Көлік министрлігі Латвия, Литва және Эстония елдерімен қосымша рұқсаттама бланкілерінің санын арттыруда
ҚР Көлік министрлігі халықаралық жүк тасымалы саласында жұмыс істейтін отандық тасымалдаушылар үшін жағдай жасау бойынша кешенді жұмысты жалғастыруда. Ведомство басшысы Марат Қарабаев Қазақстанның Латвия, Литва және Эстониямен автотасымалдау саласындағы қол жеткізілген уағдаластықтары туралы мәлімдеді.
"Қазіргі таңда қазақстандық тасымалдаушылардың Еуропа елдерінің рұқсат бланкілеріне қажеттілігі күрт өсті. Латвия, Литва және Эстониядан алынған өзара алмастырылатын рұқсат бланкілерінің 70 пайыздан астамы қазақстандық тасымалдаушыларға пайдалану үшін берілген. Іссапар барысында қазақстандық тарапқа рұқсат бланкілерінің қосымша санын бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Атап айтсам, Латвия – 6 мың, Эстония – 800 және Литва – 3 мың бірлік рұқсат бланкісін бермек. Биылдың өзінде бұл елдерден алынған рұқсат бланкілерінің жалпы саны шамамен 29 мың бірлікке жетті. Бұл бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Қосымша рұқсат бланкілері санының артуы Қазақстан мен Еуропа елдері арасындағы тауар айналымының өсуіне, сондай-ақ тасымалдау құнының төмендеуіне ықпал етеді", - деп атап өтті министр Қарабаев.
Ақпарат үшін:
Биыл Латвиядан 18 мың, Эстониядан 2 400 дана, ал Литвадан 8 мың дана рұқсат бланкісі алынды.
Отандық тасымалдаушылар тарапынан рұқсат бланкілеріне қосымша қажеттілік туындаған жағдайда, жоғарыда аталған елдер бұл мәселені оңынан шешуге келісімін берді.
Сонымен қатар, ҚР Көлік министрлігі қазақстандық автокөліктерді шекарада жедел өткізу үшін жағдай жасау мәселесін пысықтауда. Осылайша, қазақстандық көлік құралдарының өткізу пункттері арқылы жедел өтуі үшін қазақстандық тараптың Латвия шекарасында өкілдігінің болуы ретке келтірілмек.
ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
[xfvalue_img]