Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге өзгерістер енгізу жоспарлануда
ҚР ИИДМ-нің «Ашық сағат алаңында» өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасау ережелеріне өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылды.
Жиында министрліктің Индустриялық даму комитетінің, Қазақстанның автомобиль бизнесі қауымдастығының және машина жасау саласындағы отандық кәсіпорындардың өкілдері бас қосып, саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
Мәселен, енді көлік құралдарына өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімді жасау үш кезеңде жүзеге асырылады деп көзделіп отыр. Атап айтқанда, бірінші кезеңде өтініш беруші көлік түрлерін өндіру бойынша инвестициялық келісімшартқа қол қояды. Сондай-ақ зауытты салу мен өндірістік жабдықтарды сатып алуды жүзеге асыруы тиіс.
Автомобиль құрастыру, арнайы және ауылшаруашылық машиналарын жасау басқармасының басшысы Руслан Хисамутдиновтың айтуынша, екінші кезеңде өтініш беруші тиісті құжаттарды тапсырып, өтініш жазады. Осыдан кейін арнайы комиссия кәсіпорынға барып, тексеріс жүргізеді.
«Қазір электронды форматта өтініш беру мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ әр кезеңді нақты мерзіммен ретке келтірге жөн. Көшпелі комиссияның хаттамалық шешімінен соң ЭЦҚ-ның көмегімен электронды форматта келісімге қол қою жоспарланып отыр», деді Р.Хисамутдинов.
Үшінші кезеңде өндіріс процесін оқшаулауды бағалаудың балдық жүйесіне сәйкес жеңілдіктер мен артықшылықтар беру мәселесі қаралады. Өндірістік оқшаулау процесі тереңдеген сайын қолдау шаралары да соған сай жан-жақты сараланып көрсетіледі деп көзделген.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі
[xfvalue_img]