Қазақстанның авиациялық билігі дрон иелерімен өзара іс-қимылды нығайту үшін арнайы telegram арнаны іске қосты
Dronekazakhstan арнасы ұшқышсыз ұшу аппарат иелеріне ҚР-ның әуе кеңістігін пайдалану мәселелері бойынша кеңес беріп, тиісті заң мәселелеріне байланысты жәрдем көрсетеді. Сондай-ақ салалық нормативтік актілердегі өзгерістер мен ұшу жөніндегі шектеулер туралы хабардар етіп отырады.
Бұл ретте telegram-дағы арнаны ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен бірлесіп, ашқанын айта кетейік.
Dronekazakhstan ҰҰА қолданып жүрген барлық азаматқа пайдалы болады деп күтіліп отыр. Өйткені мұнда қажетті мәліметтер мен түсініктемелер, сондай-ақ осы аппараттардың қолданылуын реттейтін нормативтік-құқықтық актілердегі өзгерістер туралы ақпарат жарияланып тұрады. Бұдан басқа еліміздің авиациялық билік орындары бұл арқылы дрон иелерін ұшуға тыйым салынған аймақтар бойынша үйлестіріп, өңірлерде өткізілетін ауқымды іс-шаралардың жоспарына байланысты уақытша шектеулер туралы құлағдандырып отырады.
Осы орайда ҰҰА қолданатын азаматтар көкейкесті сұрақтарды жолдап, құзырлы органдардың тарапынан қажетті жауапты ала алатынын айта кету керек.
«Қымбатты достар, біз аталған арнаны ҰҰА-мен жұмыс істейтін жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау үшін құрып отырмыз. Өзекті мәселелерді белсенді талқылауға қатысуларыңызды сұраймыз. Мұнда барлық сұрақты қоя аласыздар. Осы жерде ҚР ИИДМ ААК мен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ қызметкерлері кез келген сауалға жауап беруге дайын. Біз міндетті түрде жауап беріп, көмек көрсетеміз», деді арнаның авторлары.
Сондай-ақ жобаның жетекшілері жаңа арнаның жұмысында қандай да бір кемшіліктер туындаған жағдайда оған түсіністікпен қарауды сұрайды.
Қазірдің өзінде аталған арнада ұшуға тыйым салынған аймақтардың тізімі, ҰҰА-рын Қазақстанның әуе кеңістігінде пайдалануды реттеп, есепке қою мен НҚА-дегі оларға қатысты өзекті ережелер орналастырылған. Сонымен қатар мақсатты аудиторияға «Қазаэронавигация» РМК сайтын пайдалана отырып, интернет пен v3.0 телефон байланысы арқылы ұшу жоспарларын ұсынудың тәртібі түсіндірілді.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі
[xfvalue_img]