Кәсіподақтар федерациясының төрағасы БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелеріне сертификаттар табыстады
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің су басқан аймақтарға жұмыс сапары Батыс Қазақстан облысында жалғасты.
29 мамырда Оралда ҚРКФ төрағасы кәсіподақ мүшелерімен – су тасқыны кезеңінде апаттың қауіпті деңгейге жеткен аудандардың тұрғындарымен кездесті.
Сатыбалды Дәулеталин жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, табиғи апат әкелген шығын мен залалдың ауқымы зор екенін айтты. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы бүкіл ел үшін күрделі кезеңде мемлекет пен қоғам көрсеткен әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті. Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік серіктестер тарапынан қабылданып жатқан шараларға тоқтала келе, қазіргі таңда Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен қазақстандықтарға көмек көрсету бойынша ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын еске салды.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында су тасқыны жағдайы тұрақталып, 8,5 мыңнан астам адам үйлеріне оралды. Облыста су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары жалғасуда. 8 882 адам жалпы сомасы 3,3 млрд. теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек алды. Қазақстан бойынша барлығы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлемдерді 11 млрд теңгеден астам сомаға 30 770 отбасы алды. Бүгінгі таңда 432 отбасыға қираған тұрғын үйдің орнына жаңа үйлер мен пәтерлер берілді, 1862 жаңа үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 394-і Батыс Қазақстан облысында салынуда.
Еліміздің барлық салалары мен өңірлерінен Кәсіподақтар федерациясы мен оның филиалдары төтенше жағдай кезінде мемлекетпен біртұтас майдан болып, зардап шеккендерге көмек көрсетуге бірден кірісті.
"Су тасқыны залалын жою – барлық күштер мен ресурстарды біріктіруді талап ететін ортақ міндет. Елімізде табиғи апат болған алғашқы күннен бастап кәсіподақтар мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, апаттың салдарымен күресу жұмыстарын атқарды. Кәсіподақтар қаражат жинауды, гуманитарлық көмекті ұйымдастырып, уақытша баспанамен қамтамасыз етуге көмектесті», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Кәсіподақтар зардап шеккендерге көмек ретінде 225 миллион теңге материалдық көмек пен 14 миллион теңгеге жуық тауарлық көмек көрсетті.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ шипажайларынан мұқтаж жандарға 269 орын бөлу туралы шешім қабылдады. ҚРКФ шипажайларына 179 адам орналастырылды, оларға ем қабылдауға, психологиялық және қажетті құқықтық көмек алуға мүмкіндік берілді.
Өз кезегінде БҚО Кәсіподақ орталығының төрағасы Айгүл Есекенова хабарлағандай, ТЖ кезінде Батыс Қазақстан облысының "Ақжайық" шипажайында су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізуге келген 100 әскери қызметші орналастырылды.
Оның айтуынша, аймақтық кәсіподақ жетекшілері мен кәсіподақ белсенділері облыстық қоғамдық штаб пен еріктілер қозғалысының жұмысына белсене атсалысты. Кәсіподақ ұйымдарынан БҚО халқын қолдауға шамамен 14 млн. теңге гуманитарлық және 5 млн. теңгеден астам материалдық көмек түсті.
Кездесуде ҚРФБ басшысы кәсіподақтың 45 мүшесіне тұрмыстық техниканы сатып алуға 100 мың теңге номиналды сертификаттар табыстады. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ТКШ, сондай-ақ энергетика және машина жасау салаларының қызметкерлері бар.
Су тасқыны салдарын жою барысында құтқарушылар мен еріктілердің жанқиярлық үлесі Кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты» медалімен ерекше аталып өтілді. БҚО ТЖД авариялық-құтқару жасағының басшысы Асқар Қылышев, облыстық көпсалалы аурухананың жансақтау және анестезиология бөлімшесінің медбикесі Рита Уалитденова, Теректі ауданы Аңқаты орта мектебінің экономикалық бөлімінің меңгерушісі Сабыржан Аралбаев, Бәйтерек ауданының жеке кәсіпкері Олег Тюрин, Бәйтерек ауданы Январцево ауылдық округі әкімі аппаратының жүргізушісі, ерікті Самат Жантулин, Теректі ауданы «Сенім» Отбасы орталығының» төрағасы Анар Қайрекенова, Орал спорт кешенінің әдіскері Жанбоз Байдәулет, Орал қаласындағы кітапхана меңгерушісі Ганди Шамкелова, Теректі аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Қанат Ермұханов, сонымен қатар М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің №3 жатақхана коменданты Әлфия Ғұмарова ҚРКФ марапатына ие болды.
Жиынға қатысушылар Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинге қиын кезеңде қолдау көрсетіп, қызметтерін лайықты бағалағаны үшін алғыстарын білдірді.
Батыс Қазақстан облысы қоғамдық штабының басшысы Ербол Салықов ҚРКФ Төрағасы мен бүкіл кәсіподақ қоғамдастығына алғысын білдіріп, жан-жақты қолдау көрсете отырып, кәсіподақтар өздерінің күш-қуаты мен бірлігін көрсетіп, қиын кезеңдерде бірлесе әрекет ету маңызды екенін растады.
«Төтенше жағдай басталғалы біздің отандастарымыз, кәсіподақтар, кәсіпкерлер және басқа да құрылымдар көмек қолын созды. Осы уақыт ішінде өңірге 2000 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді», - деді ол.
Жиын соңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин су басқан елді мекендердегі өмірдің тез арада қалпына келтіріліп, адамдардың бұрынғы өміріне оралатынына сенімді екенін жеткізді. Ол өз тарапынан Кәсіподақтар федерациясы алдағы уақытта да қарапайым еңбекшілердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра беретінін мәлімдеді.
«Бүгінгі мақсатымыз – жұмысшыларға лайықты еңбек жағдайын жасау. ҚРКФ Бас кеңесі 2024 жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялады. Бүгінгі таңда лайықты еңбек жағдайлары – бұл лайықты жалақы, қауіпсіз еңбек және тұрақты жұмыспен қамту. Кәсіподақтар федерациясы лайықты жағдайлар мен еңбекақыны қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шараларға бастамашы болды, ең төменгі жалақыны реттеудің және халықтың табысын арттырудың жаңа тетіктерін ұсынды. Елімізде Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен ең төменгі жалақы деңгейі көтеріліп, ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесі және 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданды. Мемлекеттің бұл қадамдары еңбекшілердің әл-ауқатын арттыруға бағытталған кәсіподақ бастамаларына қолдау көрсетудің бір көрінісі болды», - деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы
[xfvalue_img]