Бірнеше адамды алдап, үлкен шығын келтірген петропавлдық әйел бас бостандығынан айырылды
Петропавл полицейлері 30 жастағы қала тұрғыны жасаған бірқатар алаяқтық эпизодтарын ашты. Ешқайда жұмыс істемейтін әйел бірнеше жыл бойы таныстарын алдап, түрлі себептерді сылтау етіп қарызға ақша сұрап келген, әрі өзін табысты кәсіпкер ретінде таныстырған. 2019 жылы алаяқ әйел жәбірленушілердің бірін сендіріп, шұғыл түрде жылжымайтын мүлік аламын деп ақша сұрап алған. Алданып қалғанын білмеген әйел пәтерін кепілге қойып, ірі сомада несие алады. Нәтижесінде оған 12 миллион теңге шығын келтірілді.
Петропавл қ. полиция басқармасының тергеушілері күдіктінің қылмыстық әрекетін тергей келе 45 мыңнан бірнеше миллиондаған теңгеге дейінгі шығын келтірілген алаяқтықтың 10 эпизодын анықтады. Біршама уақыт өтсе де жәбірленушілердің көпшілігі оған сеніп, берген қарыздары қайтарылады деп ойлаған. Полицияға тек төртеуі ғана жүгінген.
Өзгелердің ақшасына күн көруді әдетке айналдырған әйел 2023 жылдың көктемінде кондитерлік өнімдер мен жидектерден құралған гүл шоқтарын сату туралы хабарландыруларды интернет кеңістігінде орналастыра бастаған. Клиенттердің біріне берген тапсырысқа сәйкес келмейтін тәтті гүл шоғын жіберген. Ал басқа адам уәде етілген тауарды мүлдем алмаған. Осылайша тағылған айыпқа интернет-алаяқтықтың екі эпизоды қосылды.
Биылғы жылғы наурызда Петропавл қалалық соты әккі әйелге 4 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындап, келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді. Үкім заңды күшіне енді.
Игорь Мерцалов
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]