Маңғыстау облысында автокөлік жолдары саласындағы 12 жоба іске асырылуда – ҚР ИИДМ
Бүгінде жол жөндеу жұмыстары жалпы ұзындығы 181 шақырымды құрайтын өңірдегі жергілікті маңызы бар жолдарда жүргізілуде. Оның 11 шақырымы орташа, ал 170 шақырымы күрделі жөндеуді қамтиды.
Атап айтқанда, «Ақтау – Форт-Шевченко» бағытындағы жол желісінің 18 шақырымында асфальт жабынының екі қабатын және 6 шақырымында жолдың төменгі қабатын төсеу жұмыстары іске асырылды.
Ал Өмірзақ ауылына кіреберіс жолды жөндеу жұмыстары 90 пайызға орындалса, бұл бағыттағы жолдың «Жылы жағажай» курорттық аймағына дейін жалғасатын аумағы аяқталу деңгейінде. Осы ретте айта кетейік, биыл Ақтау қаласының «Жылы жағажай» ауданында жалпы ұзындығы 71 шақырымды құрайтын 5 жоба орындалуда. Реконструкциялау аясында автомобиль жолы 4 жолаққа дейін кеңейтіліп, жарық бағаналары орнатылды және жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен веложолдар салынды.
Ал орташа жөндеу жұмыстары аясында «Маңғышлақ станциясының айналма жолында» жол төсемін орнату, жиектерді нығайту және қозғалыс бөлігін белгілеу бойынша жұмыстар жалғасуда. Аталған жобаны жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ Қарақия ауданының «Мұнайшы ауылына кіреберіс жолы» аумағында да орташа деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек Басқұдық және Маңғыстау ауылдарының арасын жалғайтын жолда асфальт төсеу және жиектастарды орнату жұмыстары іске асуда. Ал «МАЭК» бастоғанынан Құрық теңіз портына дейінгі және «Ақтау – Қаламқас» пен «Таушық – Шетпе» бағыттарындағы автомобиль жолдарында реконструкциялау жұмыстары қарқын алған.
Жол жөндеу жұмыстарының сапасы тапсырыс берушінің, техникалық қадағалау ұйымының және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ның тұрақты бақылауында.
Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысындағы жолдардың үлесін 97 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі
[xfvalue_img]