Олжас Бектенов әкімдерге қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын тездету жөнінде тапсырма берді
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстарының барысы жөніндегі тапсырмаларын орындауға қатысты кеңес өткізді. Жетекшілік ететін бағыттар бойынша зардап шеккен өңірлердің әкімдері мен министрлердің баяндамасы тыңдалды.
Еліміз су тасқынының қауіпті кезеңінен өтті. Қазіргі сәтте Атырау облысында Жайық өзеніндегі судың қауіпті деңгейінің сақталуына байланысты су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр. Осыған байланысты, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру жалғасып жатқан өңірдегі ахуал туралы баяндады. Жағалауларды нығайту бөгеттерінің бойында (ұзындығы 520 км-ден астам) тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Бұл ретте, Атырау облысының су тасқыны жағдайы тұрақты аудандарында зардаптарды жою жөніндегі комиссиялар белсенді жұмыс істеуде. Мәселен, Жылыой ауданында 3 730 өтініш беруші тұрғынға жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленді. Комиссия 2 727 өтінішті қабылдап, 2 671 үйге техникалық тексеру және 2 624 үйге бағалау жүргізген. 70 тұрғын үйдің құрылысы басталып, 15 тұрғын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына төлем алды. Бағалаушы мамандар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Жалпы, Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен өңірлерінде 60 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралды. Эвакуациялық пункттердегі тұрғындарға жергілікті атқарушы органдар қажетті көмек көрсетуде.
26 651 отбасы 10 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды.
Жергілікті әкімдіктер зардап шеккен тұрғындарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп келеді. 239 отбасы қираған баспаналарының орнына пәтерлер мен үйлерге ие болды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға арналған 794 жаңа үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 891 отбасы тұрғын үйін жөндеуге және қалпына келтіру үшін өтемақы алды. Жалпы зардап шеккен өңірлерде 11 137 тұрғын үй тексеріліп, 7 863 нысанға бағалау жұмысы жасалды.
Айта кету керек, суға кеткен малдың өтемі үшін мемлекеттік көмек көлемі 1,3 млрд теңгеден асты.
Үкімет басшысы жұмыс қарқынына баса назар аударды.
- «Бағалау, залалды өтеу, қалпына келтіру және құрылыс жүргізу үшін ауқымды жұмыс күтіп тұр. Біз қазіргі кезеңде жұмыс қарқынын көріп отырмыз, бірақ келтірілген залалды бағалау сатысында кешігу бар. Төтенше жағдайда барлық процестерді жеделдету керек. Бағалаушы мамандарды шығынды есептеу аяқталған өңірлерден Атырау және басқа да облыстарға жедел бағыттау қажет», — деп атап көрсеткен Олжас Бектенов барынша қысқа мерзімде бағалауды сапалы жүргізуді тапсырды.
Жергілікті әкімдіктерге келген мамандарға көмек көрсетуді жүктеді.
https://primeminister.kz/news/olzhas-bektenov-akimderge-kalpyna-keltiru-zhumystarynyn-karkynyn-tezdetu-zhoninde-tapsyrma-berdi-28404
[xfvalue_img]