Таразда 3 жігіт бірнеше ай бойы тауарлардың ақысын жалған түбіртектермен төлеп, дүкен сатушыларын алдап келген.
Бұл туралы полиция бөліміне 66 жастағы әйел шағымданды. Жәбірленушінің айтуынша, алаяқтық әрекеттері 5 айға жуық уақытқа созылған. Дүкен иесі ревизия жасағаннан кейін алданғанын білді. Жетіспеушілікті байқаған кәсіпкер барлық сатып алушылардың түбіртектерін тексере бастады.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190- бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Тараз қаласының Полиция басқармасы 1-ші полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 18 және 17 жастағы үш жігітті ұстады. Ұсталғандар кінәларын толық мойындады.
Күдіктілер жалған түбіртектер жасау үшін қосымшаны қолданғаны анықталды. Материалдық шығын көлемі 1 500 000 теңгені құрайды. Осыған ұқсас жағдайды Шу ауданының тәртіп сақшылары да тіркеген. Онда 26 жастағы ер адам миллион теңгеден астам шығын келтіре отырып, жалған түбіртектермен сауда жасаған.
Жамбыл облысының Полиция департаменті кәсіпкерлерге қырағы болуды және тауарлар үшін қолма-қол ақшасыз төлемді тек банк терминалдары арқылы қабылдауды ескертеді.
[xfvalue_img]