Жамбылдық полицейлер бір айда 50-ден астам мас жүргізушіні анықтады
Жамбыл облысының аумағында жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында мас жүргізушілерді анықтау бойынша күнделікті жұмыстар жүргізіледі.
Жыл басынан бері жергілікті полиция қызметкерлері 7800-ден астам жол ережесін бұзу дерегін тіркеді және көлікті мас күйінде басқарған 52 жүргізушіні ұстады. Осы санаттағы бұзушылардың жалпы санынан 3 адам мас күйінде көлікке қайта отырған.
Байзақ ауданындағы аумақты патрульдеу кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 33 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы "Volkswagen Vento" маркалы көлік тоқтатылды. Жүргізушіден алкогольдің иісі шыққан, медициналық куәландыру мас күйінде болғанын растады.
Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, бұл баптың санкциясы 15 тәулікке қамауға алуды және көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыруды көздейді.
Жамбыл облысының Полиция департаменті мас жүргізуші туралы "102" тетігіне қоңырау шалуға немесе Instagram-дың "zhambyl_police" ресми парақшасына жазу арқылы хабарлауға болатынын ескертеді.
Барлық келіп түскен қоңыраулар мен хабарламалар бойынша полиция қызметкерлері қажетті ден қою шараларын қабылдайды.
[xfvalue_img]