Психолингвистика және тілдің кейбір жағымсыз сөздері
Ұлы Абай: «Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,/Оған кімнің ұнасар таласуы» - деп айтып кеткен екен. Ана тіліміздің бай да терең ойлы сөз қоры бар екені даусыз болса да, балғын шағымнан көңілімде жүрген ойды ортаға салуды орынды деп топшылаймын. Ең бірінші күдік түсірген, үйлесімсіз көрінген сөз «кемпірқосақ» болатын. Табиғаттың тамаша да ғаламат сиқырлы құбылыстарының бірі «кемпірқосақ» деп неге аталған екеніне көзім жетпей, бала сезімімді түсініксіз өкініш билейтін. Кемпір – бетін әжім басқан, күш-қуаты кеткен әже. Қартайған әже мен бояуы құлпырған әсем көріністі тең қабылдау әрине қиын. «Кемпір» сөзі «қосақ» сөзімен қосылғанда – екі кемпірді елестете, табиғаттың әсем құбылысына не қатысы бар екені түсініксіз болатын. Әлі де түсініксіз. Соған налыған көңілім, ғалымдарға, білімдар фиологтарға, зиялы қауымға, көнекөз ақсақалдарға сұрағым: Осы айтылған қайшылыққа жауап бар ма? Бар болса, олар жарасымды ма, «сөзі тәтті, мағынасы түзу» болып тұрма? Әрине жоқ. Сондықтан өтінерім, жаңбыр жауып өткен соң тамашалайтын, күннің нұрынан туатын түрлі – түсті реңге боялған «көзімізге қанық, бояуы анық» сұлу көріністі қалай атауымыз керек? Құлаққа жағымды баламасы барма екен? Бар болса, ол сөзді кең қолданысқа тарту керек. Дұрыс шешім - балалардың әсемдікке құштарлығын арттырары анық.
Сонымен, аспанда еркін қалықтаған, құстардың аса сұлу бітімдісі, «казақтың киелі құсы» -Аққу. «Ақ» дегенге «бас ие» даусыз қосыламыз, ал «қу» дегенді қалай қабылдаймыз? Сұлулық пен адалдықтың үлгісі ретінде қабылданатын құсымыздың неге «қу» болғаны да түсініксіз. Осы киелі құстың да «тілге оралымды, құлаққа жағымды» балама атауы бар ма екен? Ел арасы балама атауы болмауы мүмкін емес.
Сөз қорымызда осы «кемпірқосақ» сөзіне ұқсас, мағынасы «биік те терең» болса да, құлаққа жағымсыздау естілетін бірнеше сөзді мысалға алайық. Қандастарымыз бүйірден кінәрәт қоймасын деген ойменен, оларды жіті талдап көрейік. Олар: «бақыт» ( араб сөзі-бәхт. Бақ, дәулет, ырыс, несібе, өмірдегі қуаныш, шат, уайым-қайғысыз тұрмыс.БекмұхаметовЕ.Б. Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері. Алматы, «Қазақстан», 1977. 45 бет); «махаббат» (араб сөзі,- мәхәббәт. Сүйіспеншілік, құштарлық сезімі. Аталған кітап, 115 бет); «қамыр» -араб сөзі- хәмир. Иленген шикі нан. Аталған кітап,97 бет); «әдептен озбайын» дегендей, орыстың «мышь» сөзінің қазақшасы мен т.б. Басында аталған сөз нұсқаларымен қоса кірме сөздердің құлаққа жағымды балама төл сөздеріміз бар ма екен?
Егерде талқыға алынған сөздердің балама атаулары болмаса, олардың атауларын жаңадан ойдан шығару керек. Тіл тірі организм, зәулім ағаштай мәуелеп өседі, жапрақ жаяды, гүл шәшіп құлпырады. Бұл тіл дамуының заңдылығы. Осы тақырыпты барша халық белсенді талқылап, жан-жақтан жағымды ұсыныстар жасалса, ана тілімізге деген игілікті істер атқарар едік деген ойдамын. Ана тіліміздің маңызын арттырып, көркемдеуге атсалысайық, ағайын!
Нақыпбек Садуақасов, заңгер-құқықтанушы, публицист
[xfvalue_img]
