Еңбекші әйелдердің I форумы: Кәсіподақтар федерациясы еңбек әлеміндегі мүмкіндіктер теңдігі мен әділеттілікті жақтайды
12 сәуірде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Халықаралық еңбек ұйымымен бірге ұйымдастырған «Еңбек саласындағы әйелдер: жаңа шешімдер уақыты» тақырыбында Қазақстанның еңбекші әйелдерінің I форумы өтті.
Ауқымды шара мемлекеттің гендерлік саясатын жетілдіру, әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайту, олардың өзін шыңдау және отбасылық құндылықтарды сақтау, еңбекші әйелдерге жұмыс орнында лайықты жағдай жасау жөнінде тиімді шешімдерді талқылауға арналған алаңға айналды.
Форумда түрлі деңгейдегі кәсіподақ жетекшілері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Халықаралық еңбек ұйымының және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының сарапшылары, Еңбекші әйелдер мәселелері жөніндегі ҚРКФ комиссиясының мүшелері, ұлттық әріптес кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, әлеуметтік әріптестер және 23 саладан 55 түрлі мамандық өкілі, барлығы 60-тан астам делегат жиналды.
Іс-шараға қатысушыларды қошеметпен қарсы алған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында, ұлттық дәстүр мен рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтауда, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қазақстандық әйелдердің айрықша рөлін атап өтті.
Сонымен қатар, ол әйелдер мен ерлердің еңбек саласындағы тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мәселелеріне елімізде, сондай-ақ бүкіл әлемде баса назар аударатынын тілге тиек етті.
"Бүгінде елімізде жұмыссыздықты азайтуға, ерлер мен әйелдерді жұмыспен қамтуға, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласында гендерлік теңдікке қол жеткізуге бағытталған халықты өнімді жұмыспен қамту үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді көздейтін шаралар қабылдануда. Біздің еліміз әйелдерді қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларына тартуда айтарлықтай нәтижеге жетті", - деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы форумның пленарлық отырысында.
Бүгінде кәсіподақтар гендерлік саясатты іске асырудың және әйелдерді қоғамдық өмірге толыққанды тартудың пәрменді тетіктерін әзірлеуді жақтайды.
"Әйелдердің жұмыспен қамтылуы, олардың еңбегіне әділ жалақы төленуі мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық саясатының басты назарында болуы тиіс. Жұмыс істейтін, отбасылық міндеттері бар әйелдерге арналған әлеуметтік кепілдіктерді күшейту, тұрмыста және жұмыс орнында әйелдерді кемсітудің кез келген түріне жол бермеу талап етіледі. Сондықтан Форумның мақсаты –құрылымдық жаңғыру жағдайында Қазақстан әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеріп, гендерлік теңдік орнатуға ықпал ету. Осы тұста кәсіподақтардың рөлі өте маңызды. ҚРКФ мүшелік ұйымдарында 1,6 млн адам бар. Олардың 54%-ы – әйелдер. Бастауыш төрағалары, кәсіподақ мүшелері және әртүрлі комиссияларға қатысушылар (кәсіподақтардың ең белсенді бөлігі) арасында да нәзік жандылар басым. Мұндай статистика тұрғысынан алып қарағанда әйелдер құқығын қорғауға бағытталған кәсіподақ жұмысы заңды", - деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
2 мыңнан астам әйелден сұхбат алған Кәсіподақтар федерациясының социологиялық зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда еңбекші әйелдердің құқықтарын бұзу фактілері қалыпты деңгейден асқан жоқ.
Сонымен қатар, өзекті мәселелер туралы айта отырып, ҚРКФ төрағасы бейресми сектор қызметкерлері үшін әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды. Олардың көпшілігі – әйелдер.
Бүгінгі таңда жүкті әйелдер мен үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді жұмыстан шығару, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзуы; әйелдерді және бала тәрбиелеп отырған басқа да адамдарды жазбаша келісімінсіз үстеме жұмыстарға, демалыс және мереке күндері, түнгі уақытта жұмысқа тарту; жұмысқа қабылдау, еңбек шарттарын бұзу, іссапарларға жібергенде жүкті әйелдер мен отбасылық міндеттері бар адамдарға кепілдіктер беру тәртібін бұзу мәселелері кәсіподақтардың алаңдаушылығын тудырып отыр.
