"Альфардтармен" жол ережесінің бұзылуы жалғасуда: жылдамдықты арттыру, заңсыз құрылғылар орнату
"Абайлаңыз, балалар!" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғынының басқаруындағы "Toyota Alphard" маркалы автокөлігі тоқтатылды. Автокөлікті тексеру барысында полицияның қызметтік көліктерінде болатын сигналдық дыбыс ұлғайтқыш құрылғы (СДҚ) орнатылғаны анықталды. Сонымен бірге, автокөлік салонынан спорттық бита құралы табылды. Оның қандай мақсатта қолданылғаны әзірге белгісіз. Анықтау мақсатында бұл зат тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Сондай-ақ, газ баллонды жабдықтарын заңсыз орнату дерегі анықталды.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 603-бабы 2-бөлігі (Көлік құралында арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу не жедел және арнайы қызметтер автомобильдерінің арнайы түсті-графикалық схемаларын заңсыз салу), ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 7-бөлігі (Рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Автокөлікті заңсыз қайта жабдықтағаны үшін полиция қызметкерімен бұзушылық жойылғанға дейін көліктің нөмірі алынды.
- Біз жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. "Альфард" маркалы автокөлік жүргізушілерімен жиі жол-көлік оқиғасы орын алады, олар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, белгіленген жылдамдықты шектен тыс асырып, 200 км/сағ жылдамдықпен жүргізеді. Ал, бұл қайғылы жағдайға әкелуі әбден мүмкін. Жүргізушілерге жол қателіктерді кешірмейтінін естеріне салғым келеді! Адамның өмірі өте қымбат. Жолға шыққанда, қолыңызда АДАМның өмірі тұрғандығын әрдайым есте ұстаңыздар, - деді Жамбыл облысы ПД ППБ командирінің міндетін атқарушы полиция подполковнигі Дәулет Жанғабылов.
Ағымдағы жылдың 4 айында өңір аумағында 305 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 42 адам қаза тапты, оның 12 - сі балалар. 459 азамат түрлі дәрежеде жарақат алды.
[xfvalue_img]