МЕКТЕПТЕРДЕ ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ АЯҚТАЛУ МЕРЗІМІ БЕКІТІЛДІ
Мемкеп оқушылары үшін 2020-2021 оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Мұғалімдердің демалыс ұзақтығы еш өзгеріссіз қалды. Педагогтер бұрынғыдай жазда 56 күн демалады. Оқушылар ата-аналарының өтініштері бойынша 19 маусымға дейін жазғы мектептерде сабақ оқи алады.
Бүгін Білім және ғылым министрлігінің аппараттық кеңесінде 2020-2021 оқу жылында жазғы мектепті ұйымдастыру мәселелері бойынша түсініктемелер берілді. Тиісті бұйрыққа қол қойылып, педагогтерге арналған әдістемелік ұсынымдар білім беру ұйымдарына жіберілді.
«Барлық мектепте оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Сонымен бірге 19 маусымға дейін жазғы мектептер жұмыс істейді. Балалар өз қалауы бойынша, ата-аналарының өтінішімен 19 маусымға дейін сабақтарға қатыса алады. Мұғалімдердің еңбек демалысына қатысты еш өзгеріс болмайды. Педагогтер әдеттегідей жазда 56 күн демалады. Барлық жұмыс заң аясында, құқықтық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылады. Біз келесі жылы да пандемияның салдарын ескеруіміз керек. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тиісті жұмыс атқаруы қажет», – деп атап өтті ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі
[xfvalue_img]