Су тасқынына байланысты республикалық маңызы бар 6 автожолда қозғалысқа шектеу енгізілді — Көлік министрлігі
Үкімет отырысында Көлік министрі су тасқынына қатысты автомобиль және теміржолдардағы жағдай туралы баяндама жасады
Көлік министрлігі басшысының ақпараты бойынша, су тасқыны кезеңі басталғаннан бері республикалық трассаларда 66 су басу жағдайы тіркелген. Қазіргі уақытта 5 республикалық жолда, атап айтқанда «Омбы-Майқапшағай», «Подстепное-Федоровка», «Қызылорда-Павлодар», «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз», «Мариновка ауылына кіреберіс» (БҚО, Қарағанды, Қостанай, Абай және Ұлытау өңірлері) су басу фактілері орын алған.
Жалпы республикалық автожолдар желісінде бұрын 396 су тасқыны қаупі бар учаске (ұзындығы 208 км), 68 көпір және 650 су өткізу құбыры анықталған болатын. Олардың барлығы үнемі бақылауда. Уәкілетті ұйымдар тәулік бойы кезекшілік және патрульдеу ұйымдастырды.
Осы ретте 24 мың текше метр ПГС және құм, 8 мың текше метр қиыршық тас, 56 мың қап дайындалды.
«Су тасқынына қатысты жағдайды бақылауда ұстау үшін министрліктің тәулік бойы жұмыс істейтін Ахуалдық орталығы және «Қазавтожол» диспетчерлік қызметі бар. Бұрын-соңды дайындалған инертті материалдар су тасқынына қарсы алдын алу шаралары үшін пайдаланылып жатыр, сондай-ақ еріген суды кедергісіз өткізу бойынша жедел шаралар қабылдануда. Бұдан басқа, елді мекендерді су басудың алдын алу мақсатында еріген қар суын үлкен көлемде өткізу үшін жолдарды мәжбүрлі бұзу бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деді Марат Қарабаев.
Биыл 28 наурызда Ақтөбе облысы Самара-Шымкент жолының учаскесінде Ырғыз өзені арқылы өтетін көпірдің кіреберісін су шайып кетті. Жол тәулік ішінде қалпына келтіріліп, қозғалыс қамтамасыз етілді.
Бұдан басқа, 30 наурызда Қарағанды облысы Бастау-Ақтау-Теміртау жолының Нұра станциясы аймағында орналасқан елді мекенді сақтау үшін жол төсемі мәжбүрлі бұзылды. Су деңгейі төмендегеннен кейін жолдың бұл бөлігі қалпына келтірілетін болады.
Ақтөбе облысында Қандыағаш-Ембі және Солтүстік Қазақстан облысында Көкшетау-Омбы жолдарының участкелерінде жол төсемінде аздаған зақым тіркеліп, оларды жою бойынша жедел шаралар қабылданды.
«Су тасқыны қаупі бар учаскелердің санын азайту үшін автожолдарды реконструкциялау және жөндеу шеңберінде жасанды құрылыстарды қосымша орнату, су өткізу құбырларының диаметрлерін және олардың санын ұлғайту және жер төсемі үйіндісінің биіктігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірінші кезекте апаттық көпірлер жөнделеді», - деді министр.
Теміржолда ұлттық оператор тасқынға қарсы 45 пойыз жасақтады. Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдарымен бірлесіп, теміржолдардан жоғары орналасқан 83 су қоймасы мен бөгеттердің жағдайы тексерілді. Еліміз бойынша 5 облыста, атап айтқанда Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Ұлытау өңірінде магистральдық жолдардың бойында су жиналуы байқалады. Бұл жерлерде тұрақты бақылау жүргізілуде. Қауіпті учаскелер мен көпірлерде қозғалыс жылдамдығына сағатына 25 км-ге дейін шектеу енгізілді. Қазіргі уақытта теміржолдарда жағдай тұрақты, су басу және бұзылу қаупі жоқ.
ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
[xfvalue_img]