«Жеке басқа қатысты қылмыстар үшін қарастырылған қылмыстық жауаптылық»
Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» — деп айқын көрсеткен.
Жеке адамға қарсы қылмыстар туралы нормалар жеке адамның игіліктерін, атап айтқанда, өмірін, денсаулығын, жеке адамның ар-намысын, еркіндігін және т.б. қорғауды өзіне мақсат тұтады.
Қылмыстық кодекстің маңызды міндеттерінің бірі ретінде адамның құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық қол-сұғушылықтан қорғау танылған.
Жеке адамға қарсы құқық бұзушылықтар – қылмыстық заңмен қарастырылған қоғам үшін қауіпті әрекеттер. Осы тектес қылмыстардың орын алуы нәтижесінде адамның бостандығы мен заңды құқықтарына, денсаулығына, өміріне айтарлықтай қауіп төндіретін залал келтіріледі.
Жеке адамға қарсы қылмыстар Қылмыстық кодекстің 99 бабынан басталып Ерекше бөліктің 131-бабымен аяқталады. Барлық тікелей объектіні ескере отырып, барлық жеке адамға қарыс қылмыстық құқық бұзушылықтар келесі топтарға жіктеледі. Олар: адамның өміріне қол сұғушылықпен байланысты қылмыстар (ҚК-нің 99-105 баптар); адамның денсаулығына қол сұғушылықпен байланысты қылмыстар (ҚК-нің 106-114 баптар); адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қылмыстар (ҚК-нің 115-119 баптар); адамның жыныстық дербестігі мен жыныстық қол сұғылушылыққа қарсы қылмыстар (ҚК-нің 120-124 баптар); адамның ар-намысы мен бостандығына қарсы қылмыстар (ҚК-нің 125-131 баптар).
Адам өміріне қарсы қылмыстардың ішінде кісі өлтіру ерекше ауыр қылмыс деп есептеледі. Адам өлтірудің ауырлық дәрежесі мән-жайларға тәуелді болады. Қоғамға қауіптілік дәрежесіне қарай белгіленеді: сегіз жылға бас бостандығынан айырудан бастап өлім жазасына дейін. 2012 жылдың желтоқсанында БҰҰ-ң Бас Ассамблеясы өлім жазасына жалпы әлемдік мараторий жариялауды талап етті. Дауыс берудің қорытындысы бойынша өлім жазасын ресми түрде тоқтата тұрумен алдағы уақытта мүлдем қолданыстан алып тастау туралы резолюция қабылданды. Қазақстанда өлім жазасы соңғы рет 2003 жылдың 12 мамырында қолданылды. Ол кезде 12 сотталған жазаланған болатын.
Жеке адамға қарсы қылмыстардың барлығын біріктіретін белгі ретінде жеке тұлғаға физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылықты тануға болады. Барлық қылмыстық құқық бұзушылық орын алған жағдайда қылмыстық әрекеттің механизмі адамның өмірі мен денсаулығына деген агрессиялық қарым-қатынаста көрініс табады. Адам өлтіру күш көрсету арқылы қауіп төндірудің аса ауыр санатына жатады. Бүгінгі күні көптеген зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстар төмен тұрмыстық хал-ақуалмен байланысты. Жеке адамға қарсы қылмыстар кек қайтару, ұрыс-керіс, орын алған басқа қылмыстың іздерін жасыру негізінде жасалады. Сондай-ақ жеке адамға қатысты аса қатыгездікпен жасалған қылмыстардың да саны аз емес. Бұл көріністің барлығынан дерлік отбасы-тұрмыстық ұрыс-керістен басталып, экономикалық, саяси және өзге де мәселелерді шешу жолында жасалған қылмыстарда зорлық-зомбылықтың басты әмбебап құралы екенін байқауға болады.
Криминалдық агрессия әрекетке қабілетті, есі түзу адамда да, психикалық ауытқуы бар адамдарда да кездеседі. Осы орайда жасалған қылмыстар құрамына қарай саналы түрде жоспарланған, әрі өзінің жеке басымен байланысты мәселелерге қатысты болып бөлінеді. Тұрмыстық даулардан салдарынан жасалатын қылмыстар көбіне нашақорлық, алкоголизммен тікелей байланысты. Тұрмыстық өмір шеңберінде орын алатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың азынан көбі дерлік қылмыстық әрекетке барушының алкогольді мас күйінде болуымен ұштасады. Осындай қылмыстық әрекетке бой алудың өзі халықтың тұрмыстық деңгейінің төмендігінде, әрі қоғамда моральдық қасиеттің болмауында десек қателеспейміз.
Кінәлі жауаптылық қағидатымен тікелей байланыста — жеке кінәлі жауаптылық қағидаты. Бұл қағидатқа сәйкес адам өзiнiң жеке iстеген немесе қылмыстық құқық бұзушылыққа басқалармен бiрлесiп қатысуы арқылы iстеген қылмыстық құқық бұзушылығы үшiн де өз іс әрекетінің қауіптілігіне қарай жазаға тартылады. Жеке жауаптылық қағидатына байланысты қылмыстық жауаптылықтың субъектiсi болып, есi дұрыс, қылмыстық заңда белгіленген жасқа толған жеке тұлға танылады. Заңды тұлғалар қылмыс субъектiсi болып саналмайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де заңды күшіне енген сот үкiмi болмай қылмыс жасауда кiнәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартыла алмайды деген ережелерін негізге ала отырып, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығына, сотталушының қызметтегi және қоғамдағы дәрежесіне қарамастан, әрбiр қылмыстық істі заңға сәйкес бұлжытпай шешуі қажет екендігіне назар аудару керек.
Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 52-бабында көрсетілген жаза тағайындаудың жалпы қағидаларын бұлжытпай сақтағандары, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын, қылмыстың қайталануын және оның түрлерiн, қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезеңін, сотталушының қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезіндегі қатысу дәрежесін, қылмыстық құқық бұзушылықтың мақсатына жету үшiн оның әрекеттерінің маңызын және келтiрiлген немесе келтiрiлуi мүмкiн зиянның сипаты мен мөлшеріне ықпалын, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығының болуын, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлардың болуын, сол қылмыстық құқық бұзушылық үшiн көзделген жазаға қарағанда неғұрлым жеңiл жаза тағайындау негiздерiн ескеруге жатады.
Қылмыстық жазаның мақсаты әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.
Қылмыстық жауаптылық — бұл қылмыс жасаған адамның тек мемлекет алдында жауапты болуы ғана емес, сонымен катар, қылмыстык-құқықтық шараны қолдану нәтижесінен болған кінәлінің қиналуы, оның кейіп, өкінуінен тұратын және мемлекет алдында қылмысы үшін тәуелді түрде айыпты болуы.
Қылмыстық жауаптылықтың негіздері мәселесінің үлкен теориялық және тәжірибелік мәні бар. Өйткені бұл құқық қорғау қызметіндегі заңдылықтың сақталуымен, қоғамдық қатынастардың реттелуімен, адамның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуымен, сот әділдігінің жүзеге асуымен тығыз байланысты.
Адамның қоғамға қауіпті іс-әрекеті заңмен карастырылған мән-жайларға байланысты қауіпті деп танылып, қылмыс кұрамының белгілері анықталса, сотпен кінәлі деп табылып қылмыстық құқықтық шара қолданылады. Бiр жасаған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн ешкiмді де қылмыстық жауаптылыққа қайтадан тартуға болмайды. Қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берiлмейдi.
Қылмыстық жауаптылықтан босату — қылмыстық заңға және қылмыстық процесс заңына сәйкес қылмыс жасаған адамға мемлекет органының қылмыстық-құқықтық шараларды қолданудан бас тартуы болып табылады. Қылмыстық жауаптылықтан босату институтында сонымен қатар әділеттілік, ізгілік, жеке кінәлі жауаптылық, азаматтардың заң алдындағы теңдігі қағидаттары міндетті түрде бірге жүзеге асырылып отырады.
Шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату негізі — кінәлінің қылмыс жасағаннан кейінгі қоғамға тигізген зардабының қауіптілігі аз мөлшерде болуы. Қылмыстық теріс қылық жасаған не алғаш рет қылмыс жасаған адам, кінәлі адамның жеке басы, айыбын мойындап келуі, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, тергеп-тексеруге ықпал еткені, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрген зиянды қалпына келтіруі ескеріле отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында арнайы көзделген жағдайларды қоспағанда, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс, жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам, егер iс сотта қаралған уақытта жағдайдың өзгеруi салдарынан ол жасаған іс-әрекет қоғамға қауiптi болудан қалды деп танылса, соттың қылмыстық жауаптылықтан босатуына жатады.
Қылмыстық әрекеттердің алдын-алуға бағытталған шаралардың іске асырылуы, заң жүзіндегі жауапкершілік пен құқықтық тәртіптерді дәріптеу, азаматтарды құқықты құрметтеу рухында тәрбиелеу барлық мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдарының жұмыла күш жұмсауымен байланысты.
Заңға және құқыққа құрметпен қарау әрбір адамның жеке наным-сенімі болып қалуы керек.
Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы
[xfvalue_img]