БІРЛІК ПЕН БЕРЕКЕГЕ БАСТАҒАН − БЕС МАЙОР
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінде бір топ нәзік жанды қыз-келіншектер отбасылық өмір мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы қызметтік міндеттерін қоса атқарып жүр. Олардың әрқайсысы білімді, білікті, өз ісінің мамандары.
Әлемі әдемі арулардың бірі − әділет майоры Меруерт Маратқызы. Ол Қазақ мемлекеттік заң университетінің түлегі. Еңбек жолын Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының Криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілі болып бастаған. Тәжірибе мен тәлімді тең дамытқан талдырмаш қыздың ертеңіне алғашында күдікпен қарағандар да болды. Алайда ізденісі мол жас, өзінің бастамашылдығымен көп ұзамай басшылықтың назарына ілігіп, іскерлігі мен жауапкершілігінің арқасында әріптестерін де мойындатады. Меруерт өзіне біраз ауыртпалық әкелетініне қарамай, таңдаған мамандыққа адалдық танытып, қажырлы қызмет атқарып жүр. Әр жылдары оқу орталығының кабинет бастығы, тир бастығы, оқу орталығының мемлекеттік тіл саясаты және ақпарат тобының инспекторы, учаскелік полиция инспекторы, Тасбөгет полиция бөлімі штаб тобының инспекторы, аға инспекторы болып жұмыс істеді. 2016 жылы ауысу тәртібімен Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қалалық пробация қызметінің инспекторы лауазымына тағайындалып, аға инспектор қызметіне дейін көтеріледі. Пробация қызметінде қызметінде төрт жыл бойы сотталған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеп, психологиялық, құқықтық әлеуетін жетілдіруге зор ықпалын тигізеді. Алдына келген әр сотталғанның тағдырына жаны ашып, бірінші қылмысқа бару себебін анықтауға тырысады. «Сотталған адам да қоғамның бір мүшесі» деген қағиданы басшылыққа алып, әрбіріне қажетті көмек көрсетілуіне ықпал етіп, жаңа мамандық меңгеруіне, өз жеке кәсіптерін ашуына, жұмысқа орналасуына қолдау көрсетіп отырды. Бүгін де, Меруерт Маратқызы департаментте сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы, әділет майоры шенінде.
Ал майор Бақыт Абилова үлгілі қызметімен көзге түскен ару. Бақыттың әкесі Изенбек те саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнап, жемісті еңбек еткен жан. Әкеге тарта туған табанды қыз, бала күнінен әке жолын қуып, тәртіпті талап етіп, әкесіндей форма киюді армандап өскен. Әкенің парасаты, өсиеті балаға мың жылдық азық. Бақыт Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі. Мамандығы заңгер. Еңбек жолын департаметке қарасты ЗК-169/5 мекемесінің кадр бөлімінің инспекторы болып бастаған. Бақыт Изенбекқызы бүгінде ҚАЖД Пробация қызметіне басшылық жасау тобының қабілетті де қарымды қызметкеріне айналды. «Нысанды киім киіп, әкемнің жолын жалғастырсам деген арман-мақсатыма жеттім. Қай сала болса да өзінің қиындығы болады. Қиын салада еңбек етіп жүрсем де, еңбектің арқасында майор болдым. Армандар орындалады. Тек сенім керек екен»,- дейді кейіпкеріміз.
Антына адал қызмет етіп келе жатқан арулардың бірі − Шырын Әбдиева. Шырынның бойында сұлулық пен нәзіктікк, қажыр мен қайсарлық үйлесім тапқан. Қылмыстық-атқару жүйесі саласында 20 жылдан аса жемісті еңбек етіп келеді. Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы тергеу изоляторынан бастаған. Ұқыпты, жауапкершілігі мол жас маман осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып қызметтік қабілетін шыңдады. Мекеме бастығы әділет полковнигі Қ.Иламанов жас маманға қодау білдіріп, сотталғандардың іс-құжаттарын тіркеп отыратын арнайы есепке алу бөлімінің есеп технигі етіп алды. Он жыл бойы осы бөлімде сотталғандардың құжаттарын тіркеп, талап арыздарын толтырып, заңды күшіне енген іс-құжаттарымен жұмыс істеді. Осылайша күнделікті заңдағы өзгерістерді біліп қана қоймай, оның қолданылуын жетік меңгеріп алған Шырын Қалиқызы үш жыл Жалағаш аудандық пробация қызметінде аға испектор болып еңбек етті. «Уақыт зымырап өтеді екен. Алғаш жұмысқа орналасқан уақытта, қызметімді қиынсынып, басқа салаға ауысқым келген. Өз мамандығым бойынша табанды еңбек етуге бел будым. Содан бері жиырма жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Қыз балаға ауыр болса да, көп ізденіп, көп еңбектендім. Бұл салаға келуіме себепкер болған ағам Ораз Қалиұлының ұлағатты ісі мен бейнесі менің осы қызметтегі үлгі тұтар тұлғам болып қала бермек. Аллаға шүкір, қызметте ғана емес, отбасылық өмірде де бағым жанды»,- дейді әділет майоры Шырын Қалиқызы.
Ағаларының милиция формасына қызығып, құқық қорғау саласын таңдаған Эльвира Пазылқызы да, бүгінде әділет майоры. Заңгерлік білім алып, еліне адал қызмет етемін деген арманмен Қылмыстық- атқару жүйесі саласына келеді. Содан бері осы салада 15 жыл үздіксіз қызмет етіп келеді. Бірнеше мәрте ҚР ІІМ-нің, ҚАЖ комитетінің Грамота, Алғыс хатымен марапатталған. Осы марапаттың барлығы оның қызметіне деген адалдығы, уақытпен санаспай, тынбай еңбек еткені үшін берілген.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің аға инспекторы әділет майоры Айым Таукенова осы салада 15 жылдан бері қызмет етуде. Ішкі істер органының қызметкері болуды балалық шағынан армандаған Айым орта мектепті бітірген соң, ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясын бітіріп, еңбек жолын Қызылорда қалалық қылмыстық-атқару инспекциясында инспектор лауазымынан бастап, аға инспектор қызметіне дейін көтеріледі. Бір салада 15 жыл жұмыс жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Қылмыс жасаған жандармен жұмыс жасау, оларды қоғамға бейімдеу, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетумен қатар қайта қылмыс жасамауы үшін де профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Айым Таукенова қызметте ұқыпты, жауапты қызметкер ретінде өзге әріптестеріне үлгі бола білді. Еңбегі еленіп, ҚР ІІМ-нің, ҚАЖ комитетінің Грамота, Алғысхатымен марапатталған. Айымның жолдасы Бағдат та ҚАЖ саласында қызмет етеді. Екеуі екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
Нәзіктік пен қайсарлық бір-біріне қиыспайтындай көрінеді. Алайда бұл асыл қасиеттер Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің нәзік жанды қызметкерлерінің бойынан табылады.
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті
[xfvalue_img]