Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғам дерті

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғам дерті

 

Біздің заманауи дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі.

Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған.

Сотқа келіп түсетін азаматтық істердің басым көпшілігі отбасы-тұрмыстық қатынас саласындағы неке бұзу істері екендігі осыған дейін де жиі айтылып келеді. Арызданушылардың көбісі отбасында жәбір көріп, әбден шаршағандықтан, сот табалдырығын аттауға мәжбүр.

Олардың сотта айтатындары:

-Күйеуім тапқан ақшасына жиі ішімдік ішеді, ішсе үйде маза бермейді. Қол көтереді. Отбасын, балаларын материалдық жағынан қамтамасыз етпейді. Қазір үйден кетуге мәжбүр болдым. Себебі, балаларымның алды есейіп қалды, үйде айқай-шу шыққанда әкесінен қорқады. Одан алимент те талап етпеймін, тек бізге тыныштық берсе екен дейді.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы №214-IV Заңына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз - отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға (басқаларға) қатысты дене зардабын және (немесе) психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті (іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі).

Ия, тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамымыздың дертіне айналып келеді десек артық айтқандық болмас.

Зорлық-зомбылық өз алдын тек жәбірленушілердің құқықтарын аяқ асты етіп қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі болуда. Себебі, бұл жағдайлардың барлығы осы ұрпақтың көз алдында, ол тәрбие алып жатырған отбасынан бастау алатыны мәлім.

Сотқа келіп түскен істердің статистикасына назар аударсақ, 2020 жылдың өзінде ғана неке бұзуға қатысты 12 азаматтық іс қаралып аяқталған. Оның ішінде 9 азаматтық іс бойынша некені бұзу туралы шешім шығарылып, тек 3 іс бойынша ғана тараптарды медиация рәсімін қолдану арқылы өндірістен тоқтатылды. Яғни 12 отбасының тек 3-ін ғана сақтап қалу мүмкін болды. Қуантарлық көрсеткіш емес.

Аталған азаматтық істердің ішінде 5 іс бойынша талапкерлер (әйелдер) өздеріне үнемі жауапкердің физикалық күш көрсетіп, ұрып-соғатындығын көрсеткен.

Күйеуінен зорлық-зомбылық көрген әйелдер көбіне жұрттан, туыстарынан, достарынан ұялып, ол жайтты жасырып қалып жатады. Одан бөлек, шағым түсіруге күйеуі қысымды одан әрі күшейтеді деп қорқады. Көп мәселелер отбасының айналасында қала береді.

Ал сотқа келіп түскен әкімшілік істерге тоқтайтын болсақ, отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер, яғни Қазақстан Республикасының  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1,2-бөліктері бойынша  үстіміздегі жылдың өзінде 21 іс қаралған, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 8 іске артып отыр.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-2-бабының 1,2-бөліктері бойынша, яғни ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру құқық бұзушылықтары бойынша осы жылы 18 қаралған екен.

Отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға қатысты 2020 жылдың 5 айында қаралған 39 тұлғаға қатысты істің ішінде 26 тұлғаға қатысты іс, жәбірленушімен әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаның медиация тәртібімен татуласуына байланысты тоқтатылған, 13 тұлғаға қатысты қамаққа алу, айыппұл түріндегі әкімшілік жазалар қолданылды.

Бұл жерден сотқа келіп түскен әкімшілік істердің 70% жуығы құқық бұзушымен жәбірленушінің татуласуымен аяқталып жататынын көреміз.

Жағдайдың осылай болғанымен, бұл проблема әлі де өзектілігін жоғалтып отырған жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық сол күйінде маңызды әлеуметтік проблема болып қалып отыр. Көптеген құқық бұзушылар жазасыз қалуда, ал зорлық-зомбылық фактілері айтылмаған күйінде тіркелмей қалады. Отбасындағы зорлық-зомбылық көбіне әйел адамдарға қатысты жасалады. Қаншама әйел жанды азаматтар үйлерінде тұрмыс қиыншылығын бастан өткеріп қана қоймай, балалары үшін, отбасы үшін, шағым келтірмей зорлық-зомбылық көріп жәбір көруде. Құқық бұзушыларды қанша сот алдынан өткізіп, жазалап жатқанымызбен, жағдай түбегейлі түзелер емес. Оған дәлел, жақында ғана облысымыздың бір ауданында орын алған тұрмыстық зорлық-зомбылық нәтижесінде құқық бұзушының қолынан қаза болғандар куә. Бұл бір ғана дерек. Осындай деректер облыс, республика көлемінде қаншама.

Сол себепті бүгін отбасындағы зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алудың мүлдем жаңа жолдарын іздестіру маңызды. Осындай әрекеттердің алдын алуда әлеуметтік-құқықтық шараларға басымдық беру керек.     

Соған байланысты, Батыс Қазақстан облыстық сотының бастамасымен облыс орталығында, сондай-ақ аудан орталықтарында ведомствоаралық комиссиялар құрылып жұмыс жасауда.

Комиссия мүшелері аудандық сот, прокуратура, полиция бөлімі, білім бөлімі, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор, медиатор, психолог, Әйелдер істері отбасылық демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссия төрайымы, аудан әкімі орынбасары, «Ажар» әйелдер қоғамы бірлестігі төрайымы, аналар кеңесі төрайымынан құралды. 

Бұл комиссияның басты міндеті қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жиі болып тұратын осал отбасыларды анықтап, солармен тікелей жұмыс жасау, яғни қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құбылыстарын азайту.

Бұл жұмыстың сәтті жүруіне азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының біріккен күшінің нығаюы септігін тигізеді.

Сондықтан, аудан тұрғындарын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы құрылған ведомствоаралық комиссия мүшелерімен байланыс орнатып,  отбасында зорлық-зомбылық проблемалары шешілмеген отбасыларға практикалық тұрғыда бірге көмектесуге шақырамын.

 

Жаңақала аудандық сотының төрағасы

С.Р.Есжанов

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив