Сауд Арабиясына экспорт: АШМ басшысы ҚазСтандарт базасында Халал орталығын ашуды ұсынды
ҚР АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев пен Сауд Арабиясының Қоршаған орта, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдулрахман Альфадли қазақстандық агроөнімдерді корольдікке экспорттау мәселесін талқылады. Келіссөзді ұйымдастыруға «Kazakh Invest» ҰК» АҚ жәрдемдесті.
Ербол Қарашөкеев Сауд Арабиясы экспорттаушыларының тізіліміне 34 отандық ет өнімдері мен бал өндірушілері кіргенін, қазақстандық өнімнің алғашқы жеткізілімдері жүргізілгенін атап өтті. Алайда, тамыз айында Saudi Halal Centre рұқсатын алу қажеттілігі бар жаңа ереже енгізілді.
Аталған мәселеге орай АШМ басшысы Сауд Арабия делегациясынан корольдікке жеткізу мәселесін шешуді қарастыруды, сондай-ақ Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін одан әрі экспорттау мақсатында сынау үшін бірлескен Сертификатталған Халал орталығын іске қосуды ұсынды.
Ербол Қарашөкеев бұл жұмысты Қазақстандық стандарттау және метрология институтының базасында жүргізуді ұсынды.
Министр ынтымақтастық перспективалары туралы айта келе, қазақстандық тараптың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру саласындағы жобаларды дамытуға қызығушылығын атап өтті. Ербол Қарашөкеев Сауд Арабиясының компанияларын корольдікке одан әрі экспорттау үшін Қазақстан аумағында өндірістерді ашуға шақырды. Кездесу кезінде «Динара Групп» агрохолдингінің өкілі ауыл шаруашылығы жобалары бойынша инвестициялық ұсыныстарын таныстырды.
Сонымен қатар, АШМ басшысы әріптестеріне Қазақстан мен Сауд Арабиясының Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының алаңындағы ынтымақтастығы туралы айтып берді. Оның пікірінше, аталған ұйым аясындағы жұмыс ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және екі елдің арасындағы гуманитарлық және экономикалық байланыстарды қолдауға ықпал етеді. Сондай-ақ араб тарапына «Бәйтерек» ҰБХ-мен бірлесіп аграрлық қор құру бағыты ұсынылды.
Айта кетейік, Сауд Арабиясы аумағының кеңдігіне қарамастан, оның көп бөлігін құрғақ шөл алып жатыр. Бұл Корольдікті өз халқының қажеттіліктері үшін азық-түліктің 80%-дан астамын әлемнің басқа елдерінен импорттауға мәжбүр етіп отыр. Қазіргі уақытта Сауд Арабиясы корольдігі жерінің шамамен 1,5%-ы ғана егістікке жарамды, себебі қоршаған ортаның жағдайлары қатал және экстрималды температураға байланысты ауыл шаруашылығы үшін қолайсыз.
[xfvalue_img]