Әділет министрі Нұр-Сұлтан қаласының халқымен кездесті
25 тамызда Әділет министрі Қанат Мусин Ұлттық зияткерлік меншік институты базасында халықпен кездесу өткізді. Өз сөзінде Қанат Мусин Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтқан реформалар пакетінің маңыздылығын жеткізді.
Естеріңізге салайық, ағымдағы жылғы 5 маусымда республикалық референдумда Конституцияға түзетулер қабылданды. Қолданыстағы заңнаманы жаңартылған Конституцияға сәйкес келтіру мақсатында Әділет министрлігі 5 заң жобасын әзірледі.
«Біріншіден, Президент, Парламент, Үкімет, сайлау, сот жүйесі туралы конституциялық заңдарға түзетулер енгізуді көздейтін Конституциялық заң жобасы. Осы өзгерістерге сәйкес Президент саяси партиялардың мүшесі бола алмайды, оның жақын туыстары квазимемлекеттік секторда саяси лауазымдар мен басшылық қызметтерге орныға алмайды. Президент тағайындайтын Сенат депутаттарының саны 15-тен 10-ға дейін қысқаруда, оның 5-і Қазақстан халқы ассамблеясынан. Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат тағайындау бойынша квотасы алынып тасталады. Мәжіліске заңды қабылдау құқығы беріледі (бұрын Сенат қабылдаған), ал Сенат Мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдауға құқылы»,-деді министр.
Дағдарыс жағдайында Үкіметке заң күші бар уақытша актілерді қабылдауға құзырет беріледі.
Аралас сайлау жүйесі енгізіледі. Мәжіліске депутаттардың 70 % партиялық тізімдер бойынша, 30 % бір мандатты округтер бойынша сайланатын болады. Өңірлердің мәслихаттарына – 50% тізімдер бойынша, 50% - бір мандатты округтер бойынша, ал аудандық мәслихаттарға – 100% бір мандатты округтер бойынша. Партиялар мен депутаттыққа кандидаттардың әлеуметтік желілерде үгіт-насихат жүргізуге, сайлауға аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардан байқаушыларды жіберуге құқығы енгізіледі. Сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастыру тәртібі мен басқалары айқындалады.
Қанат Мусиннің айтуынша, аталған түзетулер аясында еліміздің басты құжатына «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты» туралы Конституциялық Заң жобасы енгізілді. Үшінші түзету «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң жобасы. Бұл конституциялық заңдар аталған органдардың құқықтық мәртебесін, құзыретін және қызметін ұйымдастыру мәселелерін айқындайды.
«Төртіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін реттейтін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілетін заң жобасы, саяси партиялардың, Жоғары Сот Кеңесінің, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, Есеп комитетін жоғары аудиторлық палатаға қайта қалыптастыру мәселелерін, сондай-ақ, халықтың жерге меншік құқығымен байланысты заң жобасы енгізілуде»,-деді Әділет министрі.
Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да әзірленіп жатыр. Қазіргі уақытта аталған заң жобалары Үкіметтің қарауында жатыр, жақын арада Парламентке енгізу жоспарлануда. Заңдарды қабылдау ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған.
Сонымен қатар, Президенттің мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы Жарлығын жүзеге асыру мақсатында біраз тәсілдер әзірленді. Оның ішінде Үкіметке дағдарыс жағдайларында заң күші бар уақытша актілерді қабылдау құзыретін беру, сондай-ақ мерзімдер мен кезеңдерді екі есе қысқарта отырып, норма түзушілік процесін оңтайландыру қарастырылды.
Бұдан басқа, Министрлік Үкіметтің 2022 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жеке заң жобасы әзірленді.
Қанат Мусин азаматтардың өмірін жеңілдеткен Министрліктің барлық 48 мемлекеттік қызметі электрондық форматқа көшірілгенін айтты.
«Халыққа мемлекеттік қызметтерді смартфондар арқылы алу мүмкіндігі ұсынылған. Қазірдің өзінде «eGovmobile» қосымшасында 37 қызмет қолжетімді. Министрлік халық өмірін жеңілдетуге бағытталған іс-шараларды жалғастырады», - деді министр.
Министрдің айтуынша сот актілерін орындау әділет органдарының маңызды бағыты болып табылады. Жыл сайын мәжбүрлеп орындауға түсетін құжаттар саны артып отыр. Бүгінде еліміз бойынша 263 мемлекеттік және 2221 жеке сот орындаушысы бар (Нұр-Сұлтан қаласы бойынша: 18 мемлекеттік және 253 жеке сот орындаушылары). Орташа жүктеме – айына 413 іс.
«Атқарушылық іс жүргізуде азаматтардың құқықтарын қорғау басым міндеттердің бірі болып табылады. Атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамаға түзетулерді қабылдаумен (2021 жылғы 31 желтоқсандағы) кепіл мүлкін сатудың сот және соттан тыс рәсімі кезінде қарыз алушылардың құқықтары күшейтілді. Осылайша, жылжымайтын мүлік аукционнан бағалау құнының 75%-ынан төмен сатыла алмайды (бұрын сатудың ең төменгі шегі 50% болған). Кепіл ұстаушыларға және олармен үлестес тұлғаларға сауда-саттыққа қатысуға тыйым салынады»,-деді министр.
Естеріңізге салайық, жаңа ережелерге сәйкес, борышкерге өз баспанасын 3 ай ішінде өз бетінше сату құқығы берілген. Бұрын бұл мерзім бір ай болатын, бұл ретте сот орындаушы борышкерге өз бетінше мүлкін сатуға мүмкіндік беруден бас тарта алатын.
Бүгінгі күні іс жүргізу әрекеттерінің 70%-ы атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылады.
Бұл жүйені жылжымайтын мүлік, заңды тұлғаны тіркеу базаларымен біріктіру арқасында, екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелері арқылы жылжымайтын мүлікке, ақша шоттарына ауыртпалықтар салу, заңды тұлғаларды тіркеуге тыйым салу, сол сияқты осы шектеулерді алу автоматты түрде жүзеге асырылатын болды.
Бұдан басқа азаматтарға заң қызметін көрсетуде өңірлік заңгерлік қауымдастық үлкен жұмыс атқарып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша нотариустардың жалпы саны - 743, адвокаттардың - 657. Қалада заң консультанттарының 8 палатасы жұмыс істейді
2021 жылғы 20 сәуірден бастап пилоттық жобаның екінші кезеңі басталды, оған сәйкес барлық өңірлер сотқа дейінгі тергеу органдары адвокаттарды тағайындауының, сондай-ақ «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесі арқылы мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуді есептеу мен төлеудің автоматтандырылған процесіне көшті.
Осы жылы 1 тамыздағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесінде 189 адвокат (оның ішінде, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге 110 адвокат қатысады), 434 заң консультанты тіркелген.
Үстіміздегі жылдың 7 айында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 3 011 азаматқа тегін заң көмегі көрсетілді.
2021 жылғы 31 желтоқсанда «Нотариат туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Енді қарыздарды өндіріп алу бойынша атқарушылық жазбаны өз қызметін борышкердің тұрғылықты жері бойынша жүзеге асыратын нотариус қана жасай алады.
[xfvalue_img]