Сотталғандар арасында спорттық сайыс өтті
30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесіндегі жазасын өтеушілер арасында спорттық жарыс өтті. Сотталғандар дойбы, гір тасын көтеру, қол күрес , футбол сынды спорт түрлерінен сынға түсті. Шағын футболдан әр жасақтан бір –бір команда жасақталып, жарыс көркін қыздырды. «Гір тасын көтеру» жарысында 24 кг. гір тасын 50 рет көтеріп, шашасына шаң жұқтырмаған С. есімді сотталған басқа қатысушылардан оза шауып, І орын алды. Спорттық жарыс одан әрі қыза түсті. Білектің мықтылығын сынайтын спорт түрі қол күрестен де 20-ға тарта азамат қатысып, «Күш атасын танымас» демекші, нағыз білектіні анықтар бұл сайыста қатысушылар жеңіске жету жолында табандылық танытты. Сайыс қорытындысымен І орынды Д., есімді сотталған алса, ІІ және ІІІ орынды С және Б. есімді азаматтар бөлісті. Ал шағын футболдан №1 жасақтың футбол құрама командасы қарсыластарын қапы қалдырып,бас жүлдені қанжығасына байлады. Жарыс қорытындысымен үздік нәтиже көрсеткен сотталғандар мекеме бастығының алғысхатымен марапатталды.
Дана Достанова
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД
[xfvalue_img]