Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы

Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы

 

Жаза тағайындау — жасалған қылмыста айыпты деп танылған адамға айыптау үкімін шығарарда қылмыстық ықпал жасаудың нақты шарасын соттың таңдауы.  Жаза тағайындау қылмыстық заңды қолдану барысындағы ең жауапты және маңызды саты болып табылады. Өйткені, жаза тағайындау, оны жүзеге асыру сотталған адамды түзеуге, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге, қылмыстың алдын алуға ықпал етеді. Жазаның осы мақсаттарына қол жеткізу көбіне қылмыстық жазаны әділ әрі негізді тағайындау арқылы мүмкін болады.

Қылмыстық жаза - мемлекеттік мәжбүрлеудің неғұрлым маңызды шарасы болып табылады. Қылмыстық жазаның ерекше белгісі- оның тек қана сот органдарымен тағайындала алу мүмкіндігі.Ол ережеге сай ешқандай өзге мемлекеттік немесе қоғамдық ұйым қылмыстық жазаны тағайындай алмайды.

Қылмыстық құқық жаза тағайындағанда кінәлінің жеке-дара жауапкершілік принципін негізгі басшылыққа алады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де сот үкімінсіз қылмыс жасауда кінәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартыла алмайды деген қағидаларын басшылыққа ала отырып, соттар қылмыстың түрі мен ауырлығына, айыптының қызметтегі және коғамдағы орнына қарамастан, әрбір қылмыстық істі заңға сәйкес бұлжытпай шешуі қажет екендігіне жете назар аударуға тиіс. Заңның бұзылуын ештеңе де ақтай алмайды. Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттар ҚК-тің 52-бабында көрсетілген жаза тағайындаудың жалпы кағидаларын бұлжытпай сақтауы қажет. Сотталушының нақты қылмыс істеудегі кінәсі анықталған жағдайда сот оған жазаны, істеген қылмысы үшін жауаптылық қаралған заңның тиісті баптарында көрсетілген шектен шықпай тағайындайды. Мұндай ретте, сөз жоқ, істелген қылмыстың ерекшелігі және кінәлінің жеке тұлғасы жан-жақты еске алынады. Тек қана осы мәселелерді есепке алған жаза ғана әділ әрі заңға сай деп танылады. Қылмыс жасаған адамға белгілі бір жазаны жеке дара тағайындау «Жаза тағайынаудың жалпы негіздері» деп аталатын    арнайы    ережелерге сәйкес жүргізіледі. Қылмыстық кодекстің 52-бабында жаза тағайындаудың жалпы негіздері көрсетілген.
Жаза тағайындаудың жалпы негіздері дегеніміз — әрбір нақты іс бойынша жаза тағайындау кезінде сот басшылыққа алуы тиіс заңмен бекітілген белгілер. Қылмыстық заңда жаза тағайындаудың жалпы негіздері ретінде жазаның әділеттілігі, мақсатқа лайықтылығы, тиімділігі айтылады. Қылмыстық кодекстің 52-бабы 1-бөлігінде «Қылмыс жасауға айыпты деп танылған адамға ҚК-нің Ерекше бөлімінің тиісті бабында белгіленген шекте және ҚК-нің Жалпы бөлімінің ережелері ескеріле отырып, әділ жаза тағайындалады» делінген. Жаза егер ол жасалған қылмыстың ауырлығына, қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесіне, кінәлінің жеке тұлғасына және қылмысты жасау жағдайларына сәйкес тағайындалатын болса әділетті деп танылады. Мұнда «сәйкес» термині бір ғана  ұқсастық емес, тепе-теңдік деген мағынада қолданылады, яғни жаза қылмысқа сыртқы формальды жағынан емес, әлеуметтік жағынан және арифметикалық жағынан емес, заңдық жағынан тең болуы керек дегенді білдіреді. Сонымен бірге, жаза және негізді болуы керек. Егер оны барлығы, сотталғаннан бастап қоғамның барлық мүшелері заңды, негізді және көз жетерлік жаза ретінде қабылдаса ғана ол әділетті деп танылады. Тағайындалатын жазаның заңға сәйкестік талаптары ерекше маңызды. Жасалған қылмыстың қауіптілігін бағалай отырып, сот ең алдымен, аталған қылмыстың түріне ҚК-нің Ерекше бөліміндегі заң шығарушының берген бағасын ескеруі керек. Сондықтан, әділетті жаза тағайындаудың міндетті алғышарты ретінде қылмыстың нақты заңдық саралануы саналады. Қылмысты саралаудағы қате әділетсіз жаза тағайындауға әкеп соғады. Жазаның мақсатқа лайықтылығы дегеніміз - соттың тағайындаған мәжбүрлеу шарасының сотталған адамға оң ықпал етуге сәйкес келу талабын білдіреді. Соттың таңдаған жазасы оның жалпы мақсаттарына қол    жеткізудің жеткілікті құралы болуы керек. Осыған байланысты ҚК-нің 52-бабы 2-бөлігінде «Қылмыс жасаған адамға   оның түзелуі және жаңа қылмыстардың алдын алу үшін  қажетті және жеткілікті жаза тағайындалуы тиіс» деп көрсетілген. Қылмыстық заң сотты жаза тағайындау кезінде жаза мақсаттарының біреуіне қол жеткізу болып саналатын - жазаның сотталған адамның түзелуіне әсер ететіндігін көре білуді және жасалған қылмыс пен қылмыскерді сипаттайтын барлық мән-жайларды ескере отырып, жазаның мүмкіндігінше ең қатаң емес түрін дұрыс тағайындай білуді, оның мөлшерін анықтауды міндеттейді.

