Даниал Ахметов жұмыс бабымен Ұлан ауданының Бозанбай ауылына барды
Облыс әкімі бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасының іске асырылу барысын қадағалады
Аймақ басшысы бірінші кезекте ауыл мектептерінің бірінде болып, оның жаңа оқу жылына толық дайын екеніне көз жеткізді. Ғимараттың салынғанына жарты ғасырдан асса да, жағдайы өте жақсы.
«Мектеп ұжымы оқушылар үшін барлық мүмкіндікті жасаған. Жақсы жабдықталған робототехника сыныбы бар, IT-сыныпта екі оқушыға бір компьютерден келеді. Айта кету керек, облыс бойынша төрт оқушыға бір компьютерден тиеді. Бұдан бөлек, ауылда мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Онда шығармашылық ұжымдар, кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Аудан билігі келесі жылы ғимараттарды жөндеуді жоспарлап отыр», - деді Даниал Ахметов.
Содан кейін облыс басшысы аурухананың ғимаратын аралап көрді. Бүгінде ол 6 елді мекенге қызмет көрсетеді. Ғимараттың ауданы кең, жөндеу жұмыстары жақсы жүргізілген және ыңғайлы жерде орналасқан. Өскеменге жақын болғандықтан, мұнда облыстық оңалту орталығының филиалын ашуға мүмкіндік бар.
«Мен денсаулық сақтау басқармасының басшысына Сovid-19 дертімен ауырып жазылған адамдарды қалпына келтіруге арналған палаталары ыңғайлы, денсаулықты жақсартуға қажет медициналық жабдықтары бар, бәрін қамтитын жобаны дайындауды тапсырдым», - деп атап өтті Даниал Ахметов.
Аймақ басшысының айтуынша, жақында Бозанбай ауылындағы көпбалалы 6 отбасы жаңа үйге көшеді.
«Пәтерлер кең, жайлы. Ауласына бау-бақша егуге, қора салып алуға да жер қарастырылған. Аудан әкіміне мұнда тағы қанша жанұя «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысқысы келетінін білуді тапсырдым. Қазір біз бұл мәселеде қажет көмекті көрсетуге дайынбыз», - деді облыс басшысы.
Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан әкім бұрынғы аудан орталықтарын қолдау бағдарламасы аясында Бозанбайда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталғанын айтты. Ол жерде балалар ғана емес, ересек ауыл тұрғындары да спортпен шұғылдана алатын болады.
Алайда, ауылда проблемалық мәселе де бар. Мердігер компания жол құрылысын кешіктіріп жатыр. Олар төрт көшені жөндеп, асфальт төсеуге міндетті. Осыған байланысты Д.Ахметов аудан әкіміне бұл мәселені жеке бақылауына алуын тапсырды.
[xfvalue_img]