Елордалық сақшылар арасында «Парасатты полицей» байқауы өтті
Астана қаласы Полиция департаменті бөліністерінің қызметкерлері арасында «Парасатты полицей» байқауы ұйымдастырылып өткізілді. Бұл байқаудың мақсаты елордалық полиция қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, полиция қызметкерлерінің қоғамдағы оң имиджін қалыптастыру, тәртіп сақшыларының бойында Отанына, еліне, тіліне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін арттыру болып табылады. Байқауға елордалық ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы, Патрульдік полиция полкінің, «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл», «Байқоңыр» аудандары Полиция басқармаларының командалары белсене қатысты. Полиция қызметкерлері үш тур бойынша өнер көрсетті.
Әр команда бұл байқауға жоғары дайындықпен келген. Бірінші болып өз өнерін көрсеткен «Есіл» ауданы Полиция басқармасының «Жалын» командасы өз таныстыруларын қазақтың қара домбырасымен бастап, жұртты тәнті етті. Ал екінші турда полиция қызметкерлерінің қоғамдағы оң имиджін қалыптастыруға арналған «Мамандығым - мақтанышым» атты бейнетүсірілім көрсетілді. Осы тур бойынша Патрульдік полиция полкінің және Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың әзірлеген бейнетүсірілімдері үздік болып танылды.
Сайыстың соңғы туры «Елдің тарихы - ұлы тарих» деп аталды. Командалар қазақ халқының ақын-жазушыларының шығармаларынан сахналық көріністер көрсетті.
Байқауға әділ бағасын беріп, жеңімпаздарды анықтау үшін қазылар алқасы құрылды. Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасы ІІМ Ақпараттық саясат департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция полковнигі Иманқұлова Шолпан Амангелдіқызы, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің «Сақшы» газетінің шеф-редакторы Жылқышинова Айнұр Қайырбайқызы, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» Коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас маманы Жайлау Салтанат Қамзақызы, сондай-ақ Астана қаласы ПД мұражайының ғылыми қызметкері Уайсова Шынар Нұржанқызы, Астана қаласы ПД Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Кузбакова Әсел Қайырбекқызы болды.
Қазылар алқасының шешімімен І орынға «Есіл» ауданы Полиция басқармасының «Жалын» командасы, ІІ орынға Патрульдік полиция полкінің «Ел қорғаны - ер жігіттер» командасы, ІІІ орынға Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың «Барыс» командасы ие болып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ «Сарыарқа» ауданы Полиция басқармасының «Сарыарқа қырандары» командасы «Ұйымшыл команда» номинациясына, «Байқоңыр» ауданы Полиция басқармасының «Оқжетпес» командасы «Мемлекеттік тіл - менің тілім» номинациясына ие болды. Бұған қоса ерекше көзге түсіп өнер көрсеткен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың «Барыс» командасы «Өнерлі команда» номинациясына ие болды.
Жоғары деңгейде актерлік шеберлік танытып, қоңыр даусымен ән салып, көпшілікті тәнті еткен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы полиция лейтенанты Серік Бауыржан «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды. Аталған іс-шара жоғары деңгейде өтті, бұл жолы да полиция сақшылары өздерінің сегіз қырлы, бір сырлы екендерін көрсете білді.
[xfvalue_img]