Мәулен Әшімбаев: «Қабылданған заң адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіреді»
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған мәселелерді қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл құжат мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік саяси қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуге және сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ заңда мемлекеттік органдарға келісімшарттық қызметшілерді жұмылдыруға және ротациялау тетігін жетілдіруге қатысты ережелер де бар.
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.
Аталған құжаттағы нормалар цифрлық ақпаратты көрсете отырып, жария кадастрлық карта бойынша «Электронды Үкіметтің» веб-порталы арқылы жерге тиісті құқықтарды беруді көздейді. Одан бөлек, қалалық елдімекендердегі жер учаскесі мен жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкестендіру құжаттарын бір «жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортына» біріктіруді ұсынады. Сенаторлар талқылау нәтижесінде заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды. Сенат депутаттары жаңа нормаларды концептуалды тұрғыда қолдай отырып, заң жобасына бірқатар түзету енгізді. Нәтижесінде заң Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен қабылданды.
Құжатқа енгізілген түзетулер Мемлекет басшысының Жолдауларынан туындайтын тапсырмаларды іске асыруға, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерінің нормаларын жетілдіруге арналған. Сенат енгізген 45 түзетудің қатарында азаптағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуге, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласына және тағы басқа мәселелерге қатысты нормалар бар. Сондай-ақ төтенше және толық қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеу шарттары қайта қаралды.
«Президентіміз адам құқықтары және заң үстемдігі бойынша қабылдануы қажет шараларды айқындап берді. Бүгін қабылданған заң адамның қылмыстық сот төрелігі, жазаны атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтарын күшейтуге арналған. Оның ішінде ауыр сырқатқа шалдыққандардың, кішкентай баласы бар аналардың, алғаш рет сотталғандардың құқықтырын қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. Алдағы уақытта заң адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Амангелді Нұғманов еліміздің батыс өңіріндегі автомобиль жолдарының сапасын сынға алды. Сенатор проблемаларды шешуге бағытталған шаралар кешенін ұсынды. Оның ішінде қосымша қаржыландыру және жауапты тұлғаларды Үкімет деңгейінде бекіту арқылы іске асыру сияқты нақты бастамалар бар.
Ғауез Нұрмұхамбетов қостанайлық жылқы тұқымы азайып бара жатқанын айтты. Мәселенің алдын алмаса бұл тұқымның толық жойылу қаупі де бар екенін жеткізді. Соған байланысты депутат селекциялық жұмысты заңнамалық қолдау, қостанайлық жылқы тұқымын сақтау және көбейту жобасын әзірлеу жұмыстарына назар аударып, өз ұсыныстарын жасады.
Алишер Сатвалдиев алғашқы әскери дайындық сыныптарын материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі төмен екенін айтты. Бұл ретте сенатор мектептердегі әскери даярлықты робототехника мен IT-технологияларға бағдарлау қажет екенін де атап өтті.
Нұртөре Жүсіп ілеспе аударма мамандарының тапшылығы мәселесін көтеріп, кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша бірқатар шара ұсынды.
Сергей Ершов құтқарушылардың жалақысын көтерудің және зейнеткерлік жасын қысқартудың маңызына тоқталды. Депутат құтқарушылар төтенше жағдайларда жұмыс істесе де олардың жалақысы 105 208 теңге және зейнеткерлікке шығу жасы 63 болуы дұрыс емес деп есептейді.
Бибігүл Жексенбай көктемгі су тасқынына дайындық мәселелеріне назар аударды. Сенатор жақында мемлекеттік органдармен және өңірлердің әкімдіктерімен кездесу барысында Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті анықтаған мәселелерді айтты.
Ақмарал Әлназарова азаматтарымыз бен мемлекетіміздің заңды мүдделерін қорғау үшін жұмыс істеп жүрген Сот сараптамалары орталығының қызметкерлері үшін лайықты еңбек жағдайларын жасаудың маңызы зор екенін тілге тиек етті.
Андрей Лукин кедендік бақылау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеп соқтыратын бұзушылықтарды атап өтті. Сенатордың пікірінше, мәселені шекарадағы бақылауды күшейту және инспекциялық-тексеру кешендерін жаңғырту арқылы шешуге болады.
http://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/7926
[xfvalue_img]
2 пікір