Қазақстанда ветеринария қызметі түбегейлі өзгереді
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов ветеринария жүйесін реформалау туралы айтып берді.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы қойған міндеттерге қол жеткізу үшін ветеринарлық қызметке аудит және талдау жүргізіліп, ветеринарияны реформалау бойынша шаралар әзірленді. Аталған шаралар сарапшылармен, бизнесмендермен, салалық қауымдастықтармен және мемлекеттік органдармен бірнеше рет талқыланды. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша ветеринария жүйесін реформалау жөніндегі Жол картасы бекітілді.
Атап айтқанда, әкімдіктердің 6 функциясын ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне беру ұсынылып отыр. Қызмет мамандары эпизоотиялық ошақтарға тексеру жүргізеді, эпизоотологиялық тексеру актілерін береді, карантин және шектеу іс-шаралары туралы шешімдер қабылдайды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарға ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуге лицензиялар береді және т. б. шаралар көзделген.
"Бұл ретте әкімдіктердің ветеринарлық мамандарының ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыру бойынша қызметтер көрсету, сондай - ақ иесіз иттер мен мысықтарды аулау және жою сияқты ерекше функциялары алынып тасталады",- деді вице-министр.
Бүгінде саладағы проблема әкімдіктердің тиімсіз жұмысы болып отыр. Атап айтқанда бұл ветеринариялық препараттардың ұзақ мерзімді орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуына байланысты.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру үшін сырғаларды сатып алу функцияларын жергілікті атқарушы органдарға беру жоспарланған.
"Бұл ретте жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі жануарлар үшін биркалар тегін беріледі, өйткені сатып алу бюджет есебінен жүзеге асырылады. Ал ұйымдасқан шаруашылықтар (ШҚ, ФҚ, ЖШС және т.б.) оларды құлақ биркасы, радиожиілік биркасы немесе тері астындағы чиптер болсын, өз қаражаты есебінен сатып ала алады", - деп толықтырды Рүстем Құрманов.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы жануарларының мал басын уақтылы егу үшін заңнамалық деңгейде отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу мәселесі пысықталатын болады, бұл өз уақытында өзекті штаммдары бар вакциналардың қажетті көлемде қолжетімді болуына мүмкіндік береді. Өйткені әлемдегі эпизоотиялық жағдай үнемі өзгеріп отырады.
Ветеринария саласындағы цифрландыру шеңберінде "ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру" мобильді қосымшасы әзірленеді, ол мал басының деректер базасын құруға мүмкіндік береді.
Ветеринария процестерін цифрландыруды және автоматтандыруды жүргізу статистикалық деректердің дұрыстығын қамтамасыз етіп, ветеринариялық дәрігерлерді қағазбастылықтан босатады, экспортқа/импортқа рұқсат беру құжаттарын алуды жеңілдетіп, сондай-ақ субсидиялар мен жеңілдікті кредиттер алу кезінде сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық тәуекелдерді төмендетеді.
Жоғары білікті жас маман тапшылығының орнын толтыру үшін осы жылдың бірінші тоқсанынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ветеринарлардың жалақысы орта есеппен 33,4% өсті. 2022 жылдың соңына дейін одан әрі 60% дейін көтеру жоспарланып отыр. Осыған байланысты, бәсекелестік секторы жоқ жерлерде аудандық жарықтандыру станциялары мен ветеринарлық пункттердің ақылы қызметтерінің көлемін ұлғайту туралы шешім қабылданды.
Тиісті заңнамалық базаны қабылдай отырып, 2023 жылдан бастап коммуналдық ветеринариялық кәсіпорындар ветеринариялық мамандарының лауазымдық жалақысына 50% және зиянды еңбек жағдайлары (патогендігі 1-ші және 2-ші санаттағы биоагенттермен жұмыс істеу) үшін мемлекеттік коммуналдық мекемелердің базалық лауазымдық жалақысына 140% қосымша ақыны, сондай-ақ сауықтыру құралы ретінде 2 лауазымдық айлықақы төлеуді жүзеге асыру көзделеді.
"Жоғары білім және ғылым министрлігіне ветеринарлық мамандықтар бойынша ауылдық квотаны 30% - дан 70% - ға дейін арттыру бойынша ұсыныс енгізілді. Ұлттық экономика министрлігіне "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында ветеринарларға көтерме жәрдемақы көлемін арттыру туралы ұсыныстар жіберілді", - деді Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары.
Айта кетейік, бұл аталған мәселелер қазір әзірленіп жатқан "Ветеринария туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасында көрініс табатын болады.
[xfvalue_img]