Сонымен қатар, Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, әйелдер мен ерлер еңбекақысындағы айырмашылықты жою керек.
"ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы ер адамдар әйелдерге қарағанда 22%-ға көбірек табыс тапқан.Жалақы теңсіздігінің нәтижесінде әйел жәрдемақыға, сондай-ақ күйеуінің жалақысына тәуелді болады. Бұл ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірдегі ұстанымдарының теңсіздігіне әкеледі. ХЕҰ зерттеулеріне сәйкес, жалақы айырмашылығының негізгі себептері экономика салалары мен секторларындағы кәсіптік сегрегация және гендерлік бөліну болып табылады.Ерлер басым болатын, жоғары ақы төленетін салаларда еңбекші әйелдер әлі де аз", - деді ҚРКФ басшысы.
Маңызды мәселелердің қатарында жұмыс істейтін әйелдердің еңбегін қорғау тақырыбы қозғалды.
"2023 жылы 249 жұмысшы зардап шекті, оның ішінде 9 әйел қайтыс болды. (1474 адам зардап шегіп, өндірісте 251 қызметкер қаза тапты). 673 мың әйел зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Оның 88 мыңы санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмейтін жағдайда жұмыс істейді. 23 мыңы шуы мен дірілі басым жерде, 17 мыңы шаң мен газға көміліп жұмыс істейді", - деп хабарлады ҚРКФ төрағасы.
Еліміздің кәсіподақ қозғалысының басты міндеттерінің бірі – жұмыс орнындағы кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтан қорғауды қамтамасыз ету.
"Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымымен, халықаралық кәсіподақтар Конфедерациясымен, БҰҰ өңірлік өкілдігімен бірлесіп "еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы" ХЕҰ №190 конвенциясын ілгерілету мәселелері бойынша жұмыс жүргізуде. №190 Конвенция жұмыспен қамту мен еңбекке, сондай-ақ жұмысшылардың қауіпсіздігі мен денсаулығына кері ықпалын тигізетін факторлар қатарында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін қарастырады. Біз бәріміз –үкімет, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер – өзара құрмет пен қадір-қасиетке негізделген еңбек мәдениетін қалыптастыруда өз рөлімізді атқаруымыз керек", - деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы үкіметке осы Конвенцияны ратификациялау бойынша жұмыс бастауды, лайықты еңбектің ұлттық бағдарламасын әзірлеуге кірісуді, сондай-ақ 2025 жылын гендерлік теңдік жылы деп жариялауды ұсынды.
"Лайықты еңбек, лайықты жалақы және әлеуметтік кепілдіктер – артықшылық емес, әрбір қазақстандықтың құқығы. Бұл құқықтарға ие болу жеткіліксіз. Оларды пайдалану және батыл түрде қорғау керек. Бүкіл азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерімен ғана біз жұмысшылардың құқығын қорғай аламыз, әйелдердің әлеуметтік мәртебесін көтеріп, нақты теңдікке қол жеткізе аламыз. Біз бірге кемсітушілік нормаларға қарсы шығып, әйелдерге өз әдеуетін іске асырып, құқықтарын қорғау жолында қолдау көрсетуіміз керек", - деп түйіндеді ҚРКФ басшысы.
Пленарлық отырыста, Халықаралық Еңбек ұйымының еңбекшілер жұмысы жөніндегі бюросының директоры Мария Хелена Андре, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің бас хатшысы Эстер Линч, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, "Парыз" ұлттық жұмыс берушілер Конфедерациясы Бас директорының орынбасары Шолпан Әбікенова сөз сөйледі.
Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының доценті Рамазан Салықжанов "Қазақстан Республикасындағы әйелдердің еңбек құқықтары" атты әлеуметтік зерттеу нәтижесін ұсынды.
