Қазақстанның автожолшылар қауымдастығының өкілі арнайы Ұлттық бағдарлама әзірлеуді ұсынды
Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтиярдың төрағалық етуімен алқалы отырыс болып өтті. Жиынға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы, Қазақстан автожолшылар қауымдастығы мен мердігер ұйымдарының өкілдері қатысты.
Конференцияны бастаған Жамбыл Бақтияр тендерлік рәсімдерді өткізуде халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, сондай-ақ бәсекелестікті арттыру мақсатында заңнамаға енгізілетін өзгерістер туралы баяндап берді. Ол сондай-ақ бүгінгі таңда мердігер ұйымдарының конкурсқа аз қатысып жатқанын мәлімдеді.
Сөз кезегінде түрік компаниясының өкілі шетелдік мердігерлердің басым бөлігінің конкурсқа қатыспау себептерін ашық айтты.
«Біріншіден, қазақстандық банктер өздерінің уәде еткен кепілдіктерін толыққанды орындамайды. Осы ретте тендерлік өтінімде банктік кепілдікті алуда тапсырыс беруші тарапынан бюрократиялық рәсімдерді және біліктілік талаптарын қысқарту бойынша ықпал жасауды сұраймыз», – деді Узунай Барыш.
Сонымен қатар шетелдік компания өкілі техниканы жеткізуде де бірқатар қиындыққа тап болатынын алға тартты.
Ал, Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетов мердігерлердің алдында туындайтын тағы бірқатар түйіткілді мәселелерді тізіп берді. Б.Баймағамбетовтің айтуынша, автожол жобаларына бюджеттен қаражаттың бөлінуі ұзақ уақытты талап етеді. Сәйкесінше, жобалық-сметалық құжаттамадағы көрсетілген материал мен жұмыс құны шарықтай түсіп, құрылыс маусымына дейін ұсынылған бағалар күрт өзгереді.
«Мәселен, жобалық-сметалық құжаттама әзірлегенде битумның бағасы 80 мың теңге деп көрсетілсе, құрылыс маусымында ол 180-200 мың теңгеге дейін шарықтап кетеді. Себебі саудагерлер бұл материалды ерте сатып алады да, кейіннен екі-үш есе қымбаттатып сатады. Бұдан бөлек, жолдағы құрылыс жұмыстары мамыр айынан өз бастауын алып, қыркүйек айына дейін жалғасатыны белгілі. Осы ретте қаражатты тек жаз айларына ғана емес, екі-үш маусымға созылатын жобаның ақшасын бірден берсе, тиімді болатын еді», – дейді Бағлан Әуелбекұлы.
Мердігерлердің мәселесін шешу үшін Қазақстан автожолшылар қауымдастығының өкілі 2023 жылдан бастап 2040 жылдарға дейін жүзеге асырылатын Ұлттық бағдарлама әзірлеу қажет екенін алға тартады.
«Аталған бағдарлама шеңберінде мердігер жобаны өзі жасап, жүзеге асырып, кейін сол жолды өзі қадағаласа, жақсы болар еді. Мәселен, 20 жылдық мерзім көлемінде. Мердігер тек жолдың құрылысымен ғана айналысып қоймай, сонымен бірге оны күтіп ұстаса, оның жауапкершілігі де арта түседі», – деп түйіндеді Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті.
Жиынды қорытындылаған Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр өзекті мәселелерді шешу үшін еліміздегі іске асырылып жатқан автожол жобаларын толықтай FIDIC қағидаттарына көшіру қажет екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта дамыған мемлекеттердің бәрі осы FIDIC заңнамасымен жұмыс істеп жатыр. Жобаны сызу, орындау, бақылау FIDIC арқылы жүзеге асырылады. Себебі, құрылыс материалдары қымбаттаған жағдайдың өзінде мердігерлер алаңдамайтын болады», – деді Жамбыл Бақтияр.
[xfvalue_img]