Маңғыстауда «Халық заңгері» акциясына 100-ден астам тұрғын келді
Маңғыстауда жалпыреспубликалық «Халық заңгері» акциясы өтті. Өңірдегі үздік заңгерлер мен адвокаттар, мемлекеттік орган басшылары халыққа заң, құқық және мәселелі сұрақтар бойынша кеңес беріп, көмек көрсетті. Құқықтық көмекке жүгінген 100-ден астам адам тегін кеңес алды.
Шараға қатысқан тұрғындарға білім, еңбек, денсаулық, жер, жол, салық, экология салаларының мамандары және полиция, әділет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының өкілдері кеңес берді.
Акцияны ұйымдастырушылар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және үздік заңгерлер мен адвокаттар. Шараның мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң жөнінен көмек көрсету.
«Бүкіл Қазақстан бойынша халыққа тегін құқықтық көмек көрсетілді. Мұндағы мақсат – тұрғындардың құқықтық деңгейін көтеру. Маңғыстаулықтар шараға белсенді қатысты. 60-қа жуық сарапшы қатысушыларға кеңес берді. Тұрғындардың басым көпшілігі заңгерлер мен адвокаттардың көмегіне жүгінді,» деді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысы бірінші орынбасарының м.у.а Біржан Хайруллин.
Бір шараға топтастырылған түрлі сала мамандарынан кеңес алған тұрғындар шараның зор пайдасы бар деп есептейді. Өйткені, бір уақытта бірнеше маманнан кеңес алып үлгерген келушілер болды.
«Осы шара арқылы сарапшылардан мемлекеттік қызмет, дін және заң саласы бойынша кеңес алдым. Осындай акцияларды өткізу болашақта дәстүрге айналғанын қалаймын. Өйткені, адамдардың кеңес алу үшін адвокатқа жүгінуге қаржылық мүмкіндігі бола бермейді,» деді қоғам белсендісі Мир Жайлиев.
[xfvalue_img]