Мемлекеттік тіл – менің тілім
Тіл әрбір ұлттың ұлт, елдің ел болып қалыптастырушы және жасаушы факторы. Ешқашан ұмытылмайтын ерен ерліктің айғағы, ертеңгі күнімізді айқындаушы, яғни кешегіміз, бүгініміз, ертеңіміз. Адамды жануарлардан ерекшелейтін және адам ететін ең бірінші Отанына, халқына және тіліне деген өшпес махаббаты. Әр халықтың өзінің ана тілі бар.
Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл – қай ұлтта, қай елде болмасын қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен дарып, қалыптасады. Тіл арқылы салт-дәстүрімізді, дінімізді, ділімізді, қолөнерімізді де сақтап, келесі ұрпаққа бере аламыз.
Тәуелсіздік алғалы бері қоғамдық қызу талқылаудың тақырыбына арналған басты мәселенің бірі – тіл мәртебесі. Тілі мен дінін ұмытқан ұлттың да болашағы бұлыңғыр екені анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жолдауында қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту турасына ерекше тоқталды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек»,- деген.
Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі.
Мемлекеттік тілді құрметтеу – Қазақстан азаматтарының міндеті болып саналады. Мемлекеттік тілді менсінбеушілік, сыйламаушылық және оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін басқа да іс-әрекет жасаған азаматтар мен ұйымдар мемлекеттік мекемелер заң бойынша жауапқа тартылады.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп қазақ атамыз тегін айтпаған. Тіл – ұлттық дініміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие. Адамды биікке көтеретін ана тілі мен ата дәстүрі. Ана сүтімен бойымызға дарыған өз тіліміз біз үшін қашан да жоғары орында тұрмақ. Қанша тіл үйреніп, ой-санамызды кеңге өрістетсек те, өз тілімізді ұмыту мүмкін емес. Келешек жас буынға да осы үш тілділікті үлгі етіп қалдырайық. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін есте сақтағанымыз абзал.
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық
соты әкімшісінің бас маманы – сот отырысының хатшысы
Мажитова Нургул Кабировна
[xfvalue_img]
