Қолдағы барымды қанағат етпегеніме өкінемін .
ЗК-169/1 тергеу изоляторының шаруашылық бөліміне қалдырғандар арасында әртүрлі қылмыс жасап түскендер бар. Бірақ олардың барлығына ортақ нәрсе ол - өкініш. Яғни, олар бостандықтағы күндерін бағалай алмағандықтарына өкінеді. Соның бірі Санжар есімді азамат. Бұл азамат ҚР ҚК-нің 188-бабының 1, 3 – бөліктері бойынша қылмыс жасағандықтан, 5 жылға бас бостандығынан айрылған.
- Мен жоғарғы оқу орнын бітіргенмін. Мамандығым бойынша технологпін. Аулымда өндіріс орны болмағандықтан жұмыс жасамай отырып қалдым. Үйленіп, отбасын құрған соң, жанұямды асырау мақсатында, шаруа қожалығына малшы болып жалданып еңбек еттім. Таза ауада, күннің атысынан, батысына дейін жүзге жуық ұсақ мал мен жетпістен асатын жылқы жайып жүрдім. Еңбегіме қарай ай сайынғы алатын жалақымда жақсы болды. Тамағым тегін. Таза, құнарлы өнімдерді ішіп-жеп тұрдым. Қожайыным мырза болғандықтан үйдегі бала-шағама деп, сүт, ет өнімдерін беріп тұрды. Шыны керек жас жанұя болсамда бір-екі жылда біраз қаражат жинап, үй салып, туыстарымның, достарымның алды болдым. Бірақ, қолдағы барымды қанағат тұтпай, мал иесі сияқты бай болғым келді. Сол ойымды қалай жүзеге асырсам деп жүргенде, тосын сыйға тап болдым. Күнделікті жайылымда жүргенімде бағып жүрген малыма бір топ жылқы келіп, қосылып кетті. Мамыражай жайылып жүрген малды үркітпей-ақ қояиын, кешке өзі-ақ, бөлініп кетер деп ойландым. Бірақ, сол қосылып кеткен жеті ат менің малыммен үш ай жайылымға шығып жүрді. Не керек іздеу сұрауы жоқ малды өзім иемденіп алдым. Шетінен сойып сатып, біраз қаражат қылдым. Көп малдың ішінен қожайыным бұны байқамады. Ал үйдегілер болса, еңбек ақысы деп ойлады. Жинаған ақшама жақсы айдалымдағы жеңіл көлік сатып алып қойдым. Бұған өзімде, жақындарымда мәз болды.Бірақ қуанышым ұзаққа бармады. Ұрланған малдың ииесі табылып, қылмысым ашылып, қолыма кісен салынды. Енді міне сол жеті жылқы желкемнен шықты. Мұнда отырып, бостандықтағы күнімді, сағынамын. Қолдағы барыма қанағат етпегеніме өкінемін - деп, әңгімесін аяқтады сотталған.
Ия, ұрлық түбі – қорлық. Қылмыстың өтеуі жаза. Бес жылы да өтер. Қорғанды қоршауда отырған бұл азаматтың өмірі оңай жолмен баиймын деген жандарға сабақ болса екен дейміз. Масқараланып ұрлығым шыққанша, шыңғырып шыбын жаным шықсын демекші, ұрлықпен емес, адал еңбекпен байығанның қайыры мол екенін әсте ұмытпайық.
[xfvalue_img]