ҚР ИИДМ басшысының орынбасары азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова Астана, Алматы және Қарағанды қалаларының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады
Азаматтардың тарапынан шағын бизнесті дамыту, баспана алу және тұрғын үй қатынастарына байланысты сұрақтар қойылды. Мәселен, кәсіпкер З.Жұманова қазақстандық қолөнершілердің басын қосып, демалыс күндері арнайы жәрмеңке ұйымдастыруға қолғабыс етуді сұрады. «Бұл қолөнерді дамытудың тиімді тетігіне айналып, дәстүрлі өнерді қолдаудан бөлек шығармашылықты кәсіп еткен қазақстандық шеберлерді қызметін жалғастыруға ынталандырар еді», деді кәсіпкер.
Алматылық тұрғын Г.Өтепалиева «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден кейін мердігер ұйымның кепілдік міндеттемелері негізінде көппәтерлі тұрғын үйдің шатырын жөндеу мәселесін шешіп беруін өтінді.
Ал қарағандылық Г.Әбенова 2018 жылдан бері 1-топтағы мүгедек ретінде тұрғын үйге кезегінде тұрғанын айтып, баспанаға мұқтаж екенін жеткізді. Дәл осындай мәселемен вице-министрдің қабылдауына О.Әбдірайым жазылды. Бұл азамат үй кезегінде 2012 жылдан бері тұр.
Барлық өтініш берушіге мемлекеттік қолдау шараларын алу жолдары түсіндірілді. Көппәтерлі тұрғын үйдің шатырын жөндеу мәселесіне келсек, анықталған олқылықты жою жөніндегі ескерту мердігер ұйымға жіберілгені туралы айтылды. Егер де тиісті ескертулер елеусіз қалған жағдайда жергілікті атқарушы орган сотқа арыз беріп, шағымданатын болады.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
39 пікір