Солтүстікқазақстандық полиция ардагері ата-анасының депортациялануы туралы айтты
Алғыс айту күні – 20 астам ұлт өкілі қызмет атқарып жүрген солтүстікқазақстандық полицейлер үшін маңызды дата. Олардың арасында 30-40-жылдары Қазақстанға депортацияланған ұлттардың да ұрпақтары бар.
Солардың бірі – отставкадағы полиция майоры Иосиф Шушковский. Ширек ғасырға жақын, дәлірек айтқанда, 24 жыл 10 ай 27 күн ішкі істер органдарында қызмет атқарған. Қазіргі Тайынша ауданы ішкі істер бөлімінің кезекші бөлімінен аға инспектор лауазымынан зейнетке шыққан. Бүгінгі таңда ол аудандық ішкі істер органдарының ардагерлер ұйымына жетекшілік етуде. Естелік дата қарсаңында Иосиф Шушковский 1936 жылы басқа поляктармен бірге Украинадан ата-анасының қалай депортацияланғаны жайлы жерлестеріне айтып берді.
Тауар вагондарында жол бойы көрген ауыртпалық, азық-түліктің жетіспеушілігі, суық климат, қатаң коменданттық бақылау – ардагер полицейдің сөзінен сол кезеңнің қиыншылықтарын көруге болады. Жер аударылған ұлттардың аман қалуына қазақ халқының қамқорлығы үлкен көмек болды дейді полиция ардагері.
Шектеулер алынып тасталса да, Шушковскийлер отбасы қоныс тепкен жаңа өлкелерінде қалуды жөн көрген. Бүгінде олардың ұрпақтары туған Отаны – Қазақстанның дамуына үлестерін қосып келеді. Иосиф Станиславовичтің ұлы Анатолий Шушковский әкесінің ізін қуып, Тайынша ауданының полиция бөлімінде майор шенінде инспектор-криминалист болып қызмет атқарып жүр.
«Бұның барлығы депортацияланғандардан ештеңесін аямай, құшақ жая қарсы алған қазақ халқының арқасында мүмкін болды, - дейді осындай бейнероликті дайындауға бастамашылық білдірген СҚО бойынша ішкі істер органдары және ҚР Ұлттық ұланы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов. – Полиция ардагерлері Алғыс айту күнін жерлестерімен және барша қазақстандықтармен бірге қарсы алып жатқандарына өте қуанышты».
Игорь Мерцалов
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]