Әлеуметтік қызметтер мобильді қосымша арқылы көрсетіледі
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінде ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ж. Б. Сәрсебаевтың қатысуымен «Интерактивті платформа» мобильдік қосымшасымен таныстыру бойынша брифинг өтті.
Ағымдағы жылдың сәуір айында Департаментпен Басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді.
Талдау нәтижелері бойынша 1 және 2 топтағы мүгедектерге және егде жасына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсетуге қабілетсіз адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін әлеуметтік қызметшілер жұмысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.
Сәйкесінше, Департамент Басқармаға әлеуметтік қызмет көрсету саласында ашықтықты және бақылауды қамтамасыз етуді ұсынды.
Ж.Б. Сәрсебаев өз баяндамасында облыста арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету сапасын бақылау мақсатында құрылған Интерактивті платформаны әзірлеу және іске асыру бойынша пилоттық жоба туралы айтып берді.
Жасалған мобильді қосымша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды іске асыратын үкіметтік емес ұйымдар көрсететін қызметтердің сапасын бағалауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік қызметкер қызмет көрсете отырып, атқарылған жұмысты қысқаша сипаттайды және фото растаманы тіркейді. Шалғай ауылдарда интернетке қатысты проблемалар бар екенін ескере отырып, әзірлеушілер интернетке қосылу болмаған кезде мобильді қосымшаның жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырды.
"Қосымша толығымен дербес жұмыс істей алады және желіге қосылмай-ақ деректерді жинайды, бұл шалғай аудандарда тұратын адамдар үшін маңызды. Қызмет көрсету фактісі тіркелгеннен кейін әлеуметтік қызметкер деректерді серверге жібереді, онда олар жинақталады және талданады", - деп атап өтті Ж. Б. Сәрсебаев.
Бұдан басқа, онлайн режимінде көрсетілген қызметтер тізілімі қалыптастырылады, кез келген сәтте айына, аптасына, күніне қанша қызмет көрсетілгенін көруге болады. Қызмет көрсету фактілері расталған кезде ғана акт бойынша төлем жүргізіледі.
[xfvalue_img]