Форум делегаты – Ақсу ферроқорытпа зауытының балқыту цехының кран машинисі Зарина Әбікенова кәсіпорында жұмыс істейтін әйелдердің құқықтарын қорғау бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісті, ұжымдық шартта әйелдерге арналған қосымша әлеуметтік кепілдіктерді бекіту туралы, сондай-ақ денсаулық, бос уақытты ұйымдастыру, ағарту және психологиялық жайлылық саласындағы әйелдерді қолдау жөніндегі іс-шаралар, бағдарламалар мен жобалар туралы әңгімеледі.
Форум әйелдер үшін лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету және әйелдердің тұрақты дамуда әйелдер әлеуетін арттыру мәселелеріне арналған тақырыптық жиындармен жалғасты. Қатысушылар әйелдердің қызмет бабында өсуіне кедергі келтіретін факторларды талқылады. Әйелдердің басқару ісіндегі, жетекші қызметтегі белсенділігін қолдау және ынталандыру тетіктерін ұсынды.
Сонымен қатар, әйелдердің кәсіби тұрғыда шыңдалуы және даму жолдары қаралды. Әр түрлі кәсіби сала өкілдері арасында көшбасшылық дағдыларды дамытуға және біліктілікті арттыруға бағытталған білім беру бағдарламаларының қолжетімді болуына қатысты идеялар ұсынылды.
Сонымен қатар, кәсіби қызмет пен отбасылық өмірді үйлестіру мәселелері қозғалды. Неғұрлым икемді жұмыс кестелерін құру, қосымша қолдау шараларын ұсыну және т. б. мәселелер қамтылды.
Шара соңында Қазақстан еңбекші әйелдерінің I форумының резолюциясы қабылданды. Құжатта форумға қатысушылар елдегі еңбекші әйелдердің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғауды діттейтін маңызды ұсыныстары қамтылған.
"Кәсіподақтар мен жұмыс берушілер әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу, әйелдер лайықты жалақы алу, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуі, әлеуметтік жәрдемақы мен кепілдіктер мөлшерін көбейту мақсатында күш-жігерін біріктіру керек. Осы мақсатта келісімдер мен ұжымдық шарттарда әйелдерге арналған қосымша құқықтар, жеңілдіктер мен кепілдіктерден тұратын арнайы бөлімдер мен ережелер қарастырылуы тиіс. Әлеуметтік әріптестік тараптары "Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы" ХЕҰ №190 Конвенциясын ратификациясын бірлесе ілгерілетуі тиіс. БҰҰ-ның әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі қағидаттарын жан-жақты дамыту керек", - делінген резолюцияда.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламентіне мүмкіндігі шектеулі әйелдерді Қазақстан Республикасындағы Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласына жаңа позицияларды әзірлеу және енгізу арқылы жұмысқа орналастыру жөнінде шаралар қабылдау ұсынылды.
Жұмыс берушілердің мүмкіндігі шектеулі әйелдерге арнайы жұмыс орындарын құруды көздейтін квоталар мен субсидиялар мөлшерін ұлғайту, сондай-ақ көп балалы отбасыларға, жалғызбасты ата-аналарға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар адамдарға арналған жәрдемақы мөлшерін көбейту туралы ұсыныс қамтылды.
Мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейту, балалар мен аналарға медициналық қызмет көрсету мен сауықтыруға мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемін арттыру шараларын қабылдаудың маңыздылығы аталды.
"Форумға қатысушылар ұсынылған шаралар елдегі әйелдердің өмірін жақсарту жөніндегі жұмысты жандандыруға, гендерлік, әлеуметтік саясат бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруға, әйелдердің институционалдық құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген сенімде. Шараға қатысушылар 2025 жылды гендерлік теңдік жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл кезең еңбек саласындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудің бастамасы болуы тиіс", - деп есептейді делегаттар.
Жалпы, форум әлеуметтік-еңбек саласында мүмкіндіктер теңдігін және әділдікті қамтамасыз ету мақсатына жетудегі маңызды қадам болды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы
[xfvalue_img]
9 пікір