесінің тиісті конвенцияларына қосылуы мәселесі бойынша да Қазақстан Республикасына толық қолдау көрсетуге дайын екендігіне сендірді.
Шара қорытындысы бойынша тараптар Еуропа Кеңесінің Қазақстанмен 2019-2023 жылдарға арналған тату көршілік ынтымақтастық бағдарламасы және Еуропа Кеңесінің ағымдағы жылы қабылдауы жоспарланып отырған 2024-2027 жылдарға арналған жаңа бағдарлама шеңберіндегі ынтымақтастықтың одан әрі қадамдарын белгіледі.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
[xfvalue_img]