Қылмыстық жазаны белгілеп, оны қолдану үшін негіз қылмыс болады. Қылмыстық жазаланатындығы қылмыстың міндетті белгілі болып табылады. Егер қылмыс болмаса, әрине, жаза да орын алмайды. Алайда жазаланатындығы тек қылмыстық заң санкцияларында белгіленген жазалау және оны жүзеге асыру қаупін білдіреді. Қылмыстық жаза тек қана қылмыстың құқықтық салдары болып табылады, бірақ кез келген қылмыс жазалауға алып келмейді. Өзге де құқықтық салдар басталуы мүмкін. Қылмыстық жаза шартты түрде де белгіленуі мүмкін, жазаны өтеу кейінге қалдырылу мүмкін. Қылмыс жасауға кінәлі болып табылған тұлға айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтіп кеткендігіне байланысты қылмыстық жазаны өтеуден босатылуы мүмкін. Сонымен қатар, қылмыстық заң тек қана қылмыстық жазадан ғана емес, қылмыстық жауаптылықтан босату негізін де қарастырған. Қылмыстық жаза тек қана қылмыс жасағанына кінәлі болып табылған тұлғаға, яғни қасақана немесе абайсызда қылмыстық заңмен көзделген іс-әрекет жасаған тұлғаға қатысты ғана қолданыла алады. ҚР ҚК-не кінәсіз тұлғаға жаза белгілеуге қатаң тыйым салынады.

Жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар айыпкердің жеке басына және ол жасаған қылмысқа қатысты әртүрлі факторлар, олар жасалған қылмыс пен оны жасаған қылмыскердің қоғамға қауіптілігін тиісінше азайтады немесе арттырады, нәтижесінде жауаптылық деңгейі де өзгереді, ол факторлар жаза белгілеуге де ықпалын тигізеді.
Жеңілдедетін және ауырлататын мән-жайлардың болуы тек жаза тағайындау процесінде ғана емес, айыпкерді қылмыстық жауаптылыққа тарту-тартпау немесе жауапкершіліктен мүлде босату жөніндегі мәселені қарастырғанда да ескерілуі тиіс.

Ақмола гарнизоны әскери сотының судьясы А.Батырханов

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

7 пікір

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив