Петропавлда полиция офицерлеріне арналған республикалық оқу-әдістемелік жиындары басталды
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясында полиция басқармалары мен бөлімдері бастықтарының кадр саясаты жөніндегі орынбасарлары үшін республикалық оқу-әдістемелік жиындар басталды. Оған еліміздің түрлі облыстарынан 100-ден астам полиция қызметкері қатысуда. Оқыту барлық өңірлерден келген қызметкерлерді қамти отырып, екі кезеңде өтеді.
Аталмыш курстарды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-лейтенанты Марат Қожаев ашты. Ол жиындардың қатысушылары мен ұйымдастырушыларына ішкі істер органдарында кадрлық және тәрбие жұмысын ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуде табыс пен сәттілік тіледі. Аталған іс-шара Мемлекет басшысының азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалу деңгейін арттыру, полицияның сервистік моделін енгізу, сондай-ақ халықтың полицияға деген сенімін, кадрларды даярлау сапасын арттыру туралы тапсырмасын орындау шеңберінде өткізіліп жатқаны атап өтілді. Бұған дейін ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов Ұлттық ұлан академиясында қалалық және аудандық полиция бөліністері бастықтарының кадр саясаты жөніндегі орынбасарлары үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізуді тапсырған болатын. Оқу-әдістемелік жиындардың негізгі мақсаты – қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру.
Теориялық және практикалық сабақтар бір апта бойы өтеді. Осы күндері қатысушылар казармалық жағдайда академияның тұрғын үй-жайларында тұрады. Сабақтар шеңберінде полиция офицерлері саптық дайындықтарын жетілдіреді, дәрістер курсын тыңдайды және орталық аппарат бөлімшелерінің басшыларынан, Министрліктің оқу орындарының оқытушыларынан құралған ең тәжірибелі дәріскер-практиктердің ең өзекті тақырыптар бойынша семинарларына қатысады.
Жиын ашылған күні Марат Қожаев Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің басшылығымен және жеке құрамымен кездесті. Министрдің бірінші орынбасары ведомствоның жедел-қызметтік жұмысының нәтижелерімен танысып, кемшіліктерді атап өтті және оң өзгерістерге тоқтала кетті. Марат Қожаев солтүстікқазақстандық полицейлерді заңдылық пен тәртіпті қатаң сақтау, тергеудің жеделдігін қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу мен оған қарсы күресті күшейту қажеттілігіне назар аудара отырып, биылғы жылға қойылған міндеттер туралы қызметкерлерді егжей-тегжейлі хабардар етті.
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
21 пікір