Қатысушылардың рекордтық саны және ондаған ғылыми жаңалықтар: мерейтойлық PRO.NRG FEST 2026 қалай өтті
11 сәуірде Астанада PRO.NRG FEST 2026 бесінші отбасылық ғылыми-көпшілік фестивалі болып өтті. Биыл іс-шара қатысушылардың рекордтық санын – 10 мыңнан астам адамды – мектеп оқушыларын, педагогтерді, ата-аналарды, ғалымдарды, сондай-ақ бизнес пен коммерциялық емес сектордың өкілдерін жинады. Фестивальді ұйымдастырушылар Caravan of Knowledge корпоративтік қоры мен «Шеврон» компаниясы болды.
Мерейтойлық іс-шара екі маңызды күннің – Ғылым күні мен Космонавтика күні қарсаңында өтті. Фестивальдің негізгі тақырыбы су болды, ал Flow of Science («Ғылым ағыны») тұжырымдамасы ғылымды, технологиялар мен өнерді қазіргі заманның басты сын-тегеуріндерінің бірі – су ресурстарын сақтау төңірегінде біріктірді.
Зарина Биюмбаева, Caravan of Knowledge қорының құрылтайшысы: «PRO.NRG FEST – бұл жай ғана фестиваль емес, бұл білім қозғалысқа айналатын кеңістік. Осы жылғы тақырыптың негізінде ағын идеясы жатыр: су сияқты білім тоқтамауға тиіс – ол идеядан экспериментке, эксперименттен өмірдегі шынайы өзгерістерге өтуге тиіс. «Шеврон» компаниясымен серіктестікте біз бала – зерттеушіге, мұғалім – жаңа практикалардың иегеріне, ал ата-ана білім, ғылым, бизнес және қоғам біртұтас экожүйеге бірігетін болашаққа бірлесіп қатысушыға айналатын ортаны құрамыз. Біз үшін ғылымның сынып шегінен тыс шығып, өмірдің бір бөлігіне айналуы маңызды, өйткені елді өзгерте алатын ойлау мәдениеті дәл осылай қалыптасады».
Дерек Магнесс, «Шеврон Еуразия» президенті: «PRO.NRG FEST – бұл ғылымды сезінуге болатын, жаңа идеялар мен көзқарастар пайда болатын кеңістік. Бүгінде біз қарқынды – технологиялық, экологиялық және әлеуметтік өзгерістер әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай жағдайда әуесқойлық біз келесі ұрпақта дамыта алатын ең құнды дағдылардың біріне айналады. Ол оқыту қызықтырып, сұрақтар көтермеленетін және қателер процестің табиғи бір бөлігі ретінде қабылданатын жерде пайда болады. PRO.NRG FEST тәжірибе, өзара іс-қимыл жасау және жаңалықтар арқылы оқыту деген дәл осы философияны ұстанады. Мектеп оқушыларына зерттеуден және үйреншікті нәрселерге күмәнмен қараудан қорықпауды тілегім келеді. Ал педагогтерге, серіктестер мен фестивальдің ұйымдастырушыларына білім шынайы өмірде қолданыс табатын ортаны құрғаны үшін шынайы алғыс білдіремін. Сіздердің жұмыстарыңыз білім – бұл емтиханға дайындық қана емес, сонымен қатар, өмірге де дайындық екенін есімізге салады».
PRO.NRG FEST негізгі акценттерінің бірі өскелең ұрпақтың ғылыми ойлауы мен экологиялық мәдениетін дамыту болып қала бермек. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов атап өткендей: «Мемлекет басшысы алдымызға озық ойлы ұлт қалыптастыру міндетін қойды. Осыған байланысты, мектеп оқушыларын ғылымға тартып, олардың ізденіс дағдыларын дамыту және білім беру бастамаларын қолдау ерекше маңызға ие. Балаларда табиғатқа ұқыпты қарайтын көзқарасты қалыптастыру да білім беру жүйесі басымдықтарының бірі болып табылады. PRO.NRG FEST сияқты жобалар білімді практикамен ұштастыруға көмектесіп және мектеп оқушыларының ғылымға деген орнықты қызығушылығы мен қоршаған орта үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыра отырып, маңызды рөл атқарады».
PRO.NRG FEST 2026 бағдарламасы ғылыми квесттерді, интерактивті digital-аймақтарды қоса алғанда,
40-тан астам сөз сөйлеу мен 35 интерактивті форматты қамтыды және дәстүр бойынша әрқайсысы ғылым мен білім берудегі жеке бағытты ашқан бірнеше секцияға (ағынға) бөлінді.
Қазіргі білім берудегі педагог рөлінің негізгі аспектілеріне арналған USTAZ секциясы биыл мазмұнды бағдарламаны ұсынды. Спикерлер стартаптар құру тұрғысынан мектеп практикаларының әлеуетін зерттеп, білім алушылардың ынтасын арттыру үшін Гарвардтың бизнес-құралдарымен бөлісті.
«Дана» мектебінің академиялық директоры Алина Әлімбаева мұғалімдер арасында эмоционалды
шаршап-шалдығудың профилактикасы туралы дәріспен сөз сөйледі. Химия магистрі және білім беру курстарының авторы шаршап-шалдығуды «ішкі құрғақшылықпен» салыстырып, проблемаға қатысты авторлық пайымын ұсынды және әріптестеріне эмоционалды ресурстарды қалпына келтіру бойынша тиімді стратегияларды ұсынды.
Алина Әлімбаева: «Өкінішке қарай, шаршап-шалдығу жасарып кетті. Мұғалім мектепке жаңа ғана келіп, азғана жұмыс істейді, бірақ соның өзінде өзін шаршап-шалдыққандай сезінетін жағдайлар жиі кездеседі... Біз көп жағдайда «суға батып бара жатқан адамды құтқару – бұл суға батып бара жатқан адамның ісі» екенін ұмытып, көмекті сырттан күтеміз. Ең бастысы – тепе-теңдік орнатып, уақытынан бұрын шаршап-шалдықпас үшін нені және қалай істеу керектігін түсіну».
Art&Science ағыны дәстүр бойынша PRO.NRG FEST-те ғылым мен өнерді біріктірді. Шығармашылық кәсіптер саласындағы кәсіпқой мамандар ғылыми тұжырымдамалардың қалайша шабыт беріп, әртүрлі шығармашылық нысандарда көрініс таба алатынын зерттеді.
Эколог, экожаттықтырушы әрі экоэтнодизайнер Ботакөз Сәдібекованың сөз сөйлеуі секцияның жарқын оқиғасына айналды. Ол «Орнықты сән: ғылым, өнер және табиғат тоғысында» тақырыбын ұсынып, осы салалардың қазіргі заманғы индустрияда қалайша үйлесімді түрде өмір сүре алатынын көрсетті.
Ботакөз Сәдібекова: «Орнықты сән бүгінгі таңда – бұл жай ғана тренд емес, бұл қажеттілік. Жылдам сән индустриясының салдарынан жыл сайын шамамен 92 миллион тонна киім мен тоқыма қалдықтары полигондардан табылады. Іс жүзінде әр секунд сайын жүк көлігімен салыстыруға болатын киім көлемі қоқысқа тасталады. Егер жағдай өзгермесе, адамзат бұл қалдықтарға батып кетеді. Сондықтан әрбір затты бағалап, ресурстарымызға ұқыпты қарау керек, өйткені олардың да шегі бар».
Фестивальде «Ғылыми-көпшілік бағыт» әлеуметтік желілерде белсенді түрде ұсынылған танымал жас ғалымдар мен зерттеушілер өз жаңалықтарымен кең аудиториямен бөлісетін алаң болып табылады. Биыл бағдарламаның аясында физика, математика, химия, биология, астрономия бойынша қызықты дәрістер өтті.
№ 134 мектеп-лицейінің жоғары сыныптарға сабақ беретін математика пәнінің мұғалімі Евгений Солоницын «Суда қанша математика бар?» деген тақырыпқа интерактивті дәріс өткізді. Ол математикалық қағидаттардың экологиядағы, гидроэнергетика мен суды үнемдеудегі өзекті міндеттерді шешуге қалайша көмектесетінін көрсетті.
Евгений Солоницын: «Математикалық есеп-қисаптар технологияларды салыстырып, ең ұтымды шешімдерді таңдауға көмектеседі. Егер өмірге есеп ретінде қарайтын болсақ, онда бәрі біршама түсінікті болады: бастапқы деректер бар, сұрақ бар және шешімді табу керек. Егер адамдар осылай жиі ойланатын болса, оларға өмірлік жағдайларды еңсеру оңайырақ болады. Сол кезде әлем, бәлкім, оларға сәл оңайырақ болып көрінер».
«Су ырғақтары» ағыны PRO.NRG FEST 2026 фестивалінің орталық тақырыптарының бірі және басты жаңалығы болды. Қазақстандық және халықаралық спикерлер республикамыздағы су ресурстарының жай-күйі, ауызсудың өткір тапшылығы және оны тазартудың инновациялық әдістері туралы жан-жақты сарапшылық пікір алмасу өткізді.
Қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының өкілдері PRO.NRG FEST 2026-да балалардың шығармашылық жұмыстары арқылы су жайлы айтамыз деп шешті. Фестивальде TURAQTY JOL эко-науқанымен ақпараттық стенд және мұздықтардың еруіне арналған конкурс жеңімпаздары жұмыстарының көрмесі ұсынылды.
PRO.NRG ғылыми фестивалі халықаралық мәртебеге ие және жыл сайын шетелдік қонақтарды таңдалған тақырып бойынша спикерлер мен сарапшылар ретінде шақырады. Биыл Фин су форумы жобасының жетекшісі доктор Арво Нерман және National Geographic зерттеушісі әрі фотографы, World Press Photo Awards 2023 сыйлығының лауреаты Ануш Бабаджанян фестивальдің арнайы қонақтары болды.
Доктор Арво Нерман PRO.NRG-де сөйлеген сөзінде су ресурстарын кешенді басқарудың заманауи көзқарастары мен үздік практикаларын ұсынды, сондай-ақ ынтымақтастық перспективаларын белгілеп берді.
Ануш Бабаджанян Германия мен Арменияда тұрып, жұмыс істейді. Оның шығармашылығы әлеуметтік тақырыптарға шоғырланған және адамдардың өмірі мен тағдыры жайлы баяндайды. Ұзақ мерзімді жобаларының шеңберінде ол күнделікті өмірдің күрделі және көбінесе, аз зерделенген аспектілерін аша отырып, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдеріндегі өмірді зерттейді. Фестиваль аясында Ануш келушілермен шығармашылық кездесу өткізді, онда өзінің жұмыстары, байқаулары мен авторлық тұжырымдамалары туралы айтты.
Биыл PRO.NRG FEST көрермендерге көптеген интерактивті шоулар мен демонстрацияларды ұсынды. «Мұздату сиқыры» крио-шоуына қатысушылар балалар мен ересектерді әсерлі қойылымымен таңғалдырды, оның барысында олар заттарды мұздатуды, «түтіндейтін» попкорнды және сиқырлы бұлттарды көрсетті. Елордалық Sintez іздестіру-эксперименттік театры Всеволод Мейерхольд әдістемесі бойынша «Сыртқыдан ішкіге қарай» интерактивті шоу-перфомансымен өнер көрсетті, сондай-ақ Абай Құнанбаевтың 17-ші Қара сөзіне негізделген «Адам тіршілігінің формуласы» атты қазақ тіліндегі заманауи интерактивті қойылымды көрсетті. «Қайрат, Ақыл, Жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, Ғылымға жүгініпті...» – адам болмысының мән-мағынасын ашатын осы философиялық трактат дәл осылай басталады.
«Ғылымдағы дебют» конкурсы
«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған 8 – 11-сынып оқушылары арасында «Ғылымдағы дебют» ғылыми жобалар конкурсының финалы фестивальдің басты оқиғаларының біріне айналды.
Су тақырыбына арналған 100-ден астам мектеп жобасы мынадай төрт бағытта ұсынылды: «Су энергия мен физикалық процестердің көзі ретінде», «Су, экология және адам денсаулығы», «Су сәулет пен құрылыста» және «Су: камера арқылы көзқарас» арнайы секциясы – қысқа бейнероликтердің презентациясы.
Конкурстың жас қатысушылары гидроэнергетикалық қондырғылардың макеттерін, суды сүзгілеу жүйелерін, экологиялық модельдер мен зерттеу жұмыстарын көрсетті.
Хасен Жәкенов, PRO.NRG FEST іс-шара менеджері, Дарын Сайынов, Caravan of Knowledge қорының басшысы: «Біз балалардың жоғары дайындық деңгейі мен тақырыпты терең түсінгенін көрдік. Мектеп оқушыларының абстрактілі идеяларды емес, практикалық шешімдерді ұсынғаны маңызды».
Конкурстың қорытындысы бойынша үздік жобалар дипломдармен, сертификаттармен және бағалы жүлделермен марапатталды.
Астрономиялық байқаулар кеші
Биыл фестиваль аясында алғаш рет Astro Astana мектебінің негізін қалаушы және ғылымды дәріптеуші Артур Гайдуктың жетекшілігімен ауқымды астрономиялық байқаулар кеші өтті. Кешкі уақытта Астана ЭКСПО ПАРКІНІҢ аумағында балалар мен ересектер телескоптар арқылы алыстағы объектілерді – Юпитерді және Мицар мен Алькор қосарлы жұлдыздар жүйесін байқай алды.
Артур Гайдук: «Қазақстан үшін 12 сәуір – Космонавтика күні – маңызды күн, өйткені дәл осы біздің жерімізден адамзат ғарышқа қадам басты. Биыл фестивальдің басты кейіпкері су болды. Осы өмірлік маңызды ресурстың ғылыммен, математикамен, физикамен, экологиямен, дизайнмен және тіпті астрономиямен қалайша қиылысатынын көру қызықты. Ғарыштық зерттеулер тұщы судың жаңа жерасты көздерін іздеуге жол ашады, ал су Жерде ғана емес, сонымен қатар, өзге жай-күйлерінде болса да басқа планеталар мен экзопланеталарда кездеседі».
Мерейтойлық PRO.NRG FEST 2026 еліміздің жетекші білім беру платформасы деген мәртебесін тағы бір рет растады. Бесінші фестиваль аралық қорытынды шығарудың маңызды кезеңі ғана емес, сонымен қатар, одан әрі даму үшін бастапқы нүктеге айналды. PRO.NRG орнықты болашақты құру үшін ғылымды, білім мен қоғамды біріктіре отырып, алға қарай қозғалысын жалғастыруда.
Іс-шараның инстаграмына сілтеме: https://www.instagram.com/pro.nrg.fest
Іс-шараның сайтына сілтеме: https://pronrg.kz
Жарияланымдар үшін фотобанкке сілтемелер : PRO NRG FOR PRESS
Анықтама үшін:
«Chevron» – әлемдегі жетекші интеграцияланған энергетикалық компаниялардың бірі. Біз сенімді, қолжетімді және таза энергияның прогресс үшін қажет екеніне сенеміз. «Chevron» мұнай мен табиғи газ өндірумен, мұнай өнімдері, мұнай-химия өнімдері мен қоспалар шығарумен айналысады және бизнес пен мұнай-газ саласын дамытуға арналған технологияларды әзірлейді. Біз мұнай-газ бизнесін дамытумен қатар, қызметіміздің көміртек қарқындылығын төмендетуге және төмен көміртекті бағыттарды, соның ішінде жаңартылатын отын өндірісін, көміртекті ұстау технологияларын, офсеттерді, сондай-ақ сутегі мен басқа да инновациялық технологияларды дамытуға ұмтыламыз. «Chevron» туралы толығырақ ақпаратты www.chevron.com сайтынан таба аласыз.
«Caravan of Knowledge» корпоративтік қоры – Қазақстанда STEAM-білімін танытатын, мұғалімдердің біліктілігін арттыратын және оқушыларды оқытатын білім беру ұйымы.
[xfvalue_